36 күннен бері «қызыл аймақта» тұрған Алматы қаласында сәуір айының алғашқы екі аптасында ауырғандар саны тұтас наурыз айындағы жиынтық есеппен теңесуге жақын (наурыз айы – 9631, 1-14 сәуір – 9034 науқас). Қалада сәрсенбі күні 657 сырқат анықталды. Оның 547-сінде симптомдық белгілері бар, 110-ы симптомсыз.
Қоғамдық денсаулық сақтау басқармасының мәліметінше, өткен тәулікте 416 адам ауруханаға жатқызылған және 339 адам үйіне жіберілген. Наурыз айының ортасында бас санитар дәрігер Жандарбек Бекшин бір күнде ауруханаға жатқызылғандар саны 500-ден асса, қалада локдаун күшейтіліп, блок-бекет қойылатынын ескерткен.
Жалпы қалада 6201 адам амбулаторлық деңгейде емделуде және сыйымдылығы 6060 орын болатын инфекциялық стационарларда 3712 адам жатыр. Олардың арасында жағдайы жеңіл әрі орта деңгейде 112 бала бар. Бұдан өзге аурухандағы ересектердің 767-сі ауыр және 2945-і орта хәлде. Ал реанимация және қарқынды терапия бөлімдеріндегі 272 орынның 235-інде науқастар жатыр. 32 адам ӨЖЖ, 84 науқас инвазивті емес ӨЖЖ-ымен және 84 сырқат High flow аппаратымен тыныстап жатыр.
Ресми дерекке қарағанда, жалпыхалықтық вакцинациялау науқаны басталғалы, яғни 1 ақпаннан бері мегаполисте 87 мыңға тарта адам екпе алған.
Былтыр бірінші толқында – «маусым-шілде қырғынында» 6372, қазан айында жүрген екінші толқында 3607 және биыл көктемгі үшінші толқында әзірге 18 665 жағдай тіркелді. Сонымен қоса, кейінгі екі жарым айда қалада 108 мыңнан аса адам екпе алған. Әкімдік мәліметінше, әзірге 203 егу пункті мен 406 егу бригадасы жұмыс істейді.
Алматыда бір жылда коронавирус пен пневмония сырқаттарының қатары 49 мыңнан асқан. Мұның 38%-ы, яғни 18,5 мың адам осы көктемде тіркелген. Өкінішке қарай, осы аралықта 220 алматылық көз жұмған.
БАӘ, Мысыр, Мальдив, Испания, Түркия, Грузия, Беларусь, Шри-Ланка, Сауд Арабиясы, ҚХР, Оңтүстік Корея, Германия, Украина, Ресей Федерациясы, Әзірбайжан, Тәжікстан, Өзбекстан және Қырғызстан тәрізді елдерден Алматы қаласына 1 наурыздан бері жүздеген халықаралық әуе рейсі келді. Көктем туғалы Алатау баурайына 687 рейспен 100 мыңдай жолаушы ұшып келген: 95 мың адам ПТР қорытындысымен, 4590 адам тест анықтамасынсыз. Осының салдарынан жұғу және өлімге соқтыру қатері жоғары британдық және оңтүстікафрикалық штамдар тіркеліп, өзге өңірлерге таралған.
Елде қаңтар айының екінші және ақпан айының алғашқы жартысында науқастар қатары күрт көбейген. Ақпан айының екінші жартысында біршама кеміген еді, десе де наурызда қайта артты. Қазір тәулігіне 2 мың сырқат және 20 шақты өлім жағдайы тіркеліп жатыр. Қаланың бас санитар дәрігері Жандарбек Бекшин бес аптада 10 қаулы шығарды. Себебі қабылданған ереже мен қатаңдатылған локдаун шарасы күткендей нәтиже бермеді. Мұны 5 сәуір күнгі брифингте Бекшин демалыс күндері қоғамдық көлікті тоқтату және сауда қатарларының жұмысын шектеу сияқты шешім «тиімсіз болғанын», яғни бұдан індет ахуалы жақсармағанын мойындады. Ол бір айдан аса уақыт «қызыл аймақта» тұрған қалада тіркеліп жатқан науқастар вирусты «көбіне жаяу жүргіншілердің жолдары мен саябақта» жұқтырғанын айтқан.
Былтыр 13 наурыздан бері COVID-19 инфекциясын жұқтырғандар қатары 278 мыңға, 1 тамыздан былайғы коронавирус пневмониясы 51 мыңға жеткен. ДДСҰ дерекқоры мен Ұлттық статистикада Қазақстанда ауырғандар саны 330 мыңнан асқан. Дегенмен Үкімет коронавирус пен оның пневмониясын екі бөлек есептейді. Сондай-ақ пандемия кезінде жалпы вирус жұққандардың 5,6 мыңы (КВИ+ / U07.1 – 3306, КВИ- / U07.2 – 741, ілеспе аурулардан – 1619) қайтыс болған. Алайда Қазақстан билігі бойынан коронавирус табылса да, басқа аурулардың себебінен қайтыс болды делінгендерді жалпы статистикаға енгізбейді.