Еврей мен кейбір араб елдерінің ынтымақ орнатуы  Орта Шығыстағы тарихи оқиға қатарында бағаланған еді. Израиль мен Бахрейн және Біріккен Араб Әмірлігі АҚШ-тың ара ағайындық етуімен бірқатар тарихи келісім жасасып, татулыққа бет бұрып келе жатқан. Бірақ, Бахрейнде өткен қауіпсіздік саммитінен кейін еврей-араб ынтымағының болашағы әлі де бұлдыр екені байқалды.

Татулық келісімдерінен кейін Бахрейн мен БАӘ тарабы Израиль өкілдерін жылы қарсы алған. Бірақ, саммитте Сауд Арабиясының беделді ханзадасы Түрки әл-Файсал Израильді ауыр сынның астына алып, еврей СІМ басшысын аса бір ыңғайсыз жағдайға қалдырды. Нәтижеде, Палестин мәселесі түбегейлі шешім таппай еврей мен араб арасындағы кірбеңдіктің сейілмейтіні анық болды.

Израиль-Палестин тарихи қайшылығы Израиль мен өзге араб елдері арасындағы екіжақты қарым-қатынастарды қалпына келтірумен шешіле салмайды. Палестина кейбір араб елдерінің Израильмен ынтмақ орнатуы араб мүддесін сатып, Палестинаның ту сыртынан пышақ салу деп санайды.

Аталған жиында ханзада Түрки әл-Файсал Израильге бағыттағна ең әдепті, жұмсақ сөздерінің өзі «қулық-сұмдық пен Палестинаны отарлаушы», «Батыс елдерінің Орта-Шығыстағы қолшоқпары» дегендер болды. Ол сондай-ақ, Сауд корольдігі «Араб бейбітшілік бастамасы» келісімін тұрақты ұстанатынын ашық айтты. Аталған келісім 2002 жылы жасалған, онда Палестинаның 1967 жылғы территориясы қалпына келтіруі керек деген ұстаным негіз етілген.

Израильдің Сыртқы істер министрі Габи Ашкенази Сауд ханзадасының сөздері үшін өкініш білдірді. «Менің ойымша, бұл пікірлер қазіргі Орта Шығыста болып жатқан процестерге сай емес», – деді еврей СІМ жетекшісі.

Орта Шығыстағы терең тамыр тартқан қайшылық тек мемлекеттер арасындағы саяси жағдайлардан ғана қалыптаспаған, қайшылықтардың түп негізінде сенімдердің ұқсамастығы да өзінің қуатты ықпалын көрсетіп отыр. Оның үстіне батыстық державалардың бұл аймақта түркі жобаларды жүзеге асыруда мейлінше мол тәжірибесі бар. Өңірдегі араб елдерінің арасындағы болмашы алауыздықтардан пайдалана отырып, еврей мемлекеті өзінің ырықты ойыншы екенін көрсетіп келеді.

“The Qazaq Times”