Қазақтың Олжасымен.
Үрейлі үш күн
Білезіктегі дисплейі дың ете қалды. Қараса, сізді 11.00-де махалла жандармы Ли мырза өзінің офисінде күтеді, деген хабар тұр. Тағы не керек бұған, деп ойлады Ерімбет. Аңдығаны мен болдым ғой бұл иттің. Япырау, микрочип бар, білезік-дисплей бар, көше мен аула толған спутник камера, үйдегі интернетпен де біліп тұр отырған-тұрғаныңды, кірген-шыққаныңды. Бұған не керек? Ішкен тамақ, киген киім – бәрін көріп отыр. Қай уақытта түшкіргеніңе дейін жазылып тұрады. Секундына дейін. Енді неге бұл мені тергеуге шақыра береді. Басқа ісім жоқ па менің.
Әуелі дүкенге барып ұлына сүт алып, артынша ұлды үй іргесіндегі балабақшаға апарып, пәтеріне қайта кірді. Содан соң осы махалланың жандермерия тұрған ғимаратына асықпай аяңдады. Тез-ақ жетіп алу керек, бірақ алға басқан аяғы кері тарта берді. Барғысы жоқ. Амал бар ма, ақыры дәл қасынан жөн ғана ысылдап жылжып келе жатқан каучук тротуарға тұра қалды. Басқа – басқа, ені жарты құлаш жылжымалы тротуар жандермерия үйінің тура тұсынан өтпей ме, жер бауырлып жылжыған бассыз, таспа жыланға ұқсап, кеудесі ысылдап айналасы екі-үш минутта жеткізіп тастады.
Ерімбет мырза, сәлеметсіз бе, келіңіз, отырыңыз, деді Ли жандарм орнынан тұрып. Жымиып қолын ұсынды. Сығырайған шегір көзді, еңсегей бойлы, жұқалтаң, қарасұр, жас жігіттің қолы қарулы еді, соны білдіргісі келе ме, әлде әдеті ме, қол алысқанда мұның оң қолын үнемі өстіп сығымдап қояды.
«Сәлемет пе, Сұлтан мырза» деді Ерімбет. Лидің есімі Сұлтан болатын.
«Монитордан шаршаған жоқсыз ба, Ерімбет? – Содан соң жауап күтпестен жеделдете іліп әкетті. – Сіз шаршамасын деп осылай әңгіме-дүкен құрайық деп шақыруға тура келді».
Жас жандармның әзілім деп айтқан кезекші сөзіне Ерімбет жымиған болды. Қашан да осы, қисыны жоқ, қиюы жоқ, бірдеңені қалжыңым деп қойып қалады, еріксіз жымиған болып отырасың.
Сұлтан Ли мұның хал-жағдайын сұрап, күн райын, қала жаңалықтарын айтып біраз отырды да, төтесіне көшті:
«Сөздің қысқасы, Ерімбет мырза, үш жасар ұлыңызды сіз жалғыз өзіңіз баға алмайсыз. Қатыныңыз жоқ. Екінші рет үйленбедіңіз. Шешесіз өскен баланың психологиясы дұрыс қалыптаспайды. Баланы Қоғамдық үйге өткіземіз».
Ерімбеттің жүрегі су ете қалды.
«Жоқ, - деді даусы қарлығып, - ол мүмкін емес. Бермеймін, өткізбеймін баламды».
«Сіздің бермеймін дегеніңізге заң көне ме, - деді Сұлтан Ли әлдебір папкаларды ақтарыстырып жатып.- Заң бала жағында. Қоғамдық тәрбие үйінде өседі, аптасына бір рет келіп, алты сағат жүздесіп кетесіз. Ол үйде ұлдың барлық жағдайы жасалады, дәрігерлер қарайды, тәрбие береді, балабақшадан әлдеқайда артық. Сіздің үстіңізден ювенал юстициядан, балабақша тәрбиешілерінен арыз-шағым түсті. Балаңызды жуындырмайтын көрінесіз, бақшаға кір болып келеді екен...»
«Оны қай тәрбиеші айтып отыр, - деді Ерімбет мына жалаға күйіп кете жаздап. - Күнде жуындырам баламды, құдайға шүкір, үйде ванна бар, су бар. Жатарда міндетті түрде шомылдырамын. Тексерем десеңіздер, мүмкіндіктеріңіз бар ғой, әйтпесе үйге видеокамера қойыңдар, бәрін көріп отырасыңдар».
«Мәселе камерада емес. – деді жас жандарм сұқ саусағын шошайтып. - Мәселе түскен шағымда. Тәрбиеші мен юстиция бекер жазбайды ғой. Қысқасы, Ерімбет мырза, өз қолыңызбен, өз еркіңізбен арыз жазғаныңыз дұрыс, үш жасар баламды Қоғамдық үйге алыңдар деп. Сол дұрыс болады, сонда аптасына бір рет алты сағат балаңызды көре алатын боласыз. Олай етпесеңіз, онда жандермерия, ювенал юстиция және балабақша өкілдері бар, бәрі қол қойған акт жасаймыз, сол құжат негізінде сот шешім шығарады да, балаңыздан әкелік құқыңызды айырады. Сөйтіп, ақыр аяғында Қоғамдық үйде тәрбиеленген балаңызды ешқашан көре алмайтын боласыз».
Ерімбет шыдамай орнынан тұрып кетті:
«Сот менің әкелік құқымды айырады екен деп қалай сенімді айтасыз, айырмайды олар».
«Отырыңыз, отырыңыз. Заң солай, Ерімбет мырза. Сіздің жағдайыңызда тіпті оңай. Заң, айттым ғой, бала жағында. Ата-ана және бала кодексінде бірнеше бап бар, солардың арқауымен, қай жағынан болсын, сізді әкелік құқыңыздан айыра алады. Солай. Баланың шешесі жоқ, осы себептің өзімен-ақ заң баланы тартып ала алады».
