«Әдебиет ардың ісі» деп босқа айтпаса керек. Әлеуметтің желіде жарияланған Зәуре Батаеваның «Абай жұмбағы: Қазақстанның белгісіз ұлы ақыны» атты шағын зерттеу жұмыс Абай мен қазақ ұғымы қатар жүретін менің санамда серпіліс әкелді деп айтуға келмес, селк еткізді. Сонау бағзыдан жалғасқан ауыз әдебиетінің беттеліп, қаттала бастаған он тоғызыншы ғасырдың соңы мен жирмасыншы ғасырдың басындағы Абай шығармашылығы исі қазақтың рухани азығына айналып, сол бұлақтан қанып ішкен ұрпақтың бірі мен едім. Автордың жеке басына тиісуден аулақпын. Бірақ, қазақ пен Абайдан алған жан азығым соларға деген құрметім қолыма қалам ұстатты.
Ең алдымен тақырыптың өзі парадокс. «Қазақстанның білгісіз ұлы ақыны» белгісіз ақын қалай ұлы бола алады? «Қазақстанның деген сөздің өзі, бұл қазақтар үшін емес, бізге сыртымыздан қарайтын өзге елдер үшін жазылғандай әсер қалдырды. Абай әлемі адамзат тарихына қосылған ортақ мұра ретінде қарастырылатыны, ұлт өркениетінің жауһары саналғалы қашан. Әрине кейбір сын көзбен қарайтын мәселелердың бар екені шындық. Алайда Алланың бар екені қандай ақиқат болса Абайдың барыда соншалықты ақиқат. Олай дейтінім Абай ауыз әдебиеті мен жазба әдебиетіміздің тоғыспалы кезеңінде өмір сүрді. Сондықтан шығармаларының халық арасында ауызша сақталуы мен баспа бетіне шығып хатқа түсуі қатар өрбіді. Өлеңдердің түп нұсқасын іздеу ғылми дәлел үшін орынды болғанымен жыр-дастандарды ауыздан-ауызға жеткізген қазақ үшін қисынға келмейді. Туған және қайтқан күндері дәл берілмеуі Абайдың жоқ екенін дәлелдемейді.
«Отырамыз ырғалып,
Аймен күнді ұға алмай.» -деп Абайдың өзі айтқандай баланың тууын ел жайлауға көшкенде, жәрмеңке болғанда деп еске сақтайтын елде уақыттың ауытқуы әбден мүмкін.
«Жүрегімнің түбіне терең бойла,
Мен бір жұмбақ адаммын оныда ойла.
Соқтықпалы, соқпақсыз жерде өстім,
Мыңмен жалғыз алыстым, кінә қойма!..» -деп айтып кеткен Абайдың өзі болатын.
Ешқандай баспасыз, түпнұсқасыз сол заманда өмір сүрген біраз ақын Абайды өзіне үлгі тұтты. 1867-1923 жылдар аралығында өмір сүрге Әсет Найманбайұлы өлерінде жазған өлеңінде:
«Болжаусыз осы екен ғой өлім деген,
Күн бұрын көзге келіп көрінбеген.
Артыма сөз қалдырмай ала кеттім,
Айғайға қайран даусым ерінбеген.
Абайдай арт жағыма сөз қалдырып,
Жақсы еді-ау, әттеген-ай өлу деген.» -деп өкінішін білдіреді. 1856 жылы қазіргі Шығыс Қазақстан облысының Жарма ауданында туып 1924 жылы қайтыс болған Абайдың замандасы Әріп(Мұқамметғарып) Тәңірбергеннің өлеңдерінің арасынан «Абай сөзі» деген өлең кездеседі.
«Дүние жарға ойналаған лақтайсың,
Қайнаған келеріңде бұлақтайсың.
Пәлекет, өтірікші, қушыкеш боп,
Азғырып кей адамды шыдатпайсың.» -деп басталып 78 тармақтан тұратын бұл өлеңде ақынның Абай өлеңдерімен рухани үндестігі анық байқалады.
