Батыс демократиялық елдерінің қысымы Шығыстағы авторитарлық елдердің ынтымақтасуға итермелеп жатқандай. Жақында ғана Ресеймен бірлескен мәлімдеме жасап, Батысқа дөңайбат көрсеткен Қытай енді Иранмен стратегиялық ынтымақтастық туралы келісімге қол қойды. Сарапшылардың болжауынша, Қытай алдағы уақытта өзге де АҚШ пен оның одақтастарына қарсы елдерді қатарына тартуы мүмкін.
80 миллионға жуық еңбекқор халқы, бай ресурстары бар Иран әлемдегі ірі елдердің қатарында аталады. Қытайды Иранның нарығынан көрі оның Батыспен отаса бермейтін сыртқы саясаты қызықтырады. Қытай СІМ басшысы Уаң И Теһранда (Тегеранда) Иран сыртқы істер министрі Махмұд Жевад Зарифпен келісімге қол қойды. Бейжің мен Теһранның бұл келісімі Қытайдың АҚШ санкциясына қарамай Иран мұнайын сатып ала беретінін көрсетті.
Тараптар келісім әр екі жаққа да пайдалы деп санайтыны даусыз. Иран АҚШ санкциясынан кейін мүлде тоқтап қалған шетелдік инвестицияның орынын толтырып, тұралаған экономикасын алға жылтқысы келсе, Қытай өзінің «Бір белдеу, бір жол» жобасын дамытып, Орта Шығыста өз ықпалын күшейтуге мүмкіндік алады.
Қазіргі халықаралық қатынастарда Қытай мен Иранның мұндай қаламы назар аударуға тұрарлық, тіпті аса өзекті тақырып деуге болады. Себебі, Қытай-Иран стратегиялық ынтымақтастығы АҚШ пен Иран арасында ядролық келісім тақырыбы көтеріліп жатқанда болып отыр. Трамп кезінде шығып кеткен Иранмен алты ел жасасқан келісімге Байден өзінің қайтып оралуға дайын екенін білдіргендей болып еді. Анығында келісімге келу Иранға да тиімді болатын. Алайда, екі тарапта алғашқы қадамды қарсы жақтан күтті. Осы кезде Қытай сыртқы істер министрі Теһранға келді. Бейжің Теһранмен келісім жасасу арқылы Уашингтонға алтернатив күшінің бар екенін ескерткендей болып отыр.
Мәскеулік «ескі арман», қытайлық «бұлдыр дәме» және Орта Шығыс
Орта Шығыс – қара алтынның қамбасы ғана емес, идеологиялар мен ағымдардың қайнаған қазаны, әлемнің дін жасаушы лабораториясы. Ол ғасырлар бойы жаһандық державалардың назарын аудартып келген. Ескердір Зұлһарнайыннан тартып, кешегі Османдарға дейін ірі империялар да Орта Шығыстың бай қалаларын өзіне қаратуды, әлем қаржысынң күре тамырын шеңгелдеуді көкейінен шығармаған. Қазірде солай. Суейш (Суэц) каналы бірер күн жабылып еді, әлем нарығының қандай күйге түскеніне жақында ғана куә болған жоқпыз ба? Бұл арада Құрама Штаттардың да аса маңызды мүдделері жатыр. Ағылшынның да, француздың да... Соңғы жылдары өңірге Мәскеу мен Бейжің де шырақ сала бастады.
Мәскеу, қазіргі Ресей бұрынғы Кеңес одағының зардаптарына, олардың төлеміне толық мұрагер болған жоқ. Бірақ, оның территориясы мен амбициясына мұрагер болудан бас тартпайтынын байқатып келеді. Жалы қоңданып қалған Ресей бір кездері Сүрияда ойыншы болып, Орта Шығыстағы мүддесін қорғайтынын көрсетті.
Енді, бұған дейін «АҚШ-тың ықпалы алда біртіндеп әлсіреп, оның орнын Қытай басады» деген сөзді кімдер айтпасын, оның түп адресі Қытай екені даусыз. (Әлде бұл Қытайды асқындыра түсіп, соңында ұшындыру үшін ойлап табылған сөз болуы да мүмкін). Қытай осы «бұлдыр үмітті» қуалай отырып Орта Шығысқа келді десе қонымды сипаттау болар. Өзін жаһандық держава ретінде көрген Қытай Орта Шығыста өз ықпалын орнатуды көздері анық.
ҚКП-ның China Daily басылымы жариялаған хабарда Қытай СІМ басшысы Уаң И Орта Шығыста «қауіпсіздік пен тұрақтылық орнатудың» бес бөліктен тұратын жобасын ұсынғаны жазылған. Онда «Палестин-Изриль бейбіт келіссөзі», «Иранның ядролық жобасы» және «өңір қауіпсіздігі негізі» секілді мазмұндар қамтылған екен. Көріп отырғанымыздай, бұл Орта Шығыс қауіпсіздігі мен тұрақтылығы үшін Батыс елдері көтеріп жүрген жобалармен ұқсас. Осының өзінде Қытайдың өңірде Батыспен алтернатив күш болғысы келетінін көреміз.
