Жыл басында, 25 қаңтар күнгі үкімет отырысында қазақстандық QazCovid-in вакцинасы сынақтан сәтті өтсе, «отандық вакцинаны салдыратынын» мәлімдеген президент Тоқаевтың сәуірдің 6-сы ресейлік шикізат негізінде Қарағандыда өндірілетін Спутник V екпесін алғаны хабарланды. Денсаулық сақтау министрлігінің мамандары президентке тек бір вакцинаны егу қажеттігін айтады.
Вакцина тапшылығынан Үкімет жоспарын орындай алмай жатқанда Тоқаевтың тосын әрекеті қоғамды қалың күмәнға батырды. Жалпыхалықтық вакцинация науқаны жолға қойылмай тұрып, екпе қоймасы там-тұмдап тұрған сәтті уәделі қазақстандық вакцинадан айнып, ресейлік екпеге иек артуын жұрттың бір бөлігі Мәскеу ықпалымен байланыстырды.
Осыдан кейін Ақорда хатшысы Берік Уәли «президент келесі жолы коронавирусқа қарсы отандық екпені салдыруға ниетті» екенін жеткізген.
Жұма күні Денсаулық сақтау министрлігі өткізген брифингте редакция тілшісі ғылым мамандарынан бір адамның екі вакцина алуы жайлы пікірін сұрап көрді. Барлық спикердің пікірі ортақ – бір екпенің жарамдылығы кемінде жарты я бірер жылға дейін әсер етеді.
Министрлікке қарасты Қоғамдық денсаулық сақтау ұлттық орталығы филиалының ресми өкілі Манар Смағұл:
«Нұсқау бойынша бастаған вакцинаны соңына дейін алу қажет. Себебі екі вакцина екі түрлі технологиямен әзірленген. Эпидемиологиялық ахуалды ескере отырып қолжетімді екпені алған жөн», – деді.
Оның пікірінше, бүгінгі нұсқау бойынша, «қай вакцинамен бастаса, сонымен аяқтауы қажет». Сондықтан «президент Тоқаев Қарағандыда өндірілген екпені алғандықтан, екінші компонентін де Спутник V вакцинасынан ектіргені жөн» деді ол нақтылап.
– Екі вакцинаның технологиясы елеулі айырмашылықпен дайындалады. Қазақстандық QazCovid-In инактивті өлтірілген вирустан жасалады. Қарағандыда шығарылатын ресейлік екпе векторлық түрге жатады. Бұл жерде күмәндану қажет емес, – деді медицина ғылымдарының докторы, профессор, министрліктің халықты иммундау жөніндегі ұлттық консультативтік комиссиясының мүшесі Жаннат Сатыбалдиева.
Пандемияға жауапты бірден-бір ведомство ДенМиннің штаттан тыс инфекционист-дәрігері Бақыт Көшерова да «шын мәнінде,тек бір вакцинаны алу керек» деп санайды. Маманның айтуынша, екпенің барлығы бір мақсатқа, вирустың S ақуызына қарсы иммундық қорғанышты арттыруға, ағзада антидене қалыптастыруға арналған. «Бірнеше вакцинаны алудың қажеті жоқ. Бүгін зерттеу жүріп жатыр. Антидене бөлінісі мен айналымы кемінде жарты жыл бойда сақталады. Әлі ғылыми зерделеу жұмысы жалғасады. Екпе бір емес, бірнеше жылға қорғауы мүмкін». Мұның барлығына көз жеткізіп, нақты қорытындыға келуге біршама уақыт керетігін айтады.
«Десе де бір анығы – адам тек бір ғана вакцина алуы тиіс», – деді жұқпалы аурулар дәрігері Көшерова.
Берік Уәли 8 сәуірдегі жазбасында «қазақстандық вакцина өндірісі іске қосылғаннан кейін мемлекет басшысы Жамбыл облысына барып, кәсіпорынның жұмысымен арнайы танысуды жоспарлап отыр. Президент келесі жолы коронавирусқа қарсы отандық екпені салдыруға ниетті» деген. Тоқаев мамыр айында зауыт құрылысын көруге баратынын айтқан. Бірақ «келесі жолы» қай кез екені белгісіз. Зауыттың жоспарымен танысу кезінде немесе жыл соңына қарай ашылу рәсімінде салдырары анық емес. Атауы QazVac ретінде өзгерген вакцина қазір сынақтың үшінші кезеңінде.
Жамбыл облысының Қордай ауданындағы Гвардейский ауылында Биологиялық қауіпсіздік проблемаларын ғылыми-зерттеу институтының базасында отандық иммундық препараттар өндіретін зауыт құрылысы жүріп жатыр. Құны 7 млрд теңге болатын зауыт зауыт бастапқыда биыл наурызда ашылады делінген. Кейіннен облыс әкімі Бердібек Сапарбаев онда тамыз-қыркүйек айларында вакцина құйылып, өндіру процесі жүретінін айтқан. Дегенмен соңғы мәрте денсаулық сақтау министрі Алексей Цой зауыт жол соңына дейін іске қосылатынын хабарлаған. Вакцина межесі мен зауыт құрылысы туралы мың құбылған Үкіметтің жұмысы қатты сынға ілікті.
Шикізаты Ресейден жеткізілетін «Спутник V» екпесі Қарағанды фармацевтика кешенінде өндіріледі. Бұл компанияға иелік етушілердің бірі Қазақстанды 30 жылдай билеген Назарбаевтардың құдасы, белгілі олигарх Қайрат Боранбаев. 15 млрд теңге қаржы қарастырылған өндіріс орны өзін «биотехнологиялық препараттар өндірісіне мамандандырылған ҚР-дағы алғашқы және әзірге жалғыз фармацевтикалық зауыт» деп есептейді.