«Ол заңды кім жасаған, кім шығарған?» Буыны босап кеткен Ерімбет орындыққа сылқ етіп отырып қалғанын өзі аңдамады.
«Корпорация парламенті. Сондықтан сіздің балаңыздың құқы, қай жағынан болсын, қорғалған» деді Сұлтан жандарм басын кегжитіп.
Ерімбет аузының құрғап кеткенін сезді, әйтсе де, қолын жайып шапшаң сөйлей жөнелді:
«Әу, айналайындар-ау, әуелі баламның өзінен сұрасаңыздаршы, кіммен тұрғысы келеді, жатарда шомыла ма, әкесі ыстық тағам әзірлеп бере ме, бәрін асықпай сұрасаңдаршы өзінен. Ол - ес біліп қалған, ересектерше сөйлейтін бала».
«Заң баланың пікірін сұрамайды, Ерімбет мырза, кәмелетке толғанша баланың пікірі есепке алынбайды. Сенбесеңіз, Ата-ана және бала кодексін бастан-аяқ оқып шығыңыз».
«Балабақшаның қай тәрбиешісі ол шағым түсіріп жүрген? Аты-жөнін білуге бола ма?»
«Кейін көрсетеміз шағымды».
«Япыр-ау, ол жердегі тәрбиешілер көріп жүр ғой қандай адам екенімді. Мен арақ ішпеймін, наша шекпеймін, бейсауат жүрісім жоқ, күмәнді есепте жоқпын, бәрін біледі ғой ел. Cіз де білесіз, Ли мырза».
«Бұл айтып отырғаныңыз ескі замандағы әңгіме ғой, Ерімбет мырза. – деді Сұлтан жандарм қорабынан бір сигарет суырып алып, онысын фүу деп үрлеп қойып оң езуіне қыстырып жатып. – Қазір, айттым ғой, заң қатал, ата-ананың біреуі өмірде жоқ болса, немесе тіпті ұзақ ауырып, төсек тартып жатып қалса, ювенал юстиция балаңызды заң талабына қарап сотқа беріп, сот шешімімен Қоғамдық тәрбие үйіне өткізіп жібере алады. Сіз қай жағынан да сай келіп тұрсыз. Оның үстіне шағым түсіп отыр. Менің сізге айтар ақыл-кеңесім: өз еркіңізбен арыз жазыңыз Қоғамдық тәрбе үйіне өткізуге. Есесіне балаңызды жетісіне бір рет көріп тұрасыз. Ал сот шешімімен бала тартып алынса, онда жылына бір-ақ рет қана көре алатын боласыз. Ойланыңыз».
«Ойланатын ештеңе жоқ. Арыз жазбаймын».
«Содан соң... содан соң балаңыздың, Қоғамдық тәрбие үйінде өссе, келешегі де зор болады ғой. Тәрбие үйі барлық шығынды өз мойнына алады. Ішім-жем, киім-кешек, төрт уақ тамақ, балаңыздың өз қалауы бойынша, түрлі спорт секциясы, музыка, өнер үйірмелері, тағы басқа. Мықты мамандар тәрбие береді. Сабақ оқитын мұғалімнің күллісі үздік. Қоғамдық тәрбие үйінен шыққан түлектің бәрі арнаулы жоғарғы мектептерге түседі. Келешектегі өмір орнын белгілеу үшін Корпорация үздік оқыған шәкірттерге мол қаржы бөледі. Ал өзіңіздің тәрбиеңіздегі ол баланың болашағы не болады? Айтыңызшы. Жоқ қой келешегі!..»
«Келешегін көре жатармыз. Бірақ мен баламның тәрбиесін Корпорацияға беріп қоя алмаймын».
«Корпорацияның несі жаман?»
«Қоғам тәрбиесі үйінен шыққан бала менім балам болмайды, ол белгілі ғой. Корпорацияның қызметкері болады да шығады. Өмір бойы корпорацияның құлы болып өтеді».
«Ондай жалалы сөз айтпаңыз. Мұндай сөздеріңіз үшін заң алдында жауап бересіз».
Ерімбет үндемей қалды. Төмен қарап, сол қолымен иегін сипалап қойды.
«Қалай болса да, мен баламды бере алмаймын, - деді біраздан соң. - Ерікті түрде де, мәжбүрлесе де».
«Заң мәжбүрлесе, қайда барасыз, - деді Ли ащы жымиып. – Ал бермедіңіз дейік, ол баланың күні не болады ер жеткенде. Мына заманда ол бала биороботтан да төмен деңгейде күн кешеді деп қорықпайсыз ба?»
Ерімбеттың жүрегі суып кетті.
«Өмір бойы жұмыссыз жүретіні өз алдына. Жұмыссыздарға Корпорация бөлетін жәрдемақыдан да, медицина көмегінен де, заң орындары жәрдемінен де тыс қалуы ықтимал. Қысқасын айтқанда, қоғамға қажеті шамалы адам болуы әбден мүмкін».
«Қоғам дегеніміз сонда Корпорация ғана болып тұр ма?»
«Әрине. Сіз, мәселен, қайда жұмыс істейсіз?»
«Мен үйде отырып аударма жасаймын. Тапсырыс бойынша. Оны сіз жақсы білесіз ғой».
«Сол аударманы сізге жасатып отырған тапсырушылар да Корпорацияға қызмет етеді ғой, Корпорация бөлімдерінен айлық алады. Айналып келгенде бәріңді асырап отырған Корпорация ғой».
«Жүйе солай болса, не істей аламыз...»
«Міне, міне. Жөнге келдіңіз, Ерімбет мырза. Жүйе солай. Ендеше біз балаңыздың келешегін ойлап, сол жүйеге енгізуіміз керек, әйтпесе ол балада болашақ болмайтынын сезіп отырсыз. Жас кезінен келешегін елесете алмаса, өмірде орнын таба алмаса, ол бала кейін депрессияға түседі, құса болып өтеді».
