Бір топ әйел астана әкімдігінің ғимаратында бес күннен бері түнеп жүр.
Дүйсенбі 22 ақпан күні елордада 50-60 шақты әйел үш талаппен «Нұр Отан» партиясының бас кеңсесіне барған. «Баспана», «Депутаттар шықсын» деп ұрандатқан наразылар партия қызметкерлерінің ақпарат құралдарын залға кіргізбеуіне қарсылық танытқан. Араға уақыт салып жиналғандар алдына шыққан партияның қалалық бөлімшесі төрағасының бірінші орынбасары Дәулет Кәрібектің «сұрақтарыңызды жазбаша қалдыңыздар» дегеніне қанағаттанбаған аналар әкімдікке беттеген.
«Нұр Отанда» түнеген көп балалы ана
Ғимаратта 35 жастағы көп балалы әйел Ақбаян Жалмұрзаева қалып қоюға мәжбүр болғанын айтады. Оның сөзінше, 17 жылдан бері астана тұрғыны, үй кезегіне 3,5 жыл бұрын 2882-ші орында тіркелген. «13 жыл бойы күндіз шенеуніктердің үйін тазалап, түнде қақаған аязда гүл сатып күн көріп келдік» деген төрт баланың анасын карантин шектеуі мен қымбатшылық қажытқан.
«Алдыма 64 адамды қосып жіберді, дәлелдей алмай қалдым. Қазір шамамен 1714-ші орында тұрмыз. Құрылыс саласында жұмыс істейтін жолдасым қазір ауруханада. Пәтер жалдарда, құдай кешірсін, екі баламыз ғана бар деп айтуға тура келеді. Үй иесі келіп қалғанда екеуін жиһазға жасырып қоямыз. 80 мың теңге көлемінде алатын атаулы әлеуметтік көмек күнделікті ішім-жемнен артылмайды. Кенжемнің кейінгі бірнеше айға балабақшаның ақысын төлей алмай отырмын. Баспана және шағын шаруа жүргізуге павилион алмақ едім, соған көмек сұрап бармаған жерім жоқ. Балаева, Дүйсеновадан бастап министрдің ешбірі қалған жоқ, 109 депутатқа қос-қостан жаздым. «Шешеміз», «Қатырамыз» дегенмен ешқандай нәтиже жоқ», – дейді Жалмұрзаева.
«Нұр Отан» өкілдерінен «жарты бөлке нан мен екі стақан шай» сұрап алған. Көп балалы жас ананың айтуынша, төрт баласымен партия филалының дәлізінде қалуға мәжбүр болған оған №51 мектептің ұжымынан, ювеналды полициядан келгендер «балаларын бейімдеу орталығына алып кететін» айтып қоқан-лоқы көрсеткен. Алматы ауданы әкімінің орынбасары Арайлым Елімсарина да ашынған анамен тіл табыса алмаған. Қызметкерлер сырттан тағам ала келген адамды әуелі кіргізбей бөгеген. Қазіргі таңда Жолмырзаеваның денсаулық жағдайы нашарлап, медициналық көмекке жүгінген.
Әкімдікте түнеген аналар талабы
Алғашқы күні кешкісін елорда әкімі Көлгіновтің көмекшісі Дәурен Бабамұратов аналармен жарықты сөндіріп қойып сөйлескен, жүкті әйелдің сұрауына қарамастан дәретхана есігін құлыптап тастаған. Содан бері әкімдік ғимаратында мәжіліс депутаттарының келуін, көпті толғандырған мәселе көңіл бөліп, «сайлау алдындағы сертін орындасын» деген талаппен дәлізде түнеп келеді. Оны әйелдердің Facebook желісінде үздіксіз жүріп жатқан тікелей эфир жазбаларынан көруге болады.
Аналар апта басынан бері мынадай негізгі үш талапты көтеріп отыр:
- «Ана мен кбала апиталы ретінде отбасына табысына қарамай әр балаға 42,5 мың теңге тағайындалсын»
- «Конституцияның 25-бабында көзделгендей әлеуметтік осал топ отбасыларына баспана-тұрғын үй берілсін»
- «Халық ызасын тудырған дәстүрлі-ұлттық мәдениетімізге жат бала құқығы туралы заң жобасы қаралымнан мүлде алынып тасталсын»
Сонымен қоса, олар мәселе көтеріп көзге түскен аналарды қудаламауға үндеді. Соның мысалы ретінде наразы аналар тобының белсендісі Феруза Ордабекованың «әділетсіз қамалғанын», сондықтан дереу босатылуын сұрайды.
Астана полициясы 22 ақпан жалғызбасты ана Феруза Ордабекованы жолдан күштеп ұстап әкеткен. Сол күні мамандандырылған ауданаралық әкімшілік соты үшінші рет 10 күнге қамауға шешім шығарған. Сот Ордабекованы 25 қаңтарда министрліктер үйі алдында «коронавирусқа қарсы вакцинаға қарсылық білдіріп, заңсыз шараға» қатысқандықтан Әкімшілік кодекстің 488-бап 11-бөлігі («Бейбіт жиын өткізу тәртібін бұзу») бойынша кінәлі деп тапқан.
Аналар Президент әкімшілігіне, Алматы ауданы сотына, Еуропа Парламентіне шағым түсірген.
«Аналарды масыл, тегін дүниеге құмар етіп көрсеткісі келеді. «Батпан құйрық, батпан құйрық, айдалада жатқан құйрық» деп тегін баспана сұрап отырғамыз жоқ. Тұрақты жұмыс болса, соны істеп, үйдің ақысын біртіндеп өтейміз. «Хабар»-дың 30 жылдық ертегісіне тойдық. Бұл жекелеген мәселе емес, әлеуметтік жүйелі мәселе. Қағазға жазып алады да құрғап уәдемен шығарып салады. Енді ондайға көнбейміз. Қорқытып-үркітуге үйреніп алдық. Барлығымыздың бабамыздан ортақ аманат болып қалған еліміздің жерінен өндіріліп жатқан байлықтан девиденд үлес емес, әр балаға 42,5 мың теңге беруін сұрап отырмыз», – дейді наразылардың бірі жалғызбасты ана Айнұр Өмірзақ.
Өмірзақ әкімдіктің «кімнің дауысы қаттырақ шықса, соның мәселесін шешіп беруге» әдеттенгенін айтады. Бұл наразылықтың бұрынғыдан өзгеше болуының бір көрінісі – «жабулы қазан жабулы» күйінде қалмас үшін жеке бас мәселесін емес, жүйелі мәселе қозғаймыз дейді.
«Халық қызметшілері болған соң соған лайық жұмыс істесін», «Мәселе шешілмейінше, алған бетімізден қайтпаймыз» дейді наразылар.
Ұжымдық өтініш хаты Президент әкімшілігінің бөлім меңгерушісі Тамара Дүйсенованы аналардың қолынан хаты алып кетуге шақырды.