Біріккен Ұттар Ұйымы (United Nations),  Халықаралық Адам Құқықтарын

қорғау ұйымы (International Human Rights Organizations),

Еуропа Парламенті (European Parliament) және 

ҚР Президент әкімшілігінің,  ҚР Сыртқы істер министрлігінің назарына: 

Соңғы жылдары Қытай үкіметі «терроризмге, діни экстремизмге қарсы күресті» желеу етіп Шыңжаңдағы аз санды ұлт өкілдеріне қысымды күшейтті. Бұл қазақ, ұйғыр, қырғыз, т.б. Шыңжаңдағы жергілікті аз санды ұлт өкілдері құқықтарының ауыр дәрежеде тапталуына себеп болды. Миллионнан астам аз санды ұлт өкілі сотсыз, сұрақсыз лагерлерге (Бейжің билігі «Білім беру орталықтары» деп көрсетуге тырысады) қамалып, мыңдаған адам жалған жалалармен қудаланды. Нәтижесінде, Шыңжаң өңірі әлемдегі адам құқығы ең ауыр дәрежеде тапталған аймаққа айналды.

2020 жылы 10 шілде күні (Бейжің уақытымен 08:00 ден 15:30 аралығында) Шыңжаңдағы Алтай аймағының Көктоғай ауданында үш қазақ азаматына қатысты сот отырысы өткен. Нұрлан Нәбиұлы, Нағыз Мұхаммедұлы, Толқын Соғысайұлы қатарлы қазақ азаматтары бұдан 3 жыл бұрын (2017 жылдың аяқ шенінен 2018 жылдың наурыз айына дейін) Көктоғай аудандық Қоғам қауіпсіздік мекемесі жағынан ұсталып, содан бері Көктоғай ауданында қамауда болған. Алғашында оларға «Жоспарлы тууға», «Қос тілді оқытуға» (Қытайдағы демография және білім беру саясаты) қарсы шыққан, әсіре ұлтшылдық, ұлттық бөлшектеуші және отан тұтастығын бүлдіруші, т.б. айыптар тағылған.

10 шілдедегі сот барысында оларға тағылған айыптардың бір қатары алынып тасталып, «әсіре ұлтшыл», «ұлттық бөлшектеуші», «отан тұтастығын қауіп төндірген», «отан сатқыны» деген айыптар тағылған. Алайда, мәліметтерге қарағанда, тағылған айыптарға қатысты нақты дәлелдер (қандай да бір аудио немесе видео жазбалар) көрсетілмеген, тек арнайы дайындаған «куәгерлердің» «айғақ сөздерін» алға тартқан.

Ақпарат көздерінің (жеке қауіпсіздігіне байланысты аты-жөні аталмайды) берген мәліметіне қарағанда, сот отырысынан бұрын тергеушілер оларды сот кезінде «қылмыстарын» мойындап, «партия мен үкіметтен рақымшылық, кеңшілік сұрауға» көндірмек болған. Сонда ғана сот шешімінің жеңіл болатынын айтқан. Айыпталған азаматтар сотқа дейін келіскен сыңай танытқан, (егер олар бұл талаптармен келіспегенде сот отырсы болмауы да мүмкін) сотта жарыссөз алғанда үшеуі де өздеріне тағылған айыптармен келіспейтінін ашық айтқан. Олар сөзінде өздеріне тағылған айыптармен мүлде келіспейтіндерін, керісінше жазықсыз қамауға алынып, 57 күн бойы азаптауға ұшырағандарын, денсаулықтарына ауыр дәрежеде зақым келгенін алға тартып, Көктоғай аудандық Қоғам қауіпсіздік мекемесі (Полиция) мен Ұлттық қауіпсіздік бюросының бұл әрекеттерін заң аясында қайта қарауды талап еткен (Мәліметтерге қарағанда, оларды жан түршігерлік жазалау әдістерін қолданып, «қылмыстарын» мойындатпақ болған. Екі айға жуық уақыт бойы ұрып-соғып, ұйқысыз, тамақсыз небір ауыр жаза түрлерін қолданған).