«Адамның өмірдегі орнын Корпорация белгілей ме екен?» деді Ерімбет мысқылмен.
«Әлбетте. Ер жеткен соң резервацияда үйелеп жатқан, үйсіз, күйсіз жүрген, күнін бір уақ тамақ ішу арманымен өткізген жұрттың қатарын толтырады. Солай, Ерімбет мырза. Мен сізге жақсылық ойлап отырмын ұлыңыздың келешегі кемел болсын деп».
«Жоқ. Қалай болса да, мен көне алмаймын бұл озбырлыққа».
«Абайлап сөйлеңіз, мырза. Кімді озбыр деп тұрсыз? Мен заң талабын түсіндірдім сізге. – Содан соң шегір көзін сығырайтып бұған біраз қарап отырды. - Жақсы, – деді артынша. – Ескертуін ескерттім. Бұл тарапта басқа жол жоқ, не өзіңіз өтініш бересіз, немесе заң органдарының өкілдері акт жасап, соның негізінде сот шешімі шыққан соң біз баланы сізден алып, Қоғамдық тәрбие үйіне өткіземіз. Ойлануға үш күн мұрсат берейін. Сау болыңыз. Бір нәрсені ескеріңіз: балаңыз алдағы өмірде биороботтан да төмен сатыда тұрмасын. Сіздің пікіріңіз, қарсылығыңыз ештеңе шешпейді, оны жақсы білуіңіз керек».
***
«Ерімбет, Ереке, - деп еді сол күні кешкісін қайран Хауа күйеуінің желке тұсынан келіп, демі құлақ түбін шарпып, қос иінінен қапсыра құшақтап, - Ереке, бүгін саған айтар екі жаңалығым бар: бірі жаман, бірі жақсы. Қайсысынан бастайын?»
«Дәл ертектегідей болды ғой мына сөзің, – деді Ерімбет күлімсіреп. – Әрине, жақсысынан бастамай ма дәйім».
«Онда... онда айтайын. Бірақ сенбейсің-ау».
«Неге, саған сенбеген кезім болды ма?»
«Қуанар ма едің?»
«Оу, әуелі айтсаңшы, шырағым».
«Аяғым ауыр екен, Ереке» деп Хауа қабырғадағы ноқатты басып қалды. Жарқ етіп самала нұр төбеге тұтас жайылып барып, мол жарық түсті.
«Түсінбедім...»
«Түсініп тұрсың бәрін, отағасы. Мен көтеріппін».
«Қойшы, - деп Ерімбет еңсесін жазып, мойнын бұрып бәйбішесінің қара торы ажарлы жүзіне қараған. Сенбегені көзінен көрініп тұр. – Он бес жыл бойы дәрігерлер қақсап, көтере алмайсың деп үкім шығарғаны қайда...»
«Білесің ғой, Ереке, - деді Хауа қарсыдағы креслоға тізе бүгіп. - Мен биохакер болып біраз жұмыс та істедім ғой. Биотехниканың қазіргі заманғы жаңалықтарын зерттеумен айналысатын биотехнолог мамандардың еңбегін лабораторияда қолданып, сапырылыстырып жүріп, өзгеше бір тәсілді байқап, сол тәсілдің көмегімен дәрмек жасап, оның аналық бездердің жұмысын күшейтетін қабілеті бар екеніне көз жеткіздім... Өмір бойғы арманым бір қызыл шақа, шикі өкпе көру емес пе еді. Алты ай болды соны ішіп жүргеніме. Құданың құдыреті, сол дәрмектің шипасы болды ма, сәулемен қараттым бүгін, рас екен».
«Неше айлық» деді Ерімбет Хауаның мойылдай қара көзіне тесіле қарап.
«Екі айлық».
«Апырай, ә, - Ерімбет орнынан тұрып кетті. – Әй, Хауа, әй, сенің мынауың, рас, күшті жаңалық екен. Күтпеген нәрсе. Дегенмен... дегенмен көз көрмей тұрған соң көңіл сенбей ме, қалай...»
Хауа үнсіз ғана күлді.
«Иә, өзімнің де көңілім толық сенбей тұрған сияқты».
«Жаңалығың ғажап екен! – деді Ерімбет қос қолын бір-біріне уқалап. –Онда кешкі асыңды әзірлеп жібер» деді содан соң әйелін көрсе, асқазаны сыздай қалатын ежелгі әдетімен .
Сүт пісірім уақыт өтпей Хауа дисплей-табаға әлденені қуырып, дастарханға қоя берді.
«Ерекем-ау, сен қуанып кеттің бе, әлде қиялдап кеттің бе, екінші жаңалығымды сұрамадың ғой» деді Хауа буын бұрқыратып ыстық шәйін құйып отырып.
«Қашанғыдай иісі жоқ, бірақ дәмі өзгеше екен, – деді Ерімбет қуырдақтың бір қасығын аузына салып жіберіп. – Не тағам бұл? Тағы синтез бе?»
«Отағасы-ау, қазір синтезсіз тағам таба аласың ба өзі?»
«Зиян емес пе әйтеуір?»
«Зиян емес. Ұшынып қаларсың, жиіркенбей жеші, айналайын. Баяғы замандағыдай бағланның етін қайдан тауып бере қояйын. Барымен базар деші».
«Иә, сонымен жағымсыз жаңалығыңды айта ғой. Құлағым сенде».
«Дегенмен... кейінірек айтайын, тамақ сіңсін, ас батсын».
«Е, жарайды».
«Қыстың ортасында күн ысып кетті, 26 градус ыстық, жазда не боламыз?» деді Хауа.
«Айтпа».
Екеуі әрненің басын бір шалып, шүңкілдесе әңгіме-дүкендетіп кешкі астарын ішіп алып, тоқ басайық деп парккке шықты.
