Әкім Әбілқайыр Сқақов Павлодар облысының қызыл аймақ қатарына енуінің себебін түсіндіруге тырысты. Оның айтуынша, қараша айының басында өңірдің жұқтыру қатері жоғары аймаққа айналуына «шетелден келген науқастар», соның ішінде көрші Ресейден келген азаматтар әсер еткен. Қазан айында облыста коронавирус жұқтырған 59 адамның жағдайы жасырылған.
Бүгін ОртКом алаңында облыс әкімі Әбілқайыр Сқақов брифинг өткізді. Ресейдің коронавирус жайлаған үш аймағымен шектесетін Кереку өңіріне қазан айы басталғалы шекаралық бекеттер арқылы 33 768 адам кірген.
«Денсаулық сақтау жүйесінің материалдық-техникалық және кадрлық базасын әлдеқайда нығайтқанымыздың арқасында жағдайды бақылауда ұстауға мүмкіндік бар» деп санайтын Сқақов індет ахуалының шиеленісіп тұрғанын мойындады.
«Оттегі нүктелерінің санын алты есе ұлғайттық. Дәрі-дәрмек қоры да жеткілікті. Медициналық қызметкерлер резервінде 600 адам бар. Сондай-ақ, аймақта үш медицина нысаны, оның бірі инсульт орталығы салынып жатыр», – деді облыс әкімі.
QT редакциясы брифинг барысында Павлодар облысының әкімі Әбілқайыр Сқақовтан президент Тоқаев айтқан статистиканы бұрмалау фактісі бойынша өңірде қанша жағдай жасырылғанын сұрады.
– Қазан айында 59 науқас есепке алынбай қалған. Статистика қазір қалпына келтірілді. Объективті мәселелер бар. Қазіргі таңда санитарлық-эпидемиялық қызметтің бақылауында. Әр факті жеке эпидемиологиялық тергеу жүргізілді, – деп жауап берді редакция тілшісінің сауалына.
Қарашаның басында анықталған науқстар саны 30 шамасында болған, соңғы күндері жүзден түспей тұрған өңір айлық есеп бойынша ШҚО-дан кейінгі екінші орында тұр. Осы айдың жиырма бес күнінде ПТР тесті арқылы 1639 адамның вирус жұққаны анықталған.
16 қараша күні президент Тоқаев «Бірқатар облыстарда коронавирус індетіне қатысты жаңа жағдайларды жасыру деректері анықталғанын» мәлімдеген. Президенттің айтуынша, статистиканы бұрмалау фактісінің ШҚО, СҚО, Павлодар, Ақмола, Қостанай облыстарында тіркелген, тіпті «аталған проблеманың біздің денсаулық сақтау жүйемізде де созылмалы сипат алғанын мойындау керек».
Комитет төрағасы Айжан Есмағамбетованың редакцияға берген пікіріне қарағанда, кадр тапшылығынан жүктеме ауырлап, дерек дер кезінде өңделіп-жолданбаған.
Ауруханаларда науқастар артқан тұста вирус анықталғандардың мәліметін ұсыну процесі кешіктірілген. Сол себепті ресми статистикаға уақтылы тіркелмеген жағдайлардың көбейген көрінеді. Бұл «маманның жетіспеушілігінің салдарынан, дәрігерлер бірінші орында емдеумен айналысқандықтан, құжаттамамен жұмыс біраз бөгелген» деп түсіндіреді.
«Бұл облыстарда ауырған адамдар саны мен зертханалық зерттеулердің оң нәтижелерін есепке алу деректері бойынша қателіктер жіберілгені анықталды. ...Зертхана қызметінде оң нәтижелерді, жүргізілген ПТР зерттеулердің дұрыстығын уақтылы есепке алу, тіркеу және беру бойынша тест жүргізу кезіндегі кемшіліктер; келіп түскен шұғыл хабарламаларды кадрлардың жетіспеуіне байланысты оларды уақтылы өңдемеу сияқты олқылықтар анықталды», – делінген ресми жауапта.
Есмағамбетованың мәліметінше, кемшілік жібергені үшін Шығыс Қазақстан облысында басшылар тәртіптік жауапкершілікке тартылған.
Тоқаев атаған өңірлерде нақты қандай бұрмалаушылықтар болғаны, қанша жағдай жасырылғаны және бұған байланысты жауапқа тартылғандар, қозғалған іс саны жөніндегі мәлімет әзірге белгісіз. Ақорданың баспасөз қызметі бұл туралы Денсаулық сақтау министрлігі жариялайтынын айтады.
Санитариялық-эпидемиологиялық бақылау комитетінің ресми өкілі министрлік осы мәселеге арнап жеке мәлімдеме жасайтынын хабарлады. Ертең, 27 қараша күні бір жарым айдан бері қоғам мен БАҚ өкілдері алдына шықпай жүрген денсаулық сақтау министрі Алексей Цой әріптестерімен бірге баспасөз жиынын өткізетіні мәлім болды. Президент сынына іліккен өңірлер туралы сонда таратып айтуы мүмкін.