Бүгін Дала Көкжалы, XX ғасырдағы қазақтың ұлтазаттық қозғалысының жетекшісі – Оспан батыр Сіләмұлының атылған күні. Оспан батыр өткен ғасырдың орта шенінде  ұлтының азаттығы мен тәуелсіздігі жолында Кеңес одағы және оның өз мүддесіне құрған Шығыс Түркістан Республикасы қуыршақ үкіметімен, Қытайдың Гомин және коммунистік үкіметімен қан кешіп ұрыс салған ұлт қаһарманы. Ол туралы АҚШ зерттеушілері "Қазақтың XX ғасырдағы алтын аңызы" деген ат та берген.  Ұлтының азаттығы үшін шаһит кешкен оғланның  өмірден өткен күніне орай, ұлы рухына тағзым ете отырып, ол бастаған ұлтазаттық күрестің соңғы кезеңдері туралы жазылған жас зерттеуші Ерзат Кәрібайдың мақаласын қайталап сайт оқырмандарына ұсынамыз. 

The Qazaq Times

Күрделі тарихи кезең

1945 жылы Дүниежүзілік екінші соғыс аяқталуға беталды да, үш ірі держава халықаралық жаңа тәртіп орнатуда ұсақ ұлттардың мүддесін құрбандыққа шалудан тайынбады. 1944 жылы Кеңес одағы ШТР-ны (Шығыс Түркістан Республикасы) не мақсатта құрғандығының сыры әлі күнге ашылған жоқ! Кеңес одағы «Ялта кеңесінде»  Моңғолияның дербестігін сақтауды алға тартты және араға Құрама Штаттарды салып Гомин үкіметін көндірді. Бірақ, Гомин үкіметі Кеңес одағының Манжуриядан уақытша шегінуін, Шынжаңды Қытай территориясы ретінде мойындауын және ондағы ұлттардың көтерілісіне қолдау білдірмеуін талап етті. Бұл талабы Кеңес одағы жағынан қабыл алынды. Ал, шын мәнісінде Кеңес одағы Алтай қазақтарының мүддесін бұл келісімнен бұрын-ақ құрбандыққа шалған еді.

1945жылдардағы оспан батыр

«Алтай қазақтарының төңкерістік үкіметі» Кеңес одағы тарабынан құрылған ШТР үкіметінен бұрын құрылды. Кеңестік «Кеңсай» атты полкі Алтайдың ортағы Сарысүмбеге кірген кезде, Алтайдағы қазақтардың төңкерістік күштері аймақтың шамамен 90 пайызын азат етіп болған. Алтайды дербес өз күштерімен азат еткен төңкерістік күштер аймақтың ШТР әкімшілігіне бағынуын қаламады және Алтай халқы да бұны ұнатпады. Оның үстіне ШТР үкіметі аймақтағы халықтың мүддесімен есептеспей, төңкерістік күштерді таратып, оның орнына сырттан келген 1000 адамдық төңкерістік күштерден «Алтай атты әскерлер полкін» құрды. Оспан батырдың үкіметтік орындарға ұсынған кандидаттары ШТР жағынан қабылданбады. Бұл Алтайдағы төңкеріс қаһармандарының еңбегін жоққа шығарумен бірдей болды. Оның үстіне Алтайдағы 83 мың халықтың 90 пайызын қазақтар құрап отырғанына қарамастан, үкімет басшылығы басқа ұлт өкілдерінен қойылды. Оспан батырдың келісімінсіз Алтайдың бірқатар аудандарына әкімдер тағайындалады.

1946 жылға келгенде ШТР күшінен қалдырылып, «Шынжаң біріккен үкіметі» құрылады. Оспан осы үкіметке жора және Алтайдың уәлиі болып бекітіледі. 25 тұрақты мүшенің ішінде тек 3 қазақ, 8 ұйғыр болады. Келісімдер дерлік ұйғыр мүддесіне шешіледі. Бұрынғы ШТР-ның 30 мың адамнан тұратын армиясының тең жартысына жуғы Кеңес одағының жер-жерінен әкелген әскерлер болғандықтан олар біріккен үкімет тұсында елдеріне қайтады. Кеңес одағының миссиясын орындаушы Әлихан төре де жасырын түрде Кеңес одағына қайтарылды.