Ерімбет көңілді.
«Ереке, сен ер жігітсің ғой, – деп бастады сөзін Хауа парктің тастақ, кең, даңғыл жолына түскенде. – жас күніңнен қайратты, ақылды, алғыр едің ғой. Қу тіршілік қос бүйірден қысып, қарала аузын қара санға салғанда қажымай келе жатқан кең құрсақ арыстаным».
«Пай-пай-пай-ай! Әй, шырағым, орағытпай айта бер» деп күлді Ерімбет.
«Баяғы, жаугершілік заманда аталарымыз айтқан екен ғой қатын жолда, бала белде деп. Ол заманда да тіршілік ету оңай болмаған ғой. Тіршілік деген шіркін таусылмайтын күрес қой. Өзің таусыларсың, өмірің түгесілер, бірақ сенің жолыңды жалғайтын, сенің салтыңды ұстайтын ұрпағың болса, өлмеусіреген үміт өшпейді ғой. Сол үміт қой адамзатты жетелеп, жетектеп келе жатқан. Сондықтан ер-азаматқа қырық жас деген не, тәйірі. Қамықпай, қажымай, ертеңге сенім артып, аяңдап, өрлей беру керек. Сен, Ереке, маған жолықпай тұрғанда да өткір, өжет жігіт едің ғой, анау-мынауға мұқала қоймайсың».
«Аттың басын жібердің-ау, бәйбіше. Айтшы енді, әкесінің өлгенін де естіртеді» деді Ерімбет жүрісін тоқтатпай, дегенмен әлдеқайдан пайда болған қобалжу сезімі тұла бойын шымшымдап алып бара жатты.
Хауа сәл үнсіз келе жатты да, асықпай жауап қатты:
«Дәрігерлер маған лейкемия деген диагноз қойды. Оның тағы ауыр түрі екен. Ем қабылдармын, десе де, көпке ұзамайтын секілдімін».
«Не дейд?! – Ерімбет кілт тоқтады. – Ол шіркіндер айта береді, - деді іле-шала. - Әр жерге қаралу керек қой. Соңғы диагноз басқа болып шығуы әбден мүмкін».
Хауа Ерімбеттің қолтығынан алып, жүрейік дегендей икемдеп алға қадам басты.
«Бәрінен бұрын олар маған мынандай шарт қойып отыр. Қазіргі заман аппараттары лейкемияны емдеуге жарайды дейді. Үш айда белгілі болады, емделіп жатқан адамдар бар көрінеді».
«Қандай шарт?»
«Ауыр дәрі, лазерлі сәуле енген соң ағзада өзгеріс болуы мүмкін дейді, сонда жатырдағы бала өліп кетеді екен».
«Енді?»
«Баланы алдырып тастау керек деп отыр үзілді-кесілді».
Ерімбет қапелімде аңырып қалды. Содан соң жөткірінді. Тамағын қырнады.
«Алдырып таста. Сенің өмірің қымбат. Бас аман болса, бала берер тағы да».
Хауа үндемеді. Екеуі біраз үнсіз жүрді. Парктің түбіне дейін барып қалыпты. Бұрылып тастақ жолмен баяу басып кері жүрді.
«Білесің ғой, Ерімбет, мен шешесіз өстім. Ана махаббаты дегенді сезінбей келген адаммын. Қалай ажалдан аман қалғанымды да білесің. Бір кездегі еліміздің астанасында жойқын жер сілкінісі болды ғой. Ауыр зілзаладан қаншама үй қирап, қаншама адам опат болды. Біздің баспана кірпіштен қаланған, үстінде бетон плиталар жабылған, үлкен, жер үй болыпты. Соның өзі қара жер тулағанда бұрыш-бұрышы, дөдегесі морт кетіп, суырылып түскен ауыр плиталар шешем байғұсты басып қалыпты. Сонда бар-жоғы жиырма үштегі келіншек. Зілзаладан кейін құтқарушылар үйінділерді аршып, құлаған, қаусаған үй-үйді тінтіп, шалажансар жатса да, тірі адам бар ма деп қарап келе жатқанда біреуі тар қуыстан адамның денесін көріп, тірі ме, жоқ па деп қолын салып жіберсе, бір келіншек жатыр дейді, денесі суып кеткен. Әйткенмен екі жақтап сүймен салып, плитаны сырғыта итеріп, мәйітті көрсе, жатысы ерсі екен дейді. Сәждеге жығылғандай тізерлеп, маңдайын жерге қойған мәйіттің екі қолы екі бүйірін жауып тұрған. Құлаған плита бас сүйегін жаншып, омыртқасын үзіп жіберген секілді. Қой, өлер адам өлді, уақыт тығыз, тірілерді тауып алайық деп құтқарушылар ауыр плитаны еппен жатқызып, ары қарай кетіп қалады. Десе де, әлгі топ ішіндегі бір жігіт екі ойлы болып, әлде әуестік бар, әлде басқа пиғылмен, әлде жүрегі сезді, кім біледі, қалай болса да, құдыреттің күшімен қайта оралып, өлген келіншектің қасына келіпті. Тізерлеп отыра қалып, әлгі қуыстан басын сұғып, бүк түсіп жатқан мәйіттің қатып қалған шынтағының тұсынан қолын салып жіберіп тінте бастайды. Кенет қобалжый ентігіп, қуыстан басын, қолын шығарып, әудемжер кетіп қалған топқа айғай салыпты, әй, қайтыңдар, мұндай сәби бала бар деп. Құтқарушы топ үйге келіп, мәйіттің үстіндегі плитаны алып, сынық пен үйіндіні тазалап, аршып алса, тізерлей бүк түсіп жатқан мәйіттің қойнында, дәл кіндігінің астында жатыр дейді. Оралған, құндақталған қалпында. Сөйтіп, әлгі жас келіншек балам аман қалсын деп өзін құрбан қылыпты. Үй құлағанда бүк түсіп, тізерлеп, баланы бауырына алып жата қалған ғой. Жігіттер нәрестені қолға алғанда пысылдап ұйқтап жатыр дейді».