Сонымен, Қытай-Иран келісімінің маңызы қандай?
Қытаймен жаңа келісімі бар Иран енді АҚШ-қа жаңа талаптарын қоя бастауы мүмкін. Енді АҚШ үшін Иранды келісімге иліктірудің құны қымбаттай түсетіндей. Осылардан да маңыздысы Қытай Иранмен келісім жасасу арқылы АҚШ-тың күшін паршалай алады.
«Қалай?» десеңіз, таратып айтайық. Байқағанымыздай, Трамп кезінде АҚШ-тың қорғаныс стратегиясы жаңарды. Трамп кезінен бастап Қытайдың артып келе жатқан қаупіне қарсы Азия-Тынық мұхиты аймағындағы, тіпті Үнді-Тынық мұхит аймағындағы сын-қатеріне қарсы қорғаныс күштерін шоғырландырды. АҚШ-тың есебінде Иран санкциядан әбден әлсіреген, бұрынғыдай емес жуасыған, ашулы болса да қауқары азайған. Оның үстіне Иранның өңірдегі стратегиялық бәсекелестері Сауд Арабия мен Израильді белгілі деңгейге дейін көтеріп үлгірген. Енді Израильмен араз күйдегі араб елдері арасында қарым-қатынасты қалпына келтіріп, Иранға қарсы блок қою жеткілікті болатын. Ондай қадам да жасалған. Бахрейн, Кувейт, Біріккен Араб Әмірлігі қатарлы бірқатар араб елдері Израильмен татулық келісімдеріне де келе бастаған. Осының бәрі Уашингтонның бар назарын Қытайға, оның күн сайын саяси-әскери, экономикалық ықпалы асқынып бара жатқан Азия-Тынық мұхит аймағына назар аударуына мүмкіндік берген-ді. Құрама Штаттардың стратегиялық басымдық беретін нысаны енді Қытайдың шығысы мен оңтүстік бағытына қарай ойысты. Ауғанстан, Сүрия және Ирактан бір мезгілде мыңдаған әскерлерін қысқартып, есесіне үш бірдей авиа-тасмалдаушы кемелерін Қытайға жақын теңізге салған.
Ал, Қытайдың Иранмен стратегиялық ынтымақтастық келісіміне келуі АҚШ үшін жаңа сын болып қабылданбақ. Егер Қытайдың экономикалық қолдауында Иран қайта бас шұлғып, Орта Шығыстағы өзінің бұлдырап бара жатқан мақсат-мұратының соңынан қайта түссе, бұл АҚШ-қа оңай тимек емес. Бір сөзбен айтқанда АҚШ-тың Қытай ықпалына қарсы қорғаныс стратегиясы мен қуаты екі аймаққа бөлінуіне, нәтижесінде қай тарапта да әлсіреуге алып келуі де мүмкін.
Бірақ, біз Құрама Штаттарды Трамп кезіндегідей «жеке батыр» ұстанымында емес екенін ескеруіміз керек. Қазір, АҚШ өзінің одақтастарымен іс-қимылын үйлестірген. Үнді-Тынық мұхитында ол бұрын болып көрмеген жаңа «Төрттік диалогты» құра алды. Онда Жапон, Аустралия, Үнді секілді одақ-серіктері күш біріктіріп тұр. Бұларға Шығыс Оңтүстік Азиядағы Қытаймен шекара дауы бар ірілі-ұсақты елдерді және стратегиялық маңызды одақтасы Оңтүстік Кореяны қосыңыз. Тайуан да Қытайдың оңтүстік-шығысындағы қағылған қазық сынды бір жіпті ұстап тұр. Ал, Орта Шығыста Иранға, Батыста Ресейге қоятын болктары да сенімді НАТО мен шартсыз одақтасы Израиль және араб елдерімен бекітілген.
Байқағанымыздай, АҚШ пен оның одақтастары, жалпы Батыстың демократиялық елдерінің қысымынан кейін Қытай да өзінің стратегиялық қадамдарын жасап жатыр. Бұл біздің көпжақты дипломатиялық саястты ұстануымызға жол бермей бара жатқан жаһандық геосаяси жағдайының бір парасы. Көріп отырғаныңыздай, Қытай Ресей, Иран, Түркия секілді елдермен келісімдерін пысықтап бізді қоршаған елдер мен аймақтарды өз қатарына тартуда. Салдарынан Қазақстан секілді екі өңірлік державаларға шектескен елдің герсаяси тынысын тарылта түсті. Бұл біздің елді ұстанымдарын айқындауға, жаңа кезеңде жаңа стратегия құруға итермелейді.