«Семейге Абай келсе бізде думан,
Ән салып босамайды айғай шудан.
Бас қосу, бақастасу, мәжіліс құру,
Секілді бір ғылымның жолын қуған.
Тарихтан неше түрлі Абай сөйлеп,
Өзгелер отырады аузын буған.
Бір барсаң мәжілсінен кеткің келмес,
Хакімдей Аплатон аңырап тұрған.
Келбеті біліміне лайықты,
Япыр-ай, мұдай адам қалай туған?» -деген Көкбай ақынның тармақтарынан Абайды қалай жоқ дей аламыз.
Боранбай Отынбаевтің(Бораш ақын) «Әріп ақын қайтыс болғаннан кейін Бораш ақынның жоқтауы» атты өлеңде:
«Қадірін Абайдың да білген жұрт жоқ,
Бар жақсы шықты деген сезімді елден.
Туыпты Абайдан соң Әріп – асыл тасым,
Жаратқан құдай артық ғазиз басын.» -деп келетін шумағы бар.
Сол заманда Ақыт Үлімжіұлының(1868-1940) өлеңдерінде де Абайдың әсері байқалады. Ақыт шығармалары Абайдан он сегіз жыл бұрын баспа бетін көргенін ескерсек Абай шығармалары халық арасында ешқандай қолжазбасыз-ақ сол кездің өзінде жетер жеріне жеткен. Осы орайда «1903 жылы Бөкейханов «Абайдың шын есімін әлі білмеуі де мүмкін әлде ол оны ойлап таппаған болар» деген автор сөзі қаншалықты қисынды?
Абайдың «Біраз сөз қазақтың түбі қайдан шыққаны туралы» деген еңбегінің қолжазбасы сақталған. Бұл еңбегі Абайдың біраз тарихи зерттеу жасағанын аңғартады. Рашид-ад-Динның «Жылнамалар жинағы», Хондемирдің «Маңғолдар тарихы», Әбілғазы Баһадүрханның «Түрік шежіресі», Н. Я. Бичуриннің 1851 жылы жарық көрген «Көне замандарда Орта Азияны мекендеген халықтар туралы мәліметтер жиынтығы» атты еңбегін оқығанын зерттеушілер айтып жүр. Осыншама біліктілік пен білімділікке шүба келтіруге болмас. Автор «Абай медіреседе үш жыл білім алып, шіркеу мектебінде үш ай орысша оқып, өзінің ерекше қабілетінің арқасында аса күрделі саналатын орыс тілін ғана емес, сонымен қатар парсы, араб тілдерін статистикалық ғылымдар мен Шығыс пен Батыстың философиясын өз бетімен меңгеріп алыпты-мыс» -дей келе «Біз қазір «Абай» деп атайтын адам ерекше дарын иесі болды десекте дала көшпендісінің қиын-қыстау өмірін кешіп жүріп, өздігінен осынша білім мен біліктілікті меңгеріп алу мүмкін емес нәрсе» -деп ой қорытады. Бүкіл мәтін барсында осы ойды бір неше рет қайталайды. Сонда басқасын қойғанда 870-950 жылдар арасында өмір сүріп Аристотельден кейін дүние жүзі білімі мен мәдениетінің екінші ұстазы атанған әл-Фарабидың, XI ғасырда өмір сүрген Махмұт Қашқаридың, Жүсіп Хас Хажып Баласағұнның, XII ғасырдағы Қожа-Ахмет Яссауидың біліміне шүбә келтіреміз бе?