«Сол бала сенсің...»
«Иә, сол бала мен екемін, Ерімбет».
«Е, білем ғой, сен бұл жайтты еске алғанды ұната бермейтін едің ғой».
«Еске алып отырғаным... Еске алып отырғаным, шешесіз өссем де, ана махаббатын сезінбей келсем де, мені жарық дүниеге әкелген анамның осы қайратын, өзін құрбан етіп, баланы аман алып қалған елеусіз ғана ерлігін, жер тулаған сәтте саспай, сасқалақтамай, балам аман қалсын деп жанұшыра тапқан амалын көз алдыма елестеттім ғой. Талай мәрте. Ананың балаға деген сезімінің күштілігіне тәнті болып, тамағыма өксік тығылып, көзіме жас келіп, тәлейіме қайран қалушы едім. Құданың құдыреті. Көзін көрмесем де, бейшара анам өмір бойы маған идеал болып келді. Қарап тұрсам, ана деген өмір беруші, тіршілікті жалғастырушы жан ғой. Ана болу – өзіңнің қалауыңды құрбан етіп, сол балаға бәрін беріп, өміріңді соған арнау екен ғой. Менің шешем өмірін мені бағып-қағуға арнай алмаса да, өзін құрбан етіп жанымды аман алып қалды. Оның ерлігін істей алам ба, мені өмірге әкелген сол шешемдей бола алам ба деп өмір бойы ойланып келіппін. Міне, отыздың бесеуінен астым, әлі сол сауалыма жауап таба алмаппын».
«Қысқасы...»
«Қысқасы, мен осы екі-үш күн әбден ойланып, алдырмауға бекіндім. Құдырет бізге жан иесін сыйлады, әкелуге міндеттімін. Дәрігерлер не десе, о десін...»
«Не деп тұрсың сен?! Өзің жаман ауруға кезігіп тұрсаң да, баланы өмірге әкелмексің бе? Жындысың ба сен?! Кісі әуелі өзін ойлау керек, ал сенікі не? Өлем деген сөзің бе бұл? Алдымен өзің жақсылап емделіп алшы, қазіргі заманда лейкемия жазылмайтын дерт емес қой. Дәрігерлер бала дәрінің уына шыдамай өліп кетеді десе, алдырып таста. Қылмыс емес қой ол. Құдай денге саулық берсе, бала әкелерсің тағы. Сен, Хауа, бұлай сыңар езулегеніңді қой!»
«Саған бала керек емес пе?» деді Хауа Ерімбетке қарап.
«Сенің басыңды жұтып өмірге келген бала керек емес. Сен, қияли қатын, бұл ниетіңнен қайт. Не деп басты қатырып тұрсың».
Хауа үнсіз күлді.
«Ереке, ашуыңды бас».
«Баспаймын. Енді бұл сөзіңді естімейтін болайын».
«Мақұл» деді Хауа жымиып.
Екеуі енді паркті үнсіз аралап кетті. Бие сауым уақыттан соң орта бойлы, дөңгелек жүзді, етжеңді күйеуінің жып-жылы қолынан ұстаған Хауа тағы сөйлеп кетті:
«Ереке, ағайыны жоқ, жалғыз жігіт, ештеңесі жоқ, салт жігіт дегенді елемей, әкемнің қарсы болғанына қарамай, етегіңнен ұстап едім. Қателеспедім. Ұшпаққа шықпасақ та, сенімен бақытты ғұмыр кештім деп ойлаймын. Үлде мен мүлдеге малынмадым, элитаға ұқсап әуедегі дрон-үйде тұрмадым, эко-тағам жемедім, бірақ адамның бұл дүниедегі бар аңсары сол ма? Әрине, жоқ. Саған өкпем жоқ, Ереке. Жас кезіңдегі кейбір қылықтарыңды да кешірдім. Мені жылатқан күндеріңді де кешірдім. Сол кезде-ақ кешіргемін, өзің білесің. Кешіре алсақ, бойымыз жеңілейіп қалады ғой, жүрегіміз тазарып қалады ғой. Ал сәбиді дүниеге әкелу керек. Өзі берген құдырет өзі жеткізер. Иттің иесі болса, бөрінің тәңірісі бар деген. Маңдайына жазылған ғұмыры да бар шығар».
***
Үрейлі үш күннен кейін ұйқысы бұзылып, асқа тәбеті жоғалған, салы суға кетіп, еңсесі түскен Ерімбет тағы да махалла жандермериясына келді. Ли жандарм орнынан тұрып, жымиып қарсы алды.
«Иә, Ерімбет мырза, көңіл күйіңіз қалай?»
«Бізде қандай көңіл күй болушы еді, әлде әдейі сұрайсыз ба. Үш түн ұйқтамай шықтым. Самай шашым ағарып кетіпті осы үш түнде. Кісінің жанын аларда әзірейіл бұлай қинамас».
«Кешірім сұраймын, Ерімбет мырза. Артынан ойласам, расында да сізге ауырлау шарт қойыппын. Артықтау кетіппін, кешірім етіңіз».
Ерімбет басын көтеріп, көзіне тура қарап, жандармды танымай қалды. Осыдан үш күн бұрынғы Сұлтан емес, сөзі майда, мінезі жұмсақ. Япыр-ау, бұл бәле тағы не ойлап тапты екен, артына сақтаған сыры бар ма, әлде төбеден тастап жіберер зілі бар ма, деп ойлады Ерімбет.
«Ғафу етіңіз. Сізден бір нәрсе сұрасам бола ма?» деді Сұлтан Ли.
«Сұраңыз».
«Әйеліңіздің аты-жөні кім еді?»
«Хауа».
