Қазақстан президенті Қасым-Жомарт Тоқаев коронавирусқа қарсы вакцина салғызды. Бірақ әу баста уәде етілгендей отандық екпе емес.
Бұл жөнінде оның баспасөз хатшысы Берік Уәли Facebook желісіндегі ресми парақшасында жазды.
«Бүгін мемлекет басшысы Қарағанды фармацевтика зауыты шығарған «Спутник-V» вакцинасын салдырды. Президенттің вакцина салдырғаннан кейінгі хал-жағдайы жақсы. Ешқандай жанама әсерлер жоқ», – деп мәлімдеді.
Баспасөз хатшысының сөзінше, президент коронавирустың жеңудің, қалыпты өмірге оралудың жалғыз жолы «вакцина салдырып, ұжымдық иммунитет қалыптастыру» екеніне сенімді көрінеді. Вакцинациядан кейін Тоқаев «барша халықты мейлінше тезірек» екпе алуға шақырды.
Ақорда хатшысы «Бұған дейін Президент Үкіметке және жергілікті атқарушы органдарға шетелден вакцина жеткізуді қамтамасыз етуді және отандық вакцина өндіруді жолға қоюды, сондай-ақ, екпе салу үдерісін ұйымдастыруды тапсырған еді» дегенімен, – қазіргі таңда елде еріктілер түгілі әлеуметтік негізгі топтарға жеткілікті вакцина тапшы.
Қазақстанда жалпыхаытық вакцинация 1 ақпанда басталған еді. Екі ай дегенде халықтың 1%-дан сәл аса бөлігі, яғни 194 706 адам ресейлік екпенің алғашқы дозасын салдырған. Әзірге медицина қызметкерлері, мұғалімдер мен күштік құрылым өкілдеріне басымдық беріліп жатыр.
Тоқаев жыл басында, 25 қаңтар күнгі үкіметтің кеңейтілген отырысында қазақстандық QazCovid-in вакцинасы сынақтан сәтті өтсе, «отандық вакцинаны салдырамын» деп мәлімдеген еді. Уәли президент ойынан не себепті айнып қалғанын ашып жазбады. Бұл қоғамның отандық екпеге күмәнді күшейтуі мүмкін.
«Отандық вакцинаның тестілеуі оң қорытынды береді деп үміттенеміз. Осы ретте, өзім отандық екпе ектіремін» деген.
Атауы QazVac ретінде өзгерген вакцина қазір сынақтың үшінші кезеңінен өтіп жатыр.
Шикізаты Ресейден жеткізілетін «Спутник V» екпесі Қарағанды фармацевтика кешенінде өндіріледі. Бұл компанияға иелік етушілердің бірі Қазақстанды 30 жылдай билеген Назарбаевтардың құдасы, белгілі олигарх Қайрат Боранбаев. 15 млрд теңге қаржы қарастырылған өндіріс орны өзін «биотехнологиялық препараттар өндірісіне мамандандырылған ҚР-дағы алғашқы және әзірге жалғыз фармацевтикалық зауыт» деп санайды.

















АҚШ пен Иран келіссөзі қайта жалғаспақ: Доха кездесуі шиеленісті бәсеңдете ме?
Украина-Ресей соғысы «энергетикалық дуэльге» айналып кетті
Меморандумның күйреуі: Парсы шығанағындағы дауыл&әлемдік тәртіптің сын сағаты соғып тұр
Ормуз дағдарысы: АҚШ пен Иран арасындағы уақытша бітім неге тез бұзылды?
Қонаевтағы сот: Адвокаты Алмасбек Садырбайға жасалған қысым туралы мәлімдеді, ал субсидия сомасы сотта «қысқарып» жатыр
Ережесіз әлем: Жаһандық ұлтшылдық пен ресурстар соғысы