Қытай өзінің сыртқы саясатында Еуропаға айрықша көңіл бөліп келген. Бейжің Еуропа сынды дамыған елдер шоғырымен сауда-экономикалық, дипломатиялық қарым-қатынасын дамытуға баса мән берді. Алайда, ұзақ жылдар бойы байыпты әрі аса сақтықпен жүргізген дипломатиясы Еуропаның Шыңжаңдағы адам құқығының бұзуылуына қарсы салыған санкциясынан кейін сәтсіздікке ұшырағаны анық болды. ЕО Қытай шенеуніктеріне қарсы санкция салғаннан кейін, Бейжің де ондаған еуропалықты санкция тізіміне енгізді. Осымен Қытай-Еуропа қатынасы шиеленісіп шыға келді.
Қытай мен Еуропаның қазірге дейінгі қатынасының жалпы картинасына қарайтын болсақ, жарты ғасырға жуық уақыттан бері Еуропаның Қытай коммунистік партиясымен «тыныштық дипломатиясын» ұстанғанын көреміз. Еуропа бұған дейін Қытайдағы демократия мен адам құқығына «кешіріммен» қарады немесе «көрмегенсіп» келді. Дегенмен, Шыңжаң тақырыбы екеуінің ортасында шиеленіске жол ашып, біз «тыныштық дипломатиясының» күні батқанына куә болдық. Қытайдың қарсы санкцияын «Еуропамен ашық бет жыртысу» деуге болады, қалай десекте, Бейжіңнің бұған батылы бара алды. Олай болса ҚКП-ның бұл батылдығы қайдан келіп шықты?
Еуропа-Қытай қатынастарын зерттеген неміс зерттеушілері Еуропаның «тыныштық дипломатиясы» Қытайды әспенсітіп, тоқмейілсуге алып келгенін мойындайды. Еуропа елдерінің «тыныштық дипломатиясын» берік сақтағаны соншалық Қытайдағы адам құқығы мәселесінде жалпылама сындағаны болмаса, көбінесе немкеттіге салынған. Бұл Қытайды Батысқа қарсы күресуде өзін жеңімпаз бола берем деген сенімге ие еткендей. Қытай бұл күнде Еуропамен ашық бет жыртысуды былай қойып, дипломатия мен адам құқығы мәселесіне де өз ұстанымын алға тартып, «осы ұғымдар бойынша тек Батыстың айтқаны ғана жөн бола бермейді» дегенді ашық дәріптей бастады.
Германиялық белгілі қытайтанушы зерттермен Жаң Пиңнің бұл жөнінде мынадай пікір айтады: «Интернетті Батыс елдері жарыққа шығарды, алайда оны адамдарды бақылауға тиімді пайдалана алды; Батыс елдері жаһандануды көбірек жақтайды, алайда одан Қытай ең көп пайда табады. Осының бәрі Қытайды дипломатиядан қарсыласуға, халықаралық тәртіпті бұзудан әлемнің бағытын өзгертуге дейінгі батылдыққа ие етті», – дейді зерттеуші.
Бұл күнде Қытай Батыс елдерімен консунстан көрі қарсыласуға, өз әрекеттерін өзгертуден көрі қарсы шара қабылдауға бейім. Бұл мінез ҚКП бірінші басшысы Ши Жинпиңнің мінезіне де қатысты. Бұл арада жеке бастағы жалған намыс пен «жеңімпаз көшбасшы», «батыл күрескер» деген насихаттың да өзіндік ықпалы бар. Ши өз билігі тұсында «Қытай арманы» ұранын ортаға салды. Бұл арқылы ол Қытайды әлемнің ендігі жетекшісі, көшбасшы елі және социализм ең басты шығар жол ретінде дәріптеді. Ішкі саяси қарсыластарыннан тазартылған Ши билігі сыртқы саясатта ашық қарсылыққа бейім бола түсті.
Қазіргі жағдайдан Қытайдың «қасарысу» ұстанымы оны Еуропадан барған сайын алыстатып, керісінше соңғы жылдары дүдәмал күйде тұрған АҚШ пен Еуропаны жақындатып жатқанын көрдік. Көптеген сарапшылар оның салдары түбінде Қытай үшін аса ауыр соғатынын болжайды. Бұл Қытайды Еуропамен ұзақ жылдар келіссөздерде жасасқан орасан зор көлемдегі инвестициялық келісімдерден айырып, кейбір өзіне тиімді халықаралық ұйымдарда оқшаулануға алып келуі мүмкін деп санайды. Ең қызығы, барлық дипломатиялық әрекеттерін өзінің ішкі мүддесіне, яғни билігін бекемдей түсуге қызмет еткізетін Қытай коммунистік билігі елдің ұзақ мерзімдік мүддесіне осыншама салдарларды елемей отыр.