«Толық аты-жөні?»
«Хауа Ермұратқызы».
«Ол кісі үшінші жер-жаһан соғысында осы мегаполистің түбіндегі NN геттода кім болып істеп еді?»
«Мейірбике болды-ау, білуімше».
«Қайтыс болғанына екі жыл болды, иә?»
«Иә».
«Мен өтініш жазып қауіпсіздік комитетінің архивінен осы геттоға қатысты бірталай құжаттардың көшірмесін алдым. – деді Сұлтан түрегеп тұрған қалпы үстелінің тартпасынан жуан-жуан бірнеше пәпкіні суырып алып жатып. - Кеше ғана қолыма тиді. Хауа Ермұратқызы туралы да сұрау жасатқан едім. Бағыма қарай, ол кісінің жеке ісі сары майдай сақтаулы тұр».
«Бәйбішемнің дүниеден өткеніне екі жыл. – деді Ерімбет еденге қарап отырып қажыған, шаршаңқы үнмен. – Баламыздың сот шешімімен, Корпорацияға, ой, әлгі... Қоғам үйіне тәрбиеге алынуына оның еш қатысы жоқ қой. Қайта, көзі тірі болғанда ол бейшара бұл қиянатқа төзбес еді».
«Жоқ, мен басқа мәселе бойынша хабарласып едім, Ереке».
Ереке? Мына бала қазақ дәстүрімен Ерекеге көшті, бір тықыр таянып тұр-ау, деп ойлады Ерімбет.
«Хауа жеңгеміз геттоға қамалған, сонда резервацияда өмір сүрген біраз адаммен байланыста болыпты» деді Ли. Орнына отырып, үстел үстіндегі әлдебір жуан, сұр папканы алып ақтара бастады:
«Міне, фотосуреті де бар екен апайдың. Орынсыздау болса да, сізге бір сұрақ қояйыншы, жеңгеміз неден қайтыс болды?»
«Жаман аурудан».
«Одан емделуге болмады ма екен, қазіргі медицинада неше түрлі әдістер бар, жаңа аппараттар бар дегендей...»
«Әрине, болар еді, бірақ ол ұлымыздың дүниеге келгенін қалады. Ұлды дүниеге келтірмесе, технологияның түр-түрі бар, емдейміз, депті дәрігерлер. Хауа бірақ ол жолдан бас тартты».
Сұлтан Ли орнынан тұрып кетті. Жасыл көзі жалт етіп, өңі күреңітіп бірер сәт тұрды.
«Ғажап, ғажап! Ол кісі осындай шешім қабылдады ма?!»
Ерімбет Лидің жүзіне осының есі дұрыс па дегендей аңырайып бір қарады да қойды. Жауап бергісі келмеді.
«Мұндай да болады екен-ау!..»
«Қалай десе болады, - деді Ерімбет ауыр күрсініп. – дәрігерлер екінің бірі деп шарт қойғанда Хауа сәбиді дүниеге әкелем деп шешім қабылдады. Ұрыстым есің дұрыс па деп. Қойсаңшы баланың қылығын істемей деп. Маған сенің амандығың керек, нәрестені әкеліп, өзің кетіп қалсаң, ол жетімге қалай қараймын мен деп. Ерімбет, деді сонда. Ерімбет, мен іштегі баладан бас тартып, жаман аурудан құтылсам деп қанша емделсем де, одан құлантаза жазылып кететініме ешкім кепіл бола алмайды. Ол – бір. Екінші, емделіп шықтым дейін, жақсы, содан кейін бала көтере алам ба, жоқ па, тағы кепілдік жоқ. Бір мәрте бала берген құдырет екінші рет бере ме, мойынға бұршақ салып, зар илеп тілеп алған баланы алдыртып тастасам? Баласыз өткен ғұмыр бақытты ғұмыр деп айта алмас едім өз басым. Оның үстіне іштегі шарана - ұл екен, Ерімбет. Соғыстан кейін селдіреп қалған біз секілді азғана жұрт жер бетінен құрып кетпесін десек, бізге ұл бала керек. Ұрпақ керек. Атың өшкір жаһан соғысынан соң өрттен кейінгі жас бұтадай селдіреп қалдық. Жұртымыз жер бетінен көшпесін десек... Хауа, дедім мен шыдай алмай, басымыз жас, қартайып тұрғамыз жоқ, бірдемесі болар, содан соң... кім айтты саған ұрпақсыз өмір бақытсыз өмір деп. Мүлдем олай емес. Ол сөзіңнің де жаны бар шығар, деді Хауа, бірақ менің жағдайымда өзімді құрбан қылғаным – ең дұрыс шешім. Жаман ауруымен тор тастап ажал шіркін бәрібір қоймайын деп тұр. Мені таңдап тұр ол. Қазір құрықтан құтылсам, ертең қылша мойынға сарт еткізіп қайта салуы мүмкін. Таңдағаны мен екемін, алса, алсын, солай-ақ болсын... Тағдыр деген осы емес пе, Ерімбет. Кешегі алапат соғыста қаза тапқан боздақтардан, резервацияда аштықтан өлген жас балалардан жаным артық па, басым ардақты ма. Жазмыштан озмыш жоқ. Мұны... санам түйсініп, жүрегім сезіп тұр. Тұла бойыммен сеземін. Бірақ жүрегімде қорқыныш жоқ. Үрей жоқ. Білемін, құдыреттің өзі тағдырды сызып береді. Біз оның сырын ұға алмаспыз. Ақыреттің бары рас болса, таңда махшарда жүздесерміз. Сүреміз бірге сонда. Бір ғана әттең-ай бар, ол - ұлымның жетім өсуі, анасыз өсуі. Оған не шара бар бізде, не істей аламыз? Ештеңе. Ол да жазмыш шығар. Реті келсе, салиқалы біреу жолықса, шеше орнына шеше табарсың... Реті келмесе, ұлымды ешкімге жәутеңдетпей өсірерсің, Ереке. Мен саған сенемін, арыстаным. Сенің өңің суық болғанымен мейірім ұялаған, жылы жүрегің бар, балажандысың, менің орнымды жоқтатпай өсірерсің. Өмір шіркін – мәңгілік емес қой, талқаның тез-ақ таусылады... Мен де соғысты, лагерьді, аштықтан шыбындай қырылған елді көрген адаммын. Өлімнен қорықпаймын. Өлім - алғанша ғана үрейлі. Өлген соң бізге бәрібір. Жастық шақ өтті соғыспен, соғыстан кейінгі тауқыметпен. Енді бала бергенде, одан қалай бас тартасың. Ажал қазір алды не, он жылдан кейін алды не, бәрібір емес пе. Мәңгі жүрмейміз ғой. Тағдырдың шешімі осы болса, мойынмен көтеруіміз керек. Өмірге ұрпақ келсе, одан артық не бақыт бар, отағасы. Менің шешімім деп санама мұны, құдыреттің маңдайға жазғаны деп біл...»