1946 жылы Кеңес одағы ядролық қару жасауға күш салған тұста, Көктоғайда мол уран қорын тауып, уран кенін ашады. Сол жылы Қытайда АҚШ қолдауындағы Гомин үкіметі мен Кеңес одағы қолдауындағы Компартия арасында азаматтық соғыс қайта жанданды. Құрама Штаттар Кеңес одағының ядролық қару өндіру, уран қорына ие болуына кедергі келтіру мақсатында Қытайдың Гомин үкіметі арқылы Алтайдағы төңкеріс жетекшісі Оспан батырмен байланыс орната бастайды. Нәтижесінде, Оспан батыр мен Гомин билігі қою қарым-қатынас орната бастайды. Сол жылы Оспан батыр Көктоғай мен Шіңгілдегі ел ағаларының басын қосып, жиын өткізеді. Содан бастап Көктоғай мен Шіңгіл халқы ШТР немесе біріккен үкіметке салық төлеуден бас тартады. Бұл дербестік алудың белгісі еді. Сол тұстағы үкімет басшылығындағы Дәлелхан Сүгірбаев пен Ысқақбек генерал Оспан батырды райынан қайтаруға да құлшынып көреді, бірақ бұл әрекеттері сәтсіз аяқталады.

ШТР жетекшілерінің бірі Дәлелхан Сүгірбаев.

Оспанның ШТР-ға қарсы соғысы

1946 жылы Гомин үкіметі Оспан батырдың қолын 400 бесатармен қаруландырады. Оспан бастаған қарулы топ 350 адаммен Бурылтоғайды басып алып, Сарсүмбеге бет алады. ШТР қарулы күштерімен Сібеті деген жерде кездесіп, қақтығысады. Оспан қолына Жылқыайдар бастаған 200 адам көмекке келеді. Ал, Оспанға қарсы 5 мың адамдық қарулы әскер жұмылдырылады. Бұлар негізінен Қобық 2-ші атты полкі мен Алтай атты полкінен құралады. Бұл қосынды Дәлелхан Сүгірбаев, Нүсіпхан Көнбай, Жағда Бабалық қатарлы адамдар басқарды. Бұл соғыстан кейін Оспан қолы Бәйтікке қарай шегінді. 1947 жылы Өр-Алтайдан Бәйтікке 1000-нан астам отбасы көшіп барды. Бұлардан мыңнан астам адам қаруланып, Оспан қолына қосылды. 1947 жылы маусым айында Моңғолия әскері Бәйтікке шабуыл жасап, Оспан қолынан жеңіліс тауып кері шегінеді. Бұл шайқастан кейін Оспан батырдың ықпалы тіпті кеңейіп, АҚШ-тың танымал басылымдары жаза бастайды және Үрімжідегі АҚШ Консулдығымен сөйлесулер басталады.

ШТР үкіметіне қарасты 5000 әскердің Алтайдағы халыққа тізесі қатты батқандықтан, қыркүйек айында Оспанның қол бастаған батырларының бірі Қапас Тіркесұлы мыңнан астам жасағымен Алтайға шабуыл жасап, ШТР жасағының басым көбін жойып,  аймақты басып алады. Бірақ, бір айдан кейін ауыр қарумен қаруланған ШТР мен Кеңес әскері қайта шабуыл жасап, Оспан қолы Алтайдан тағы шегініп шығады. Осы жолы 19 мыңнан аса халық Оспанмен ере көшіп Боғда бетіне қоныстанады. Осымен бір уақытта Қалибек Сауан жерінде ШТР күштерімен соғысып Манасқа шегінеді.

