30 жыл ішінде 11-ші рет референдум жасаған Қырғызстан президенттік республикаға айналды. Екі ай дайындықпен өткен саяси шара жергілікті кеңестерге сайлаумен бір мезгілде болғандықтан, халықтың басым бөлігі Конституцияға енгізілген түзетулерді түсінбеген. Бұрынғы науқандармен салыстырғанда, бұл жолы сайлаушылардың белсенділігі төмен болды.
11 сәуірде өткен референдумге бір миллион 336 мың 743 сайлаушы қатысқан. Бұл дауыс беру құқығына ие азаматтардың жалпы санының 37,8%-ы. Ал олардың 79,24%-ы конституцияға түзетулер енгізуді қолдаған.
Референдум кезінде 93 мыңдай жарамсыз бюллетень тіркелді. Бір бөлігін әдейі бүлдірген, қалғаны бос, толтырылмаған. Сонымен, президенттік республикаға айналған Қырғызстанда Садыр Жапаров билігіндегі негізгі мақсат – Конституцияға өзгерістер енгіззу болатын. Яғни Ата заңға енгізілген түзетулерге сәйкес елдегі бар билік президенттің қолында шоғырланады. Мемлекет басшысы сыртқы саясатты белгілеп, Жоғары және Конституциялық соттың судьяларын тағайындап, үкіметті басқарады. Министрлер кабинетінің жұмысын президент әкімшілігі үйлестіреді, ал премьер-министр қызметі алынып тасталады.
Парламент депутаттарының саны жүз жиырмадан тоқсанға дейін қысқаратын болды. Жогорку Кенешпен қатар Халық құрылтайы да жұмыс істейді. Бірақ тұрақты негізде емес. Құрылтай мүшелері сессияға жиналып тұрады. Делегаттар міндетін атқара алмаған шенеуніктерді қыметінен босату туралы президентке ұсыныс жасай алады.
Жаңа конституция толықтай енгізілгеннен кейін «Халық құрылтайы» атты президент бақылауындағы жаңа құрылым жұмысын бастайды. Сарапшылар аталған құрылтай парламентке балама болып, президентке парламент билігін шектеуге жол береді санайды. Бірақ Жапаров «билік толығымен президентке өтеді» деген тұжырымдарды жоққа шығарды. Сонымен қатар, жаңа заң парламенттегі депутат санын 120-дан 90-ға дейін азайтып, президентке судьялар мен құқық қорғау құрылымдарының басшысын тағайындауға мүмкіндік береді.
Сонымен қатар, заң жобасында формалды түрде цензураға тыйым салынған. Бірақ онда пікір үшін қудалаудың қылмыс екені жазылмаған. Ал мұндай норма қазіргі заңда бар. Есесіне ұсынылған құжатта сөз еркіндігін шектейтін тармақтар бар. Мысалы заң жобасында «Өскелең ұрпақты қорғау үшін моральдық және адами құндылықтарға, Қырғыз Республикасы халқының қоғамдық санасына қайшы іс-шаралар заңмен шектелуі мүмкін» деп жазылған.
Қырғызстанда Ата заңды барлық президенттер өзгерткен. Жаңадан сайланған Садыр Жапаров та бұл дәстүрден айныған жоқ. Президенттің құзыретін едәуір арттыратын заңды ұсынғаннан кейін Freedom House халықаралық ұйымы конституцияның кезекті рет қайта жазылуы Қырғызстанның еркін емес елдер қатарына кіруінің бірден-бір себебі деген. Human Rights Watch ұйымы мен бірқатар заңгер қазіргі парламент сайлауының мерзімі өтіп кеткенін, сол себепті оның Конституцияға өзгеріс енгізу туралы бастама көтере алмайтынын айтты. Ал жергілікті сарапшылар Садыр Жапаровтың президенттік басқару формасына өту бастамасы елді Орталық Азияның өзге елдеріндегі секілді авторитарлық режимге әкелуі мүмкін деп алаңдаушылық білдірген.