Ерімбет сол кезді көз алдына елестетті ме, біраз уақыт үнсіз қалды.
«...Жә, сонымен, қысқасы, Хауа төрт-бес ай өтпей, алты жарым айлық қызыл шақаны өмірге әкелді. Қуанышында шек болмады. Қуанғаны сондай, көзінің жасы моншақтап жылай береді. Бала тапқан соң да дәрігерлер емдеуге ықылас білдірді. Мен де емделу керек дедім. Ол қарсы болды, емді тегіс қабылдасам, бала емізе алмайтын болам, емшек сүті нәрестеге жарамай қалады деп. Бірақ мен жолын таптым, – қала сыртында бие байлайтын кісімен келісіп, бағасы удай болса да, қазір жылқы бағу, бие байлау деген қалып барады ғой, – саумалды сатып алып, шақалақтың аузына тамызып, ептеп-ептеп ішкізіп, бие сүтіне үйреттік. Оған да қуандық. Өз басым қатты сендім емделіп, жазылып кетеді деп. Хауа да сондай сенімде болған сияқты еді. Дәрігерлер де, ой, қазір лейкемия обырға жатпайды, нанотехнологияның көмегімен жазып аламыз деді. Тым құрса, балам қаз басып жүргенінше шыдай тұрсам, деді бір күні Хауа. Құдай аузына салды ма, ақыры солай болды. Ұлымыз тәй-тәй басқан кезде тұсауын кесті де, жүрегі мейірімге толы, қайран Хауам жүрді де кетті. Өзі айтқандай, рас, жазмыштан озмыш жоқ екен. Жоқты бар қылатын, барды көл қылатын нанотехнологиясы да көмектесе алмады. Өмір шіркін тәтті ғой, тірі адам тіршілігін жасайды екен, артынан солқылдап жылап қалсақ та, сұм дүние өзінің шығыршығын тартып, диірмен тасын айналдыра жөнелді. Бәрінен бұрын тілі шыға бастаған ұлыма қиын болды. Елеңдеп анасын әлі күнге күтумен жүргенін көргенімде жүрегім езіліп, көкірегім қарс айырылады. Сәбидің тілі, баланың күлкісі бәрін ұмыттырады десек те, қу кеуде қоңылтақсып тұрады екен... Өстіп итшілеп сүріп жатқанымда сен жаралы құсқа тас атасың. Тіршілігімнің сәні, өмірімнің мәні деп тапқан ұлымды сен сот шешімімен Корпорацияға, әй, әлгі Қоғам Тәрбиесі үйіне өткізем деп қиғылық саласың. Үуһ!.. Одан да мені атып тастап, мәйітімнен аттап өтіп, тартып алып кет жалғызымды. Шыққыр көзім шырылдатып әкетіп бара жатқанын көрмей-ақ қойсын».
«Ғафу, ғафу, Ераға, кешірім сұраймын, ат-шапан айып менікі. Заң талабы бар, әрине, әйткенмен кісімен тіл табыса алуымыз да керек, мен сол жағын ұмытыппын, кешірім өтінем».