Келесі кезекте Абай аты-жөні туралы автор мынадай уәж айтады: «Абайдың толық аты Абай (Ибраһим) Құнанбайұлы. Алайда он тоғызыншы ғасырдағы нағыз көшпенді қазақтың аты «Ибраһим» емес, «Ыбырай» болуы керек еді, Өйткені сол кездегі қазақтар қолданған дыбыс жүйесі бойынша «Ибраһим» деп атау мүмкін емес еді» -дейді. Абайдың ел ішінде Абай болып аталғанымен сол кезде өмірге келген біраз білгілі адамдардың азан шақырып қойған мұсылманша есімдері мен қосымша аттары қатар аталған. Шоқан Уәлихановтың Мұхамметқанапия, Әріп Тәңірбергеновтың Мұхамметғарып, Балуаншолақтың Нұрмағамбет, Ыбырай Алтынсарыинның Ибраһим, Сегіз серінің Мұхамметқанапия екенін білеміз. Сондықтан Абайдың Ибраһим есімінен ешқандай символикалық мән іздеудің керегі жоқ.
Мен бұл арада Абайдың ақындығын дәлелдейін деп отырғамын жоқ. Абайдың ақындығы өзінің биігінде қалары сөзсіз. Автор Абай шығармаларының төркінін Әлихан Бөкейхановтан іздейді. «Шыңғыс ханның ұрпағы – сұлтан Бөкейханов өз атын ақындықпен немесе шығармашылықпен байланыстырғысы келмеуі де мүмкін. Бөкейханов бұған қатысты ойын 1905 жылғы мақаласында тұспалдап айтқандай.» – дей келе «Бөкейханов бұл жерде өз жағдайын меңзеп отырса керек. Оның тегі, яғни, төре руының қоғамдағы жоғары дәрежесі оның өз атынан жариялауға кедергі жасаған ең басты себеп болуы әбден мүмкін.» -деп жорамалдағанда Абайдың да алғашқы өлеңдерін өз атынан жарияламауы аға сұлтанның ұлы, әрі ел билеген болыс болғанын естен шығарып алады.
Мұндай жорамалдар мәтінде көп кездеседі. 1954 жылы Әлкей Марғұлан Ленинграттағы географиялық қоғаның архибінен тауып алған қолжазбада А. К. Деген лақап атпен он екі өлең болғанын, кеңес ғалымдары «Абайдыкі» деп танығанын, бұл Бөкейхановтікі емес пе деген ой келгенін айтқан автор «Бұл мүмкіндікті 1954 жылы және одан кейінгі, яғни, Бөкейхановтың аты-жөніне тиым салынған жылдары, ғалымдар атауға дәттері бармаған болуы мүмкін» -деп тағыда күдікке толы дәлел келтіреді. Жазушы Кәмен Оразалиннің «Абай ауылына саяхат» кітабында Әлихан Бөкейханов Абайды алғаш рет орыс тілінде оның Абайға арналған азанамасы Семейдің жағрапиялық қоғамының үшінші кітабында басылған болатын деп айта келе Алаш үкіметінің «Басты қайраткерлері Ахмет Байтұрсыновтың 1913 жылғы «Қазақ» газетінде басылған: «Қазақ халқының бас ақыны» дейтін еңбегі, Мағжан Жұмабаевтың «Абайға» дейтін өлеңі, М. Дулатовтың «Абай» деген атпен «Қазақ» газетінде басылған мақаласы бәр-бәріде Абайдың кейінгі іні-балаларын тегіс Алашқа жатқызуына себеп болды» деп жазады. Абай Бөкейхановтың жобасы болса бұл Бөкейхановты зерттеген ғалымдардың көзінен қалай тасада қалды. Әлекең аталып кеткен Әлихан Бөкейхановтың қазақ үшін сіңірген еңбегі ұшан-теңіз. Абайды жасап шықпады екен деп тұлғалығына титтейде кір келмейді. Абайды алғаш орыс оқырмандарына таныстырғаны шындық. Ал, Абай шығармашылығындағы тұтастық оны бөліп жарып қараудың мүмкін еместігін көрсетеді. Өлеңдері де, қара сөзері де Абай ойының үлкен арқауына құрылған. Қай шығармасын алып қарасаңызда өзегі өртеніп, күйік шалған мұңлы Абайдың бейнесі. Ол мұң өз қауымын жатсынып жеріну емес. 1895 жылы жазған бір өлеңінде:
Талай сөз бұдан бұрын көп айтқанмын,
Түбін ойлап, уайым жеп айтқанмын.
