Мемлекеттік ақпарат құралдары былтыр жазғытұрымда жарыса сүйіншілеген Ақтөбе-Қандыағаш тас жолының құрылысы әлі де тұралап тұр.

Бұл 1227 шақырымға созылатын астана – Арқалық – Торғай – Ырғыз – Шалқар – Ембі – Қандыағаш – Ақтөбе бағытындағы маңызды магистральдің соңғы бөлігі. Облыстық «ҚазАвтоЖол» филиалының бастығы Марат Махамбетов 2019 жылы жарты ғасырдан бері күтімсіз қалған (соның кесірінен жол апаты жиілеген) күре жолдың күрмеуін шешеміз деп жар салған. Махамбетов «жоспардағы құрылыс-монтаж жұмыстарын тез аяқтап, мердігер мекеме жыл соңына дейін анықтаймыз» деген.  Сонымен қоса, шенді камераның буымен құрылыс сапасына кепілдік беретінін айтқан. Ашық дереккөздерге қарағанда, тоқсан шақырым жолға әуелі 65 млрд, кейін 77 млрд теңге қаржы көзделген. Алайда нақты сома әлі белгісіз.

Ақтөбе облысының әкімі Оңдасын Оразалин бүгін ОртКом-да Тоқаев жолдауының өңірде іске асыру мәселесін тәпсірлеуге арнап брифинг өткізді. Аймақ басшысы QT редакциясының қойған сұрағына жауап берді:

– Халықтың наразылығын тудырған мәселе шешімін тапты. Халықаралық қаржы институты Азия даму банкі арқылы қаржы тартылды. Жуық арада астанада тендер мәселесі шешілген. Жауапты жергілікті мердігер компанияның атауын айтпаймын. Олар өздері құжаттарын толықтырғаннан кейін жариялар. Біздің қойып отырған талабымыз – жыл соңына дейін мобилизациялау жұмысы жүреді. Бюджеті туралы тендер қорытындысы шыққасын жариялаймыз, – деді алыстан орағытқан Оразалин.

Ырғыз-Шалқар, Махат-Сағыз тас жолдары осы Қандыағаш арқылы Ақтөбеге қарай жалғасады. Ақтөбе-Қандыағаш күре жолы өзге облыстар мен аудандарға апарар «алтын қақпадай» маңызды. Дегенмен, бір қызығы, өңір әкімдігі қала аузындағы тұрқы адам көргісіз тоқсан шақырымды шалғайдағы жүздеген шақырымнан бастауға кіріскен. Бұл қадамның экономикалық және құрылымдық жағынан қаншалықты тиімді екенін мамандар мен уақыт көрсетер. Жобаның жүзеге асырылуында мәселе шаш-етектен.

«Жоба бойынша, жұмыс 2 жылда іске асуы керек болған. Өкінішке орай, бәріміз де енді жақсылыққа жоритын адамбыз ғой. Осы уақытында болады деп жүргенде тендерлік процедуралар бір жылға созылып іркілді. Негізі олар жұмысты биыл бастап кетуі керек еді. Бұған себеп – түрлі факторларға байланысты, соның ішінде коронавирус пандемиясының шектеулері», – деді облыс бастығы.

Тас жол төсеуге арналған сүйекті тендерге шетелдік-отандық 17 мердігер компания таласқан. Тендер премьер Маминнің бақылауында көрінеді. Әкімнің айтуынша, жергілікті компания «жеңіп шыққан». Оразалин жеңімпаз мердігер туралы мәліметті бірер күнде жариялауға уәде берді. Ал жол жөндеуді жеделдетудің амалдары «жоқ және болмайды». Бұл – әкімнің сөзі!

«Асықтырудың қажеті жоқ, қырқына шыдадыңдар ғой, енді қырық біріне шыдайық» деп, жол 2022 жылдың соңына қарай толық қолданысқа беріледі деп шорт кесті.  Бұл мәселені көтерген себебіміз халық шыдамының параметріне айналған қырық пен қырық бірдің арасындағы бірнеше жылда ондаған адам елу жылдай жөндеу көрмеген жолдың кесірінен қаза тауып, қаншамасы жарақттанып жатыр. Азаматтық қоғам белсенділері «құрбандықсыз қозғалуы қиын» деп сынайтын Қазақстан билігінің екі жылға жоспарланған жұмысты тағы бір жылға созбақтауының объективті себебі түсініксіз.

Алайда облыс әкімі мен модератор мекеме басшылығының дедлайны екі түрлі. 2019 жылы желтоқсанда «ҚазАвтоЖол» ҰК» АҚ филиалы басшысының орынбасары Қазбек Мамбетов жолдың құрылысын 2023 жылы аяқталатынын айтқан. Тіпті сипаттап та берген. Оның айтуына қарағанда, реконструкция жұмысы биыл сәуір-мамырда басталуы тиіс болған. Көріп отырғанымыздай арада жарты жыл өтсе де басталмақ түгілі мердігер мекеменің кім екені нақтыланбаған. Мамбетов сипаттауындағы жолда «көпірлер мен эстакадалар салынады, айырым жолақтар сызылады». Сондай-ақ, ені 15-22 м аралығында жасалып, үшіншіден бірінші санаттағы жолға айналады. Айтпақшы, әр шақырымы 1 млрд теңге шамасына шығатын жолға қиыршық тас-мастикалы асфальтбетон қолданылмақ.

Аймақтағы жол жағдайының нашарлығынан көлік апаты көбейген. Сенат депутаты Бауыржан Қаниев былтыр апат саны 35%-ға артқанын айтып, дабыл қаққан: «көз жұмғандар 15%, жарақат алғандар  47%-ға». Тәулігіне 8-10 мың көлік жүретін жолда былтыр кемінде ондаған адам көз жұмып, 50-ден астамы жараланған.

Республикалық маңызы бар жолды жөндеу Үкімет пен құзырлы мекемелердің төтенше жағдайда жұмыс істеуге дайын болмауы себепті тағы бір жылға кешікпек. Десе де «Нұрлы жер» бағдарламасындағы міндеттің баяулауына біз әлі аңғармаған басқа себеп те болуы мүмкін. 2017 жылдан бері Атырау облысының аумағынан басталатын Қандыағашқа дейінгі жол аяқталмаған.

Әзірге төрт бірдей аудан тұрғындары (Алға, Мұғалжар, Темір, Байғанин) қырық жыл тозығы жеткен тар жолмен жүруге мәжбүр. Тақтайдай төрт жолақты тас жол мыңдаған ақтөбеліктің бес тілегінің біріндей.

"The Qazaq Times"