1947 жылы қыста Оспан батырдың Қытай генералы Сұң Чилянға кездескені туралы генерал Сұңның өз естелігінде айтылған. Аталған естелікте Оспан батыр Сұң Чилянға былай дейді: «Мен Шыңжаң қазағымын, Кеңестегі Қазақтармен қанымыз бір туыспыз, Кеңестік төңкерістен кейін Кеңестіктер Россиядағы қазақтарға жантүршігерлік жаныштау жүргізді, көп адамды қырып, малын тартып алды, дінни сенімінен айырды. Қазір Шыңжаңдағы кей қазақтар сол зұлыматтан қашып келгендер, сондықтан біз Кеңес одағына кектенеміз!... Іле оқиғасында Әлихан төремен тоқтамға келіскемін... Кейін байқасам Іле төңкерісінің басшылары кеңестіктер екен, кеңестік Қазақ, Өзбек, Ұйғұр, Қырғыздар екен. Кейбірі Кеңестен оқыған, Кеңестің Құлжадағы консулы Құлжадағы оқиғанға басшылық еткен. Олар ШТР-ды құрып шықты. Іле жақ мені өздерін қолдамайды деп ойлап менің көзімді құртпақ болды. Ррыныма Дәлелханды қойып сол арқылы менің орынымды бастырмақшы болды, сондықтан мен үкіметтін қолдау күтемін, олармен соңына дейін айқасамын!» деген. Бұдан Оспан батырдың қазақ ұлытшылы екені анық көрінеді. Оның қазақтарға зұлмат орнатқан қызыл империяға, коммунизмге жан-тәнімен қарсылығы байқалады.

1948 жылы Оспан батырды Гомин үкіметі Үрімжіге шақырады

1948 жылы Оспанды Нанкин үкіметі құрылтайға шақырады, Оспан құрылтайға ұлы Шердиманды жібереді.  Боғда бетінде Алтай әкімшілігі құрылып Оспан уәли болады, Оспанның елінен мыңнан аса адам әскерлікке алынып дербес полк болып құрылады.

Қызыл қытаймен арбасу және қырғын соғыс

1949 жылы Баркөл жерінде

1949 жылы АҚШ Гомин үкіметін қолдауын тоқтатты, Кеңес тарабы Қытай компартиясын жалғасты бар күшпен қолдады. Соның нәтижесінде Қытайда коммунистік партия билікке келді. Сол жылы қазанда қызыл армияның 100 адамдық қосыны Шынжаңға кірді. Шынжаңдағы Гомин армиясы оларға қарсылықсыз бағынды. ШТР-ның сатқын армиясы да бір тал оқ атпастан қызыл армияға бағынып шықты.

Қытай қызыл армиясы мен ШТР әскерінің кездесуі

Бұл тұста Оспан тобы қызыл үкіметпен аралық сақтап тұрды. ШТР қуыршақ үкіметінің өкілдері болса коммунистерге Оспанды құбыжық, банды ретінде көрсетуге тырысты. 1950 жылға келгенде Оспан мен қызыл армия арасындағы қанды соғыс ақыры басталды.