Ақылдылар арланып ұялған соң,
Ойланып түзеле ме деп айтқанмын, -дейді. Егер Абай қазақтың жалқау, надан, қызғаншақ болтынын айтса, ол шындық. Әлі де содан арыла алмай келе жатқанымызда өтірік емес. Көкірегі ояу адамның көзіне симаған көрніс тілінен ащы зар болып төгіледі. Бұл үрдіс әлем әдебиетіндегі басқа ақын жазушыларда да көптеп кездеседі. Әрі солардың біразы сол ащы ақиқаттары үшін «Новельді» де алып жүр.
Батаева мәтінінің соңы көптеген жорамал мен тұспалдан тұрады. Нақты фактіге құрылғандай болғанымен тиянағы жоқ. «Интернатта оқып жүр» өлеңінің авторы Бөкейханов емес, Дулатов сияқты жасырақ біреу болуы әбден мүмкін» – деп жорамалдайды. «Абай канонында авторын анықтау аса қиын болатын туындылар да бар. Мысалы отыз сегізінші сөзді кім жазды? Мәтін сарыны мен мазмұнына қарасақ, оны бір білімді молда жазуы әбден мүмкін. Бірақ кім? Дүние мүлкін кеңес үкіметі тәркілеген, Алаш ордаға қатысы бар молда ма?» тағыда осы мәтінде «1951 жылы өзге әріптестеріне қарағанда Абайдың өлеңдерін тереңірек зерттеген Зәки Ахметов Абай канонындағы «Лермонтовтан шабыт алған өлең саны біз ойлағаннан әлде қайда көбірек» екенін айтқан болатын. Осы аудармалар мен тәржімелердің авторы кім? Ресми өмірбаянында Орыс тілін шіркеу мектебінен үш ай ғана оқыған XIX ғасырдағы қазақ көшпендісі аударды деген шындыққа жанаса ма?» деп сұрақ қояды. Егер осы Заки Ахметовтың «Абайдың тіл ұстарту өнегесі» деген мақаласында «Ілияс Жансүгіров «Абайдың жыры ырғақ, музыка құрлысы жағынан төгіліп кетеді.» дегенін келтіреді. Сұлтанмахмұттың өлеңдеріндегі көркем сипаттама, теңеу, салыстырулар да Абайды өзіне үлгі тұтқанын тілге тиек еткенін ескерсек сол дәуірде, өмір сүрген ақындар Абайдың Ә. Бөкейхановтың «жобасы» болғанын қалай аңдамаған.
Батаева тіпті Абайдың өмірде болғанына да күмән келтіреді. Осы орайда біз ақын Абай туралы арғы бетке жеткен әңгімелер аға сұлтан Құнанбайдың Алтай бетіне барғанынан бастап, Тройсцкдегі мұғалімдер дайындайтын мектепте оқыған Сейтқазы Нұртаев (әуелде ақын Абаймен хат алысса кейін қуғынға ұшырағанда біраз уақыт Абай ауылында болған. 