Қазақстан Республикасы Мәдениет және спорт министрлігіне қарасты ҚР Ұлттық кітапханасының Н.Дәулетова атындағы залында Алтын Орданың 750 жылдығына арналған «Алтын Орда мемлекеті – Ұлы дала өркениеті» атты дөңгелек үстел өтті.

Дөңгелек үстелдің мақсаты — өскелең ұрпаққа ата-бабамыздан мұра болып қалған ұлы даламызда орын алған тарихи оқиғалар мен Қазақ даласында осыдан сегіз ғасыр бұрын құрылған алып империя Алтын Орда мемлекетінің тарихын дәріптеп, таныстыру.

Шараны ҚР Ұлттық кітапханасының ғылыми хатшысы, Қазақстан Жазушылар одағының мүшесі Жүнісбеков Болат Жүнісбекұлы ашып, сөз кезегін модератор – Ш.Ш. Уәлиханов атындағы Тарих және этнология институтының директоры, тарих ғылымдарының докторы, профессор Қабылдинов Зиябек Ермұханұлына берді.

Дөңгелек үстел аясында Әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетінің профессоры Кәрібаев Берекет Бақытжанұлы, профессор Дәулетхан Әлімғазы, тарихшы Қойгелдиев Мәмбет Құлжабайұлы, PhD докторы Жігер Жәнәбілұлы, Үшкенов Ернар Мұратұлы, профессор Избайров Асылбек Кәрімұлы, профессор Нұрманов Әбен Алдабергенұлы «Алтын Орда мемлекеті – Ұлы дала өркениеті» атты тақырыбында сөз қозғап, тарихи деректерге тоқталды.

Шара аясында ҚР Ұлттық кітапханасы қорынан «Алтын Орда мемлекеті – Ұлы дала өркениеті» атты тұрақты кітап көрмесі ұйымдастырылды.

Шараға белгілі қоғам қайраткерлері мен зиялы қауым өкілдері, тарихшылар мен ақын - жазушылар, кітапхана оқырмандары мен қызметкерлері, Алматы қаласы ЖОО-ның студенттері және БАҚ өкілдері қатысты.

"The Qazaq Times"