Шынжаңға кірген қызыл армияның бас қолбасшысы Уаң Жін өз естелігінде былай деп жазалы:  «1949 жылы 25 қарашада Шыңжаң азат болды. Бірақ, Оспан секілді кейбір кертартпа көтерілісшілер бас көтерді. Олар басында 4 мың адам болатын, кейін Гоминдаңның тізе бүккен қосындары бірігіп 20 мыңнан асып кетті. Олар бізді қуып шығып өздері патша болмақ болды. Осы жылы Оспан Гоминдаңның бұрынғы генералдарымен астасып, шығыс алты ауданда бүлік тудырды. Бұл бүлікке 6 мың Гомин әскері мен 45 мыңнан аса халық қатынасты. 1175 адамды өлтіріп, 340 мың бас малды бұлап кетті. Оспан қолына қару алып тұрып: «Құмылды алып, қызыл армияның шегінер жолын кесіп, Үрімжіні басып алып Шыңжаңды коммунизмге қарсы база ету керек!» деп ұрандады. Осылайша Шынжаңда бандыларды аластау басталды. Мен үкімет армиясына (Гомин армиясына) қанық едім, бірақ Оспан қолына атты әскерлерді негіз ете отырып (ШТР ұлттық армиясын айтып отыр – Е.К) әрекеттенуіміз керек болды. Олар атқа мінсе жолбарыс, ал аттан түссе қой сияқты болады. Сондықтан мен: ең алдымен олардың аттарын жойыңдар, оларға снаряд, зеңбірек арқылы шабуылдап, атты қосынды бытырату керек, – деп нұсқау бердім. 1 сәуірде армиямыз төрт бағытта аттанды. Оспанда тұрақты әскер жоқ болғандықтан маңындағы руластары мен ақ орыстардан басқасы соғысқа ебдейсіз екен. Армиямыз әр руға атылған жолбарыстай тап берді. Қарсы келген бандылар да қайтарма соққы берді. Сол кезде гүрсілдеп жарылған снаряд дауысы құлақ тұндырды (қызыл армияның ауыр қаруларды көп қолданғанын білуге болады – Е.К). Бандылар жер бауырлап шегініп кетті. Малшылар малдарын айдап кете алмай, «азаттық армия жақсы» деп қолдарын көтеріп бағына бастады. Армиямыз жалғасты шабуылдап 150 бандының көзін жойып, 800 адамды тұтқындады. 9 рудан 14 мың адамды құтқарды. Оспан қалдық күшімен Бәйтікке шегінді...

Осы кезде тағы бір бандылар атаманы Оразбай Тәңіртауының биігіне бекініп, 2 мың жасағы және Манас, Құтыби, Санжыдан 20 мың қазақты бастап армиямызға шабуылға өтті. Оспан оны естіп қуанып: Оңтүстікке тартайық! Қытаймен Бәйтіте алыспай, Оразбаймен бірігейік, – депті. Бұдан хабардар болған армиямыз Оспанның жолын кесіп тастады. Армиямыздың күшіне қалдық қолымен төтеп бере алмаған ол Гансуға өтіп кетті. 1951 жылы көктемде армиямыз Оспанды Хайзыда 50 үймен отырғанда қолға түсіріп, оған қоса 263 адамды тұтқындады. Жәнабыл бастаған 39 адам оққа ұшты. 1100 адам біржақтылы етілді. 29 сәуір күні Оспан Үрімжіде өлім жазасына кесіліп, атылды. Оны көруге 80 мың халық жиылды....

Оспан батырдың қолға түскендегі суреті

Тарихи деректер бізге Оспан батыр бастаған Өр-Алтайдың 20 мыңнан астам халқы мен Алтайдан Тәңіртауға ауып барған Үрімжі аймағы мен Баркөлдегі 60 мыңнан астам қазақтың 1950 жылдары, яғни ҚХР құрылғаннан кейін де қызыл үкіметке қарсы ұлтазаттық күресін жүргізгенін айғақтайды. Бұл ұлтазаттық күресіне Оспан батырға ілескен 42 мыңнан шамасындағы және Оразбай бастаған 20 мың қазақтың қатысқаны белгілі.  Ең ғажабы, сан жағынан қазақтардан алты есеге жуық көп болған ұйғырлардың қызыл армияға шартсыз бағына салғаны.

Оспан батыр және онымен бірге жазаға кесілген қытай генералдары

Осы күреске қатысқан Қалибек Хакім, Сұлтаншәріп Зуқаұлының ауылдары сол жылы Тибет асып, Кашмирге жетеді. Олардың қатарында Дәлелхан Жанымханұлы, Оспанның серіктерінің бірі Нұрғожай батыр Молдажанұлы, Құсайын тәйжі қатарлылар да бар. Олар 350 адам болып, өздерінен бұрын, 1942 жылы Үндістанға барған 1400 қазақпен қосылып, кейін Түрикяға жетеді.

