Әлем бойынша 31 миллионнан астам адам коронавирус жұқтырған. Қайтыс болғандар саны 970 мыңға жуықтады. Алғаш Қытайдың Ухань қаласында тіркелген қауіпті індеттің екінші толқыны белең алғандықтан, әлем ахуалы күрт нашралайды деп ДДСҰ дабыл қағып отыр.
Америка антирекорд орнатқан елдер тізімінде бірінші орында тұр. Мұнда тіркелген деректер саны 7 миллионға таяса, 200мыңнан астам адам ажал құшқан. Кей штат тұрғындары Ақ үйдің коронавируспен күрес шараларына қарсы. Сол себепті Лос-Анджелесте ереуіл өтті. Жиылған жұрт АҚШ-тың әлемдік «антирейтингте» көш бастап тұрғанына Дональд Трамп кінәлі дейді.
Еуропа елдеріндегі жағдай да мәз емес: мемлекет басшылары коронавирустың екінші толқынының басталғанын жариялап, сақтық шараларынқайтадан күшейте бастады. Германияда эпидахуалдың нашарлауына байланысты төрт қала карантинге жабылып, аумақ бойынша шектеу шаралары күшейтілмек. Елде жалпы саны 277 мыңнан астам кейс тіркелген. Вирус дерегі анықталған тұрғындар қатары күн сайын көбейген. Баварияда бейсенбіден бастап сыртта маска тағу режимі енгізілді. Дәрігерлер науқастардың көбі мектептерде, қоғамдық орындар мен босқындарға арналған жатақханаларда анықталып жатқанын хабарлайды. Мысалы, Солтүстік Рейн-Вестфалияда шамамен 7 мыңға жуық оқушы мен 600 мұғалім карантинде отыр.
Германия вирусологтары өндірген вирусқа қарсы вакцина зерттеудің үшінші фазасында. Жоспарға сәйкес, жыл соңына қарай немесе келесі жылдың басында Германияда індетке қарсы вакцина дайын болуы керек. Елдегі екпе өндіретін «Biontech» компаниясының өкілдері «Алдағы уақытта 750 млн доза вакцина өндірмек ниетте. Алайда бұл мөлшер тек 375 млн адамға жетеді. Мәселен, тұрғындар екпені екі мәрте қабылдауы тиіс», – дейді.
Ұлыбританияда коронавирус індетінің өршуіне байланысты жаңа шектеу шаралары енгізілді. Елде індеттің екінші толқыны басталған. Ауруды жұқтырғандар саны өсіп келеді. Вирустың таралуын тежеу мақсатында үкімет қатал шараларды енгізді. Бүгіннен бастап мейрамханалар сағат кешкі онға дейін ғана жұмыс істейді. Барлық мекеме қызметкерлері бетперте тағуы тиіс. Сондай-ақ үйлену тойларына шақыруға рұқсат етілген қонақтар саны 30-дан 15-ке дейін қысқарды.
Ұлыбритания премьер-министрі Борис Джонсон: «Қыс басталысымен вирустың таралуы күшейеді. Соңғы екі аптада ауруханаға түскен науқастар саны екі есе артты. Карантиннен кейін әрең дегенде қалпына келе бастаған кәсіпорындарға шектеу кері әсер тигізетінін білемін. Дегенмен, вирустың таралуына жол бермеу үшін бірқатар шараларды қолға алуға тура келеді», – дейді.
Еуроодақ пен НАТО-ның штаб-пәтері орналасан Бельгияда да коронавирус кейсі артқан. Аймақта әлем бойынша жан басына шаққандағы өлім-жітімнің ең үлкен көрсеткіші тіркелген. Бүгінде инфекциядан көз жұмғандардың саны 10 мыңға жуықтады. Ал пандемия басталғалы індеттің ілмегіне ілінгендердің қатары 103 мыңға жетті. Әзірге компаниялар, өндіріс орындары және мектептер әзірге бұрынғы режимде жұмыс істеуде. Ал қызметкерлер мен оқушылардан вирус анықталса, сыныптар не жеке департаменттер карантинге жабылатын болады. Қазір елде 6 мектеп жұмысын тоқтатты.