Алғашқы сот отырысынан екі айдан астам уақыт өткенде (24 қыркүйекте) Нұрлан Нәбиұлы, Нағыз Мұхаммедұлы, Толқын Соғысайұлы қатарлы қазақ азаматтарына сот үкімі шығып, үшеуінің де өзіне тағылған айыптармен келіспегеніне қарамастан өмір бойы бас бостандығынан айыру жазасы берілген. Сот үкімінде «әсіре ұлтшыл», «отан тұтастығына қауіп төндірген» т.б. айыптармен қатар, «Қазақстандағы «қазақшыл» ұйымдармен байланыс орнатқан», «Қазақстанмен жиі байланысқа шыққан», «Қазақстанның Тәуелсіздік күнін құттықтап, қонағасы берген» деген айыптар да бар. Сот үкімінде айыпталушылардың бірі Нұрлан Нәбиұлының ауыр дәрежедегі көру қуатының әлсіздігіне байланысты мүгедектігі де ескерілмеген.

Назар аударарлық бір жайыт, ауыр айыптар тағылып, өмір бойына қамау жазасы берілген үш азамат та XX ғасырда Шыңжаңдағы Қазақ Ұлтазаттық күресінің жетекшісі әйгілі Оспан батыр Сәлімұлының тіке және аталас ағайындарының ұрпақтары.

Нұрлан Набиұлы (Оспан батырдың немересі) 1966 жылы ҚХР ШҰАР Көктоғай ауданында туған. 1990 жылдан бастап Көктоғай аудандық халық сот мекемесінде қызмет істеген. 2000 жылы денсаулығына байланысты мемлекеттік қызметтен шегінген. 2018 жылы науырыз айынан бері себепсіз қамауда.

Нағыз Мұхаммедұлы (Оспан батырдың немере ағайныдарының ұрпағы) 1968 жылы ҚХР ШҰАР Көктоғай Ауданында туған. 1991 жылдан бастап Көктоғай аудандық Мәдениет үйінде, кейін Алтай аймақтық мәдениет мекемесінде қызмет істеген. 2018 жылы науырыз айында себепсіз қамауға алынған.

Толқын Соғысайұлы (Оспан батырдың аталас ағайындарының ұрпағы) 1968 жылы ҚХР ШҰАР Көктоғай ауданында туған. 1990 жылдан бастап Көктоғай аудандық № 1 орта мектепте ұстаздық еткен. 2017 жылы Желтоқсан айында себепсіз қамауға алынған.

Дерек көздерінің мәліметіне қарағанда, айыпталған азаматтардың сотталуына олардың Оспан батырдың тіке және аталас ағайындарының ұрпақтары болуы басты себеп болған. Оспан батыр Қытайда, әсіресе Шыңжаңда саяси-тарихи тұрғыда ақтауға шектеу қойлған санаулы тұлғалардың бірі. Шыңжаңда Оспан батырдың есімін ұлықтауға, дәріптеуге, ұлт азаттық күресінің жетекшісі ретінде көрсетуге, тіпті атын атауға да шектеу қойылған. Керісінше, мемлекеттік «идеология машинасы» жағынан «бүлікшіл», «банды» деп көрсетуге күш салады. Шыңжаңдағы «терриоризм мен діни экстремизмге қарсы күрес» желеуіндегі аз санды ұлттарды жаныштау саясаты күшейген тұста, «екі жүзділерді әшкерелеу» саяси қозғалысы жүргізілді. Асыра сілтеуге мейлінше жол берілген бұл қозғалыс нәтижесінде көптеген ұлтжанды және белсенді аз санды ұлт өкілдері қудаланды. Оларға «шетелмен байланыс орнатқан», «отан сатқыны» деген айыптар тағылды. Осы тұста Көктоғай ауданында және Алтай аймағындағы үкіметтік отырыстарда «Оспан бандыны түп-тамырымен құрту, қалдықтарын аластау» деген саяси ұрандар да айтылған.

Мәліметтерге қарағанда, жоғарыда аталған үш азаматтың айыпталуына және ауыр жазаға кесілуіне Алтай аймақтық партком секретары Жаң Янь (张岩/Zhang Yan) мен оның орынбасары, аймақ басшысы (уәлиі) Қаден Кәбенұлы және Көктоғай аудандық партом секретары Лию Чың (刘成/Liu Cheng) тікелей ықпал еткен. Олар «банды Оспанның ұрпақтарын, астыртын жалғасқан ұйымдарын құртып, қатаң шешім жасауға» тапсырма берген. Көктоғай аудандық Қоғам қауіпсіздік мекемесі (полиция) мен Ұлттық қауіпсіздік бюросының жетекшілері де Нұрлан Нәбиұлы, Нағыз Мұхаммедұлы, Толқын Соғысайұлы қатарлы азаматтардың өздеріне тағылған айыптарды мойнынап жазалануына барынша күш салған.