1909 жылы Мәми бидің шақыртуы бойынша Алтайға келіп 1933 жылға дейін Алтай бетінде ұстаздық еткен), 1931 жылы қазан қараша айында өткен шағын топты Зият Шәкірімұлының бастап өткенін ескерсек Абай төңірегіндегі әңгімелер Қазақстан қазақтарымен ғана шектеліп қалмағанын Мидхат Разданұлының «Белестер белгісі» кітабындағы «біздің үйде қазақтың екі ұлы ақыны Абай мен Шәкарім өлеңдерінің қолжазба күйіндегі (көшірме) нұсқалары болғанын білетін едім» -деп Алтай бетіндегі Абай туыстары туралы жазған жазбаларынан көруге болады. Осы кітапта Кәктай туралы шын аты Ғабдулхаким, Мағауиямен құрдас 1870 жылы туған. Ескіше білім алған. Абай жанында 24 жыл бойы бірге болып көп істердің куәсі болғанын айтады. Осы Кәктай Абайдың тапсыруы бойынша 1896 жылдан бастап Мағауия, Ақылбай және Көкбайлармен бірге Абай өлеңдерін жинасқан. Абай өлімінен соң 1906 жылы өлеңдерін бастыру ісіне шұғыл кірісіп Мұрсейтке арнаулы үй тігіп беріп өлеңдерді хатқа түсіруге отырғызады. Ал Батаева Мұрсейтті «Абайдың хатшысы» болған «Мұрсейіт Бікіұлы өз қолымен көшіріп алыпты дейді.» Мұрсейттің Абай өлгеннен кейін Кәктайдың бастамасымен арнайы көшіруге отырғанын байқаймыз. Кәктай өзі Абайдың өмір баянын жазып Семей, Омбы, Қазан қалалаларының баспаханаларына барып ыңғайы келмеген соң 1909 жылы Петербурдағы Бурганский баспасына екі жүз сом ақы беріп «Қазақ ақыны Ибраһим Құнанбайұғылының өлеңдері» деген атпен сол жердегі қазақ зиялыларының көмегімен бастырып шыққанын айтады.
1891 жылдан 1914 жылға дейін Ақыт Үлімжіұлының Қазан, Орынбор, Семей, Санк-Петербург баспаларынан он кітабі он жеті рет басылып шыққанын ескерсек, З. Батаеваның «1900 жылдары қазақ тіліндегі кітаптар Қазан немесе Орынборда шығарылған еді.» деп Абай өлеңдерінің Санк-Петербургта Кәктайдың шығара алатынына күмән келтіруі орынсыз. Ақыттың өзге елде өмір сүрседе кітаптарын осы жерлерде шығаруы З. Батаеваның пікірін терістейді. Оның үстіне бұл нұсқада өлеңнің әр тармағы араласып өлең тармақтарының жігі ажыратылмаған. Бұны Әлихан Бөкейханов жасаған болса ондай қателік жібермей сауатты болып шығар еді. Абайдың 1922 жылы Тәшкентте Қазақ-қырғыз білім комиссиясы жағына басылып шыққан кітабында Халел Досмұхамбет пен Уәлихан Омаров «Дұрыстаушылардан» деп оқырманға берген түсініктемесінде «Абай кітабінің бірінші баспасы оқушыларға қиын тиюші еді, қазақ емлесімен дұрыстап жазылмағандықтан, жаңылыс басылған сөздер көп болғандықтан, мәнісін айырып оқу қиын еді» деп басталатын төрт түрлі ескертуді айтады.
Бұл ескертулер 1909 жылы басылған кітаптың Әлихан сынды көзі ашық саутты адамның бастырған кітабы емес екендігін көрсетеді.