Испанияда індетпен күреске әскерилер жұмылдырылмақ. Олар тұрғындардың карантин талаптарын сақтауын бақылауға алады. Бұл ережені ел премьер-министрі Педро Санчес енгізді. Қазір Испания астанасында коронавирус диагнозы қойылған науқастардың қатары асып барады. Ауруханада жатқандардың саны да өсуде. Аймақтағы эпидемиологиялық ахуалдың күрделенуіне байланысты билік Мадридтің 37 ауданында шектеу шараларын қатаңдатты.
Індеттің екінші толқыны белең алған Грекия мен Түркияда дәрігерлер наразылық білдірді. Түркияда бір апта бойы денсаулық сақтау қызметкерлерінің наразылық шеруі өтті. Түрік медицина қауымдастығына мүше дәрігерлер індетке қарсы күресті күшейтіп, індетке шалдыққан әріптестері үшін өтемақы беруді сондай-ақ, үкіметтің коронавируске қатысты статистиканы ашық жария етуін талап етті. Наразылық шеруіне қатысушылардың айтуынша, ресми эпидемологиялық көрсеткіштер шынайы статистикадан алшақ. Яғни азайтып көрсетіледі. Бұл індетке қарсы күрес барысындағы шараларға кері әсер етіп отыр дейді дәрігерлер.
Бұл мәселеге қатысты ресми мәлімдеме жасаған Түркия денсаулық сақтау министрі Фахреттин Қожа: «Елдегі эпидемологиялық жағдайды бұрмаладық делік, оны қайдан біліп отырсыз? Күнделікті реанимациядағы науқастардың артып жатқанын айтамын. Жағдай өте қиын деймін. Өткен аймен салыстырғанда ауыр жағдайдағы науқастар саны 100% өсті деп айтамын. Көз жұмғандар санын ашық түрде жарияладым. Өткен аймен салыстырғанда 4,5 есе көп. Осы кезеңде денсаулық сақтау саласына жүктемеге қатысты шығарған кестеде ешқандай қателік жоқ», – дейді.
Коронавирус дерегі бойынша антирекорд орнатқан мемлекеттер қатарында Үндістан (5,65 млн кейс), Бразилия (4,57 млн) мен Аргентина бар. Әлемдік антирейтингтің ондығына кірген Аргентинада расталған деректер саны 640 мыңнан асады. Соған қарамастан билік карантин енгізудің қажеті жоқ десе, аргентиналықтар шектеу шараларын жеңілдеткеніне қарсы. Осыған байланысты Буэнос-Айресте медициналық қызметкерлер наразылық акциясын ұйымдастырды.
Ресейде коронавирус жұқтырғандар саны 1,12миллионға жетті. Жақында ресейлік COVID-19 дертіне қарсы жаңа вакцина сынақтан өткізілмек. Препарат Чумакова атындағы ғылими федералды орталығының мамандарымен әзірленіп жатыр. Вакцинада жасанды әлсіз вирус қолданылады. Дүниежүзілік Денсаулық сақтау ұйымдарының талабы бойынша зерттеу жұмыстарына 3 мыңнан астам ерікті жұмылдырылған. Болжам бойынша клиникалық сынақ қараша айында аяқталуы тиіс.
Украинада осыған дейін 181мың адам вирус жұқтырса, Беларусьте науқастар саны 80 мыңға жуықтады. Дәл қазір Беларусь халқы коронавируспен емес, «әділетсіз саясатпен», билікпен күресуде.
Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымының ресми мәліметі бойынша, Қазақстанда 138 542 адам коронавирус ауруына шалдыққан. 2043 адам қайтыс болған. Кеше (22 қыркүйек – ред.) елде 76 адамнан коронавирус дерегі анықталған. Осылайша дерт жұққаны ПТР-тестімен расталғандар саны 107 450 адамға жетті. Басым бөлігі жазылған. Наурыз айынан бері 1703 адам қайтыс болған. Бұл статистикаға «ілеспе аурулардан» қайтыс болған жүздеген адам өлімі енгізілмеген.
Қазақстан Денсаулық сақтау министрлігі елде эпидемиологиялық ахуал тұрақталды десе де, пневмония статистикасы әлі күнге дейін құбылып тұр. Коронавирус инфекциясынан қайтыс болғандар саны да артып жатыр.