Дерек көздері бұл аталған аймақ, аудан басшыларының Оспан батырдың әулетіне қатысты бұл істі жоғарыға соттар мен жоғары әкімшілік билік деңгейіне жеткізбеуге тырысып отырғанын мәлімдеді. Мәліметтерге қарағанда, Нұрлан Нәбиұлы, Нағыз Мұхаммедұлы, Толқын Соғысайұлы қатарлы азаматтарға қатысты іс жоғары сот және әкімшілік тарабынан «негізі әлсіз», «толық тексерілуі керек» деген талаппен бірнеше рет Көктоғай ауданының қарауына қайтарылған. Дерек көздерінің болжауынша, бұл да жоғарыда аталған аймақ және аудандағы басшылар мен қатысты орган жетекшілерінің мақсатты әрекеті. Алайда, айыпталған азаматтар өздеріне тағылған айыпқа да, сот шешіміне де мойынсал емес екендікерін ашық білдірген. Мәліметтерге қарағанда, Толқын Соғысайұлының «екі жүзді тұлға» ретінде айыпталуына аудандық № 1 орта мектептің директоры Тән Сұңның тікелей жала жабуы себеп болған. Тәуелсіз сарапшылардың пікірінше, аталған ресми тұлғалар өздерінен жоғары билікке саяси қозғалысты «табысты орындағанын» дәлелдеу үшін Оспан батырдың ұрпақтарын мақсатты түрде көрсетіп, қудалануына себеп болған. Бұдан тыс, сот процесінің қазақ тілінде болуы, онлайн режимде болған сотқа тек қазақтардың ғана қатыстырылуы да саяси ойын деп айтуға негіз бар. Оспан батыр тақырыбының қазақ-қытай қатынасы үшін нәзік тақырыптардың бірі болғандықтан, бұндай мәселені мақсатты түрде қазақтардың өз ішінде болып жатқан мәселе қатарында көрсетуге тырысуда. Ал, аталған азаматтарға тағылған айып пен оларды күштеп мойындатуға тырысу әрекеттері істің ондай қарапайым емес екенін анық көрсетеді.

Қытай билігінің Шыңжаңдағы әсіре саяси әрекеттері ондағы аз санды ұлт өкілдерінің азаматтық және адами құқықтарын ауыр дәрежеде бұзумен қатар, белгілі деңгейде қазақ ұлтының ортақ құндылықтары мен Қазақстан азаматтарының отбасы мүшелеріне өзінің кері әсерін тигізуде. Көктоғай аудандық Қоғам қауіпсіздік мекемесі мен Ұлттық қауіпсіздік бюросы жағынан негізсіз айыпталған азаматтардың туыстары (балалары, ата-анасы және бауырлары) Қазақстан Республикасының азаматтары. Бұған қоса Оспан батыр қазақ халқы арасында аса биік мәртебеге ие тарихи тұлғалардың бірі. Елімізде және шетелдерде өткен халықаралық-ғылыми конференцияларда оны қазақтың ғана емес тұтас түркі дүниесінің ұлттық қаһарманы ретінде атайды. Бұндай тұлғаның ұрпақтарына жасалып жатқан қудалау тұтас қазақ халқының арасында үлкен дүмпуге, наразылыққа себеп болары хақ. Нәтижесінде екі елдің достық байланысқа құрылған дипломатиялық, сауда-экономикалық қарым-қатынастарына кері әсер етуы бек мүмкін. Сондықтан, бұл мәселені ҚР Сыртқы істер министрлігі, Президент Әкісшілігі назарына алуы, дипломатиялық арналар арқылы ұлттар ара қарым-қатынасқа ықпал ететін бұндай келеңсіз жайттерге жол бермеуге күш салуы тиіс.

Шыңжаңдағы 1 миллоннан астам аз санды ұлт өкілдерінің лагерлерге қамалуы (БҰҰ мәліметі бойынша), олардың ең қарапайым құқықтарының, ұлттық салт-санасы мен діни наным-сенім еріктерінің ауыр дәрежеде бүлінуі XXI ғасырдағы адамзаттың ортақ құндылықтарына жасалған ең үлкен қастандық деп саналуы тиіс. Сондықтан да, Біріккен Ұттар Ұйымының (United Nations), Халықаралық Адам Құқықтарын қорғау ұйымдарының (International Human Rights Organizations), Еуропалық Парламенттің (European Parliament) Шыңжаңдағы адам құқығы мәселесіне баса назар аударуын, халықаралық санкция қысымын күшейтуін, сол арқылы адамзаттың ортақ құндылықтарды қорғауға күш салуын үміт етеміз.

“The Qazaq Times”