21 тамыз күні өткен Nur Otan партиясының Саяси кеңесі бюросының отырысында экс-президент көпбалалы әйелдер мен оралмандарға қатысты «кеңес» беріп, қоғамның сынына ұшыраған еді. Сол жиында Н.Назарбаев бірнеше шенеунікті мақтап, ризашылығын білдірген болатын.
Партия лидерінің «Меніңше, орын алып отырған проблема жайында үндемей қалу – жұмыстың ең нашар нұсқасы. Адамдардан тығылмай мән-жайды анықтап, жауапкершілікті мойынға алу керек. Бізде халыққа шығып, бұл сұрақтарға жауап беруден қорықпайтын, проблемаларды шешетін әкімдер де, министрлер де бар. Бердібек Мәшбекұлы (ҚР Үкімет басшысының орынбасары Сапарбаев), вице-премьер болып тағайындалуыңмен құттықтаймын. Баяғыдан бері осы жер сенің орның еді. Төрт облыста әкім болдың. Соның бәрін көрдің. Бастаған кезде халықтың арасында жүрдік сол уақытта. Елмен сөйлесіп жүрдік. Айтқанымызды ел түсініп жүрді», – деген бағасына үкімет басшысының су жаңа орынбасары өз пікірін білдірді. Жаңа қызметке тағайындалған Бердібек Сапарбаев өзіне айтылған мақтауға қатысты:
– Әлбетте, кез келген адам үшін бұл жағымды. Бұл сөз одан ары жақсы жұмыс жүргізу үшін мені жігерлендіреді, – деп жауап берді баспасөз брифингінде. Сондай-ақ билікте 42 жылдық тәжірибесі бар экс-министр Сапарбаев үшінші жұмыс күнінде-ақ тілшілермен кездесіп отырғанын, өзінің осы уақытқа дейін ашық болғанын айтып, алдағы уақытта да «өзгермеймін» деп уәде берді.
Бұдан бөлек жас кадрларды, әсіресе «Болашақпен» білім алып келген мамандарды аймақта пісіп-жетілдіріп, билікке тарту қажеттігін айтқан Назарбаев басқарушылардың жаңа буыны қатарынан Алтай Көлгіновті өңірдегі еңбегін мақтап, көпке үлгі еткен еді. Ел астанасын жаз басталғалы бері басқарып келе жатқан жас әкім Көлгінов «Болашақ» бағдарламасының түлегі, Ұлыбританияда білім алған. Бүгінгі ұстаздардың Тамыз кеңесінен кейін әкім «Мен мұны «аванспен» айтылған мақтау деп қабылдадым. Мен бұл үмітті ақтауым керек. Ең бастысы, ел басшылығы мен халқымыздың маған артқан сенімі. Мен үшін басты басымдық – осы», – деді.
Түйін: Не де болса экс-президент салған жүйеде тәрбиеленген әкім-қаралар мінбедегі екі сөзінің бірін «Елбасы тапсырмасы бойынша» деп бастайтыны қадымғы дәстүр. Арыс оқиғасынан соң министрлер мен әкімдер түгел жұбату-түсіндіру сөздерін халықтан емес, Тоқаевтан емес, «Елбасы айтқандай» деп көсілген еді. Шын мәнінде мұның бәрі ел алдында анық көрініп тұрады. Осыны ескерсе екен, шенділер. Мақтау естіген жақсы, лайық болса. Еңбектің еленгеніне не жетсін. Бірақ Халықтың алғысы, бір аты болған Құдайдың «ризашылығы» болса керек-ті.