1922 жылы Абайдың бауырында өскен Шәкарімның өміріндегі Абайдың ықпалын айтудың өзі бір төбе. Осының бәрін жоққа шығару үшін Зәуре Батаеваның көп ізденгені байқалады. Сонда Абайдың баласы Әбіш пен Мағауия қайтқанда да жазған өлеңдерін Ә.Бөкейханов жазып беріп отырған ба? Мұхтар Әуезовтың 1929 жылы жазған «Өз жайымнан мағұлмат» мақаласында «Менің бала күнімнен ішкен асым, алған нәрімнің барлығы Абайдан, таза әдебиет сарынына бой ұрғанда маған Абай деген сөз қазақ деген сөзбен теңбе-тең түсетіндей кездері бар секілді, Абайды сүюім кейде туған орта, кіндік кескен жерді сүюмен пара-пар болатыны бар» деп өзі де атасы Әуездің үйретуі және қатаң тапсыруы мен сегіз-тоғыз жасынан бастап Абай өлеңдерін түгелге жуық жаттап алғанын жазады. Абай өмірін зерттеп, Абай шыңын жасап кеткен академиктің еңбегі әсте жоққа құрылмағаны ақиқат. Мұхтар Әуезовтың «Абай жолы» эпопеясында Абай образының тиіптендірілгені және осыны кеңестік идеология үшін үкіметтің ұтымды пайдаланғанын жасыра алмаймыз. Мәтіннің жетінші бөлімінде айтылғандай «1933 жылы Кеңес үкіметі әртүрлі бұқаралық ақпарат құралдарын пайдаланып, Абайды орыс тілімен мәдениетіне бет алған ағартушы, ойшыл, ақын ретінде дәріптеу науқанын бастады. Осы науқанның басты құралы – жаңадан құрылған мемлекеттік «Қазақстан баспасы» 6000 данамен басып шығарған «Абай Құнанбайұлы шығармаларының толық жинағы» атты кітабы еді» Бұл кітапта Жараковтың «Бұрын-соңды жалпы қазақ әдебиетінің тарихында, қала берді қазақ баспасының өмірінде бұл сияқты көркем шығармалар жазып жүрген ақын, жазушы, сыншыларымыздың толық жинағы басылған жоқ. Мұның себебі өзімізге мәлім: Өктәбр төңкерісіне шейінгі Ресей патшалығының отаршылдық қолтығында қысылып-езіліп келген қазақ елінің өз тізгіні өзінде болмай өз алдына ерікті ел болмағаны бір болса, екіншіден өзінің әдебиет көркем өнер музикелерін тілдерін өсіруге шаруашылық экономикесінің, мәдениетінің қабындап өсе алмай артта қалғандығымен байланысты» деген сөзінен З. Батаева Т. Жараковты «Ақын Абайдың өмірбаянынан еш хабары жоқ адам баспагердің осындай мәлімдемесінен кейін Абайдың кеңес жазушысы емес, 19-ғасырда өмір сүрген көшпенді қазақ екенін түсінер ме еді?» дейді. Егер Т. Жараков мәтінін ары қарай оқитын болсақ: «Абайдың пікірі идеалогиясы бізге теріс бай табының нысанасында болса да ол кездегі әдебиет мұраларын материал үшін таныстыруды онша керексіз деп таппадық.» дегенін көрмес еді. Батаева айтқандай «Абайды тарихқа бағынбайтын, мәңгілік шындықты жырлаған, сондықтан ешқандай тарихи контекстке байланысы жоқ түптұлға (прототипикалық) кеңес жазушысы деп таныстырды.» -деп ойлап қалуы әбден мүмкін еді.
Дейтұрғанмен, Батаеваның Кеңес кезіндегі әдебиет пен әдебиетшілерді тиіптендіру туралы айтқан ойларын теріске шығаруға болмайды. Кеңес одағы кезінде әдебиет идеология үшін жұмыс істеді, ақындар мен жазушыларды сол идеологияның құралы ретінде пайдаланды, таптық көзқарас мейлінше белең алды. Бұл ретте Абайдың бай мен кедей туралы, қараша халықтың бейшара халін көрсететін өлеңдерін, жұмысшы табының мәртебесін биіктетуге пайдаланды. Сол кездердегі жарық көрген барлық шығармалардың цензураның сүзгісінен өтіп отырғаны жасырын емес.