Оспан батырдың ақтық бейнесі

Хасен Оралтай өз естелігінде Қалибек Хакім бастаған көтерілістен кейін де, Сауан жерінде Арыстанбай молда  бастаған көтерілісшілер қызыл армияға қарсы соғысып, соңында қолға түсіп атылғаны туралы айтады. Қызыл армия қолбасшысы Уаң Жін қолға түскен қазақ көтерілісшілерін түгелдей қырып салғанда, Қазақ атты полкінің генералы Закария Әшенұлы Уаң Жіннің бетіне түкіреді. Бұл ісі үшін генерал Закария Әшенұлы да атылады. Тәңіртаудың биігіне бекінген Оразбайды бағындыра алмаған қызыл армия, оған дүңған тамырын жансыз етіп жіберіп, соңында оларды қоршауға алып жояды. Дегенмен, осы соғыста неше мыңдаған қытай әскері ажал құшады. Алайда, бұл деректер ашылып айтылмайды, жазылмайды. Іле аймағында Тоғызтарау әкімі Жанболат Өсертіұлы да коммунистік қытайға қарсы көтеріліс бастап, соңында өлім жазасына кесіледі. Бұл көтерілісшілерден Мәлік ажы бастаған бір тобы Тибет асқан елге қосылмақ болып аттанып, жол ортада Қытай армиясының қолына түсіп қырылады.

Оспан батырдың қолына қарсы ШТР ұлттық армиясын салып, қазақ пен қазақты соғыстырғаны да тарихи деректерден көрініп отыр. ШТР үкіметіне қарасты адамдар кейін толықтай коммунистерге бағындырылады. Үкімет басшылары компартия жақтастары ретінде жоғары мансаптарға отырады. 1954 жылы ШТР-ға қарасты үш аймақты (Алтай, Тарбағатай, Іле) Кеңес одағы ұйғырлардың басшылығына берген болса, Шынжаңды бағындырғаннан кейін Қытай компартиясы ондағы қазақтар санының басымдығын ескеріп «Іле Қазақ автономиялы облысы» етіп құрады. Облыс басшысы болып ШТР үкіметінің жетекшілерінің бірі Дәлелхан Сүгірбаевтың ұлы Пәтіхан тағайындалады.

Ал, 1950-1951 жылдары компартия билігіне қарсы оқ атқан Санжы, Баркөл өңірі қазақтардың санының басымдығына қарамастан (100 мыңға жуық қазақ мекендеп тұрған) қазақ автономиялы обылысы берілмейді. Тек, Мори, Баркол аудандарына ғана ұлттық автономия статусын береді. Қазір, Санжы (Бұрынғы Үрімжі аймағы) мен Баркөл жерінде 300 мыңнан астам қазақ мекендейді.

Оспан батыр атылғаннан кейін ұлы Шердиман Өр-Алтайға қайтып оралады. Бұған ілесе Боғдаға ауған бір қауым ел Алтайға орала бастады. Шердиман Оспанұлы төңірегіндегі рулардан 500 адамдық қосын құрып жалғасты күреске шығып, тек 1952 жылы ғана келісімге келді. Келісімнен кейін Қытай үкіметі Оспан батырдың ұлы денесін туыстарына қайтарып берді. 1957 жылға дейін Өр-Алтайдан ауған ел түгелге жуық өз мекендеріне оралды. Бір жылдан кейін «коммуна құрылысы» басталды. Бұл кезде Қалман Ақытұлы мен Дәлелхан балуан бастаған көтерілісшілер бас көтерді. Бұл көтеріліске де Көктоғай мен Шіңгілден 700-ден астам адам қатысты. Алайда, бір жылға жетпей көтеріліс күшпен жанышталып, көтерілісшілер Тарым лагеріне айдалды. 1951 жылы Тибет жеріне ауған елдің көтерілісі де осы жылы әрең толастайды. Гансуда «Ақсай Қазақ Автономиялы ауданы» құрылады. Осылайша Қытайдағы қазақтардың ұлтазаттық күресі толықтай тоқтайды.

Оспан батырдың зираты, Алтай аймағы Көктоғай ауданы, Күрті ауылындағы  Қалбағай жері.

“The Qazaq Times”