29 қыркүйек күні Қазақстандағы АҚШ елшілігі Мемлекеттік департамент (US Department of State) өкілі Андреа Каланның қатысуымен қазақстандық БАҚ өкілдеріне арнап онлайн-брифинг өткізді. The Qazaq Times ақпарат агенттігінің сауалына жауап берген Каланның сөзінше, «Қытайдың азшылық ұлттар мен мұсылмандарға қарсы жасап жатқан қысымына бүкіл әлем қарсы тұруы тиіс».
Қытайдың Шыңжаң аймағында этникалық ұйғыр, қазақ, қырғыз т.б. мұсылман топтарды «қайта үйрету лагерьлеріне» қамап, идеологиялық түзеу тезінен өткізетін Бейжің кейінгі жылдары халықаралық қауымдастық тарапынан өткір сынға ұшырап келеді. БҰҰ дерегіне қарағанда, 2017 жылдан бері Шыңжаңда тұратын бір миллионға жуық ұйғыр, қазақ, қырғыз сияқты азшылық ұлттардың өкілі лагерьге қамалған. Соңғы бірер жылда жеке бас қауіпсіздігі үшін этникалық қазақ Қазақстан шекарасын заңсыз кесіп өткен. Арғы бетте туысынан хабар ала алмай, жақынынан тірідей айырылып отырған қазақстандықтар да аз емес. Кейінгі кезде Қазақстандағы Қытай елшілігінің ғимараты алдында туысын қайтаруды талап еткен азаматтар көп қарсылық акциясын өткізген.
Биыл 10 шілде және 24 қыркүйек күні Шыңжаңның Алтай жерінде XX ғасырдағы ұлт азаттық күрестің жетекшісі Оспан батырдың ұрпақтарынан үш азаматқа қатысты сот процесі өткен. Олардың өздеріне тағылған айыпты жоққа шығарғандарына қарамастан өмір бойы бас бостандығынан айырды. Шыңжаңдағы мұндай саяси сипаты бар сот үкімдеріне АҚШ-тың реакциясы қандай деген сауалға Андреа Калан:
– Нақты жағдайға нақты пікір білдіре алмаймын, бірақ АҚШ Қытайдағы жағдайды жіті бақылауда ұстап отыр және адам құқықтарының тапталуына қатысты мәліметтерді жинауда. БІздің сайтта жарияланып отыратын есептерге назар аударуларыңызды сұраймын. Онда ақпараттар ашық, қолжетімді. Тағы қайталап айтамын, АҚШ Шыңжаң мәселесін жіті бақылауда ұстап отыр, – деді.
Қыркүйек айының ортасында Уашиңтон мәжбүрлі еңбекке байланысты Шыңжаңда өндірілген ауыл шаруашылығы-техникалық өнімдерін (мақта, киім-кешек, компьютер бөлшектері т.б.) АҚШ-қа кіргізуді шектейтін жарлық шығарды. Редакцияның «Мұндай шара Шыңжаңдағы мәжбүрлі еңбекті тоқтатуға қандай оң әсері күтілуде? Құрама Штаттар тарапынан бұған дейін жасалған санкция шаралары Шыңжаңдағы адам құқығы мәселесінің жақсаруына оң әсер еткенін дәлелдейтін қандайда бір нақты мәліметтермен бөлісе аласыздар ма?» деген сауалына америкалық ресми өкіл жауап берді:
– Рақмет, қазіргі кезде өте маңызды мәселенің бірі. Біз үнемі Қытаймен байланыс орнататын компанияларға кеңес беріп отырамыз. Негізінен қытайлық ұйымдармен қарым-қатынасты компаниялардың өздері шешеді. Америкалық бизнес сфераның Қытаймен байланысы белгілі. Біздің мақсатымыз – ақпараттандыру. Яғни Америка әлем елдерін Шыңжаңдағы ахуалмен етене хабардарету үшін қолдан келгеннің бәрін жасап жатыр. АҚШ президенті Дональд Трамп та, Мемлекеттік хатшы Майк Помпео да бұл мәселені үнемі сынға алып, қатаң бақылауда ұстап отыр. Қазір көптеген адамдар Шыңжаңдағы жағдайдан хабардар. Біз барлық әлемді Қытайдың әрекетіне тосқауыл болуға, тоқтатуға үндеуге шақырамыз, – деді ол.
Естеріңізге сала кетсек, әлі күнге дейін коммунистік Бейжің бетінен қайта қойған жоқ, Ши Жипиң шенеуніктері «қайта тәрбиелеу және кәсіп үйрету орталықтары терроризм мен экстремизммен күрес үшін қажет» екенін алға тартады. Қытай билігі абақтыдағылардың көбі босатылды дегенімен, – әлемнің әртүрлі БАҚ және зерттеу-барлау ұйымдары «құрық ауқымы мен қуаты» арта түскенін айтады. Мәселен, Аустралия стратегиялық саясат институтының (ASPI) 24 қыркүйекте жариялаған зерттеуінде Қытайдың Шыңжаң өлкесіндегі оқшаулау нысандары 40%-ға көбейген. Нақтырақ айтқанда, зерттеушілер Шыңжаңда бір жылда 61 лагерь жаңадан салынғанын, тағы оннан астам ғимараттың құрылысы жүріп жатқанын, жалпы жиыны 380-нен аса «лагерьге ұқсас» ғимаратты анықтаған.