Ал, Абай әндері туралы сөз қозғау музыка зерттеушілерінің еншісінде. Дегенмен Батаева мәтінінде «Затаевич Абайдың үш әнін жазып алған еді: «Татьиянаның қырдағы әні», «Қор болды жаным» және атауы жоқ тағы бір ән. Қазақ халық әндерінің өзіндік ерекшеліктерін аса жоғары бағалаған Затаевич Абайдың өлеңдерін «Сапасы төмендеу дилетант орыс романстарына еліктеп жазылған» деп аса әсерлене қоймаған» -деген ойына өз пікірін жалғайды. «Себебі, бұл әндердің авторы көшпенді қазақ емес, орыстанған, қала қазағы, яғни, орыс ән өнерінен гөрі қазақ ән өнерін жоғары деңгейде меңгерген Байтұрсыновтан гөрі Бөкейханов сияқты біреудің жазғанын дәлелдейді» -дейді. «Егер сол уақытта қырда орыс мәдениетіне бас иген Абай сияқты ақын өмір сүрген болса, және тіпті өз руының ішінде танымал болсада, орыс энографтары оның өлеңдерін жазып алуға ағылып бармас па еді» -деген ойда қаншалықты қонымды? Сол кезде Абай орыстар үшін керек болды ма? Ақынның әні мен өлеңіне орыс өнертанушысы мен энографының берген бағасы біздер үшін соншалықты маңызды ма? Абай шығармалары Кеңес одағының қалыптаса бастауымен идеологиялық жақтан отарлау саясатында ұтымды пайдаланылды. Бірақ бұл 1904 жылы қайтыс болған ақынмен қаншалықты қатысы бар еді? Ал, бүгінгі және келер ұрпақ үшін Абайдың нағыз бейнесі мен оның рухани бостығымызды толтырып отырған асыл қазыналары керек. «Кеңес идеологиясының қазақ ғылымына залалды әсеріне қарамастан, үміт те жоқ емес. Бұл мақала аталып отырған мәселелерге жаңа буын әдеби сыншыларының назарын аударту мақсатымен жазылды» -дейді. Мен Батаеваның осы ойына құрметпен қарай отырып абайтану ғылымының әлі де зерттелер тұсы көп екенін еске саламын. Қасаңдық пен ескі сүрлеуден құтылып ақынның адам ретінде ашыла түскенін қолдаймын. Зәуре Батаеваның бұл еңбегін көре сала «Айды аспанға шығарды» деген осы болар деп аңтарылып қалғаным рас. Әйстсе де ыждағатпен соңына дейін оқып шықтым.
Сөз соңында Батаеваның «Абай» мен Бөкейханов өмірінің бір емес екен көрсетті. Олардың өмірбаяны да, шығармашылығы да толығымен сәйкес келмейді. Бөкейханов біз «Абайға» тиесілі деген көптеген өлеңдер мен аудармаларды жазса да, ол олардың жалғыз авторы емес. Бұған басқа жазушылар да ат салысты.» деген пікіріне түбегейлі қарсылығымды білдіріп қазақтың Абайын Бөкейханов сомдаған «Абай» бейнесі деп шатасудан аулақпын.
Ғасыр басыда өмірден өткен Абай өзі көрмеген Кеңес Одағының идеологиясына жауапты емес!
Пайдаланған материалдар:
- Әуезов М. Таңдамалы шығармалар. Қазақ энциклопедиясы. 1997 ж.
- Құнанбайұлы Абай. Таңдамалы өлеңдер. Қазақстан көркем әдебиет баспасы. Алматы. 1936 ж.
- Қазақ ақыны Ибраһим Құнанбайұғылының өлеңдері. Петербург. 1909 ж.
- Құнанбаев Абай. Таңдамалы өлеңдер. Тәшкент 1922 ж.
- Ескендірұлы(Әбдешев) М. «Алаш Орда» министрлері. «Алтынбек Сәрсенбайұлы» қоры. 2008 ж.
- Абай энциклопедиясы. Атамұра. 1995 ж.
- Абай парасаты. Зерттеу мақалалар, Іле халық баспасы, 1995 ж.
- Оразалин К. Абай ауылына саяхат. Алматы. Жалын. 1994 ж.
- Тоғжанов Ғ. Абай. Қазақстан Қазақстан көркем әдебиет баспасы. Алматы. 1935
- Разданұлы М. Белестер белгісі. Халық баспасы. 2002 ж.
- Ахметов З. Өлең сөздің теориясы. Мектеп баспасы. Алматы. 1973 ж.
- Кәпұлы Д. Қалам, сия – көз жасы. (Ақыт қажы Үлімжіқлының шығармашылық тұлғасы) Фолиант баспасы. Астана. 2018 ж.