Сұлтан Ли кабинетінде ары-бері ойқастап, ер батқан аттай қайқаңдап біраз жүрді де, сөйлеп кетті:
«Әлбетте, мен көп өмір көргемін жоқ, ағасы, дегенмен кешегі қанды соғыста адамзаттың артық аузы деп, ас ішіп, аяқ босатар масыл деп, одан қалса, сектанттар деп біздің елдегі кейбір әлеуметке резервация жасағанын білесіз. Мен сол топқа түскен бір әулеттің үміт күткен баласы едім, жасым сонда алтыда екен. Бәрі көз алдымда. Жау бізді малдан төмен санап тар аудандағы геттоға қамады. Жүз мыңдап қамады. Гетто ішіндегі адам төзгісіз тіршілік қандай: аштықтан әлсіреген жұрт, аңыраған кемпір, күрсінген шал - бәрі көз алдымда. Шешем дінге қатты берілген адам еді. Күндіз-түні ерні жыбырлап дұғасын оқып жататын. Бәрінен бұрын біз тіршілік еткен геттодағы балаларға қиын болды. Ажал аузында тұрған балалар, ішінде мен де бармын, әлбетте, ертеңін болжай алмаса да, тойып тамақ ішпеген соң жоқтан өзгеге жылап, ыңырсып, үлкендердің мазасын алатын көрінеміз. Геттодағы жағдай әлгіндей болғанда, келешек тіпті қараңғы болатын. Өлім лагеріне айдалып кету қаупі күшті ол кезде. Қара жүрек дұшпанда аяушылық жоқ. Үлкен-кіші демей ажал камерасына айдап әкетуі оп-оңай болатын. Шешем екеуміз геттода бір жылдай тұрдық. Бір жылдан кейін ашаршылық басталды. Кісі басына санап беретін қара су мен қара нан жұғынға жұқ болмайды. Кәрі-құртаң өлімді қарсы алуға дайындала бастады. Оны мен, алты жасар бала, қайдан түсінем, кейін естіген әңгімем ғой. Күндердің бір күнінде гетто ішінде сүзек басталды деген қауесет шығыпты, өйткені мұндағы ел аштықтан емес, сүзектен өліп жатыр деген сөз тараған. Содан, қойшы, қаладағы әскери өкіметтің пәрменімен санитарлар гетто ішіне дезинфекция жасауға кіре бастады. Бұл кезде өлім-жітім көбейген. Қылышын сүйретіп қыс келіп қалған шақ. Ел қазақ тарихындағы 1932 жылдың геноцидіндей басыбайлы өлімге кесілгенін түсіне бастаған. Тікенек сым қоршаған, сыртында әскер күзеткен геттоның әр тұсынан кіретін жолдары бар еді, сол жолдармен санитар көліктері кіріп, сүзекке қарсы тазалық басталып кетті. Сүзек гетто сыртына шығып кетсе, әскерге жұғуы, қаладағы елге тарауы мүмкін. Өкімет осыдан қорқады ғой. Жә, сонымен санитар қыз-жігіттер жиі келетін болды. Бетін ғана тұмшалап қоймай, бас-аяқты толық жабатын арнаулы киімдерін киіп, асай-мүсейін қолға алған санитарлар сантехника құбыры, жертөле, қойшы, әйтеуір қуыс-қуыс, бұрыш-бұрышты түк қалдырмай, әлдене сеуіп, пышылдатып, ысылдатып жататын. Мәйітті міндетті түрде. Бұрын кісі неден өлді екен деп мәйітті тексеруге әкетіп жататын, енді ешкім жолағысы келмейді. Тұмшаланып алған санитар құрал-жабдығын сайлап әкеліп, көбік шашып мәйітті ақ қоймалжыңға көміп кетеді. Күндердің күнінде ауру шешемнің сондай санитарлардың біреуімен сөйлесіп жүргенін байқадым, тізгін ұшымен хабарласып, әлгілерден алған азын-аулақ азықты менің аузыма әкеліп тығатын. Бір күні төбемнен жай түсірді. Сұлтан балам, сенен жасырып келдім, енді айтуға тура келіп тұр, мына ауру мені алмай қоймас, жағдайымыз мынау, сенің шын шешең мен емес, басқа, мен өгей шешеңмін, сенің өз шешең қалада тұрады, сенің соған баруың керек деп. Баламын ғой, сөзін ұға қоймасам да, өңін қатайтып алған шешемнің суық жүзіне қарап, шар етіп жылап жібердім. Олай айтпа, деп еңіреппін. Шешем, шындық осы, алтыным, сенің қалаға, өз шешеңе баруың керек деп, сабырмен әлденені түсіндірмек болады. Оны түсіне қоятын мен бе, жаным алай-түлей болып, сөйлеме олай деп, бақыра берсем керек. Сөздің қысқасы, көнбейтінімді біліп, әлгі санитар қыздың көмегімен маған дәрі беріп ұйқтатыпты да, мәйіт тиеген көліктің ішіне жатқызып сыртқа алып шығыпты. Оянсам, бір үйде жатырмын, басымда қарақат көзі күлімдеп әлгі санитар қыз отыр. Күлімсіреп, Сұлтан, ояндың ба, қорықпа, қазір қауіпсіз жердесің. Жуынып-шайынып ал, ыстық тамақ күтіп тұр, деді. Қысқасы, мен ғана емес, санитар болып жүрген сол қыздың арқасында тірі қалдық, сол қыздың көмегімен ондаған бала геттодан сыртқа шығыппыз, ажал аузынан қалыппыз. Ер жеткен соң сол қызды - сол апайды көп іздедім, таба алмадым. Жас болған соң, қолым қысқа болған соң табылмады. Қазір мүмкіндігім бар ғой, соғыс жылдарындағы архивті індетіп жүріп, апайды тауып алдым. Түрі көз алдымда, аты-жөні есімде. Иә, ол кісінің аты - Хауа. Хауа Ермұратқызы. Таптым-ау деген шағымда Хауа апай бұл дүниеден өтіп кетіпті. Бірақ жақсылығын тірі тұрғанымда ұмытам ба. Ол кісінің жалғыз ұлын арыз түсті деп Қоғам үйіне өз қолыммен өткізем бе. Ераға, мен программаға байланған биоробот емеспін ғой, мен де жүрегі бар, сезімі бар адаммын. Арызды жолын тауып жаптырармын, алаңдамаңыз. Бұрынғыша тіршілік ете беріңіз».
Сұлтан Ли әңгімесін даусы қарлығып, ара-арасында жөткірініп, мұның көзіне қарамай айтып шыққан еді. Ерімбет жауап бермеді. Мына оқиғаның басқа арнаға түсіп кеткеніне сенер-сенбесін білмей, айран-асыр болып отыр еді.
«Тек ұлды балабақшадан шығарып алыңыз. – деді Сұлтан баяу үнмен, орындығына отырып жатып. - Ол жаққа бармай-ақ қойсын. Ювенал қызметкерлерінің көзіне түсірмеңіз. Мен бұл жерде ұзақ отырмауым да мүмкін. Ыңғайы келсе, бірер жылда қоныс аударғаныңыз да дұрыс шығар. Заңның аты – заң, олардың талабымен таласа алмаймыз ғой».
Ерімбет қатты шаршағанын енді ғана сезді. Тұла бойымен. Буын-буыны әлсіреп қалыпты, екі ұмтылып орнынан әрең тұрып, Ли жандармға алғыс айтуды да ұмытып, сүйретіліп далаға шығып кетті.
2020 жыл, Наурыз.