Кешегі бабалар аңсаған бостандыққа қолымыз жеткелі бері ұлтым деп қан кешкен, тіпті жанын берген ұлы тұлғалар мен ел жүрегінен өшпес орын алған егей ерлердің есімдері ұлықталып келеді. Солардың жарқын бейнесі «қайтсек қазақты теңдік жолына түсіреміз, қайтсек басқалармен терезесі тең ел боламыз, қайткенде қазақты оятамыз?» – деп өмір кешкен Алашордашылар еді. Осыдан бір ғасыр бұрын «Алаш» деген атпен орда тіккен Алашордашылардың ұлт үшін бастаған игі бастамаларына биыл 100 жыл толды. Жүз жылдықты еске алу, оны ұлықтау республикамыздың әр жерінде өз деңгейінде тойланып келді.
22 желтоқсанда А. Байтұрсынұлы атындағы Тіл білімі институты «Рухани жаңғыру – Алаштың асыл мұраты: тіл - жазу - мәдениет» атты халықаралық ғылыми-теориялық конференция өткізді. Конференцияға ҚР Ұлттық ғылым академиясының президенті, ҚР ҰҒА академигі Мұрат ЖҰРЫНОВ, филология ғылымдарының докторы, профессор, «Отырар кітапханасы» ғылыми орталығының директоры Тұрсын ЖҰРТБАЙ, ҚР ҰҒА академигі, тарих ғылымдарының докторы., профессор Мәмбет ҚОЙГЕЛДІ, тарих ғылымдарының докторы, профессор, Ш.Уәлиханов атындағы Тарих және этнология институтының директоры Зиябек ҚАБЫЛДИНОВ, ҚР ҰҒА корроспондент мүшесі, педагогика ғылымдарыынң докторы, профессор Фаузия ОРАЗБАЕВА, филология ғылымдарының докторы, Мугла Сыткы Кочма университетінің профессоры КЕНАН КОЧ (Түркия), филология ғылымдарының докторы Мугла Сыткы Кочма университетінің профессоры АЛИ АКАР (Түркия), Алматы қаласындағы Иран мәдени өкілдігінің директоры ДЖАЛАЛИ КИЯСАРИ Сейед Джавад, жазушы Бейбіт ҚОЙШЫБАЕВ, филология ғылымдарының докторы, ҚазҰУ профессоры Анар САЛҚЫНБАЙ, филология ғылымдарының докторы Ғарифолла ӘНЕС, саясаткер Дос Көшім, Айдос Сарым, Расул ЖҰМАЛЫ, қатарлы еліміздің және шетелден келген ғалымдар, Алаш арыстарының ұрпақтары, мұрағат, кітапхана қызметкерлері, студенттер мен магистранттар, мектеп оқушылары т.б. қатысты.
Конференция соңында баспадан шыққан «Ахмет Байтұрсынұлының тілтанымдық мұралары» атты көлемді еңбектің, Телжан Шонановтың бес томдық шығармалар жинағының тұсаукесері өтті, жиылысқа қатысқан Алаш арыстарының ұрпақтарына сый-құрмет көрсетілді.
Қазақтың бір ғасырын ұлттық рух пен сенімге, парасат пен пайымға, ғылым мен білімге толтырып кеткен ұлт зиялылары «Алаш» автономиясын құру арқылы қазақтың тілін, мәдениетін, салт-дәстүрін, ұлттық ұстанымын дүниенің төрт бұрышына таныстыруды мұрат етті. Сол заманда айқын идея, мәңгілік мақсұт ұстанған абзал жандарды заманынан озық туған тұлғалар десек болар. Олар бастаған идея қазақ қоғамының теңдік пен бостандыққа, оқу мен білімге, алдағы нұрлы болашаққа ұмтылудың алғы шарты іспетті. Бірі: «Тірі болсам қазаққа қызмет етпей қоймаймын» (Әлихан Бөкейханұлы) деп ант етсе, енді бірі:
«Алаш туы астында
Күн сөнгенше сөнбейміз.
Енді ешкімнің алашты
Қорлығына бермейміз!
Өлер жерден кеттік біз
Енді мәңгі өлмейміз!
Жасасын, Алаш, жасасын!» (С.Торайғыров) –
деп күллі қазақты бір тудың астына жиып, азаттыққа бірге қол жеткізуге үндеу салды. Олар ел ісіне араласа жүріп, оқу-ағарту, газет-журнал шығару, сауатсыздықты жою секілді игі шаруалармен айналысып, «Қайтсек озық ұлттар секілді ғылым мен білімді қатар игерген, ұлттық экономикасы дамыған, ішкі өндірісі қуатты, болашағы жарқын ел боламыз?!» деген мақсаттың жетегінде жүрді. Олар елдің бүгіні үшін емес, ертеңі үшін жұмыс істеді. Бастарына төнген қауіп- қатерге қарамастан, олар ел игілігі жолында аянбай еңбек етті. Олардың азат ойлары еліміздің тәуелсіздік алуына тікелей себепші болғаны да шындық. Бостандық пен азаттыққа жетуді аңсаған Алаш ұрпақтары бүгінде өзінің шұрайлы жерінде, тәуелсіз елінде жасап отыр. Алашорданың бүгінгі бейнесі – Тәуелсіз Қазақстан. Ал бүгінгі Қазақстанның Алтай мен Атырауға дейінгі ұлан-ғайыр даласы – ұлт үшін жанын аямаған кешегі Алаш арыстарының аманаты.
Қазақ қоғамының болашаққа талпынысын сонау өткен ғасырда-ақ көксеген Алаш зиялылары – ұлтымыздың мәңгілік мақтаныштары. Олардың ұстанған идеясы мәңгілік идея болып қала бермек. Ұлт зиялыларының өткен ғасырдағы аңсаған армандары бүгінгі таңда жүзеге асып жатыр. Әрине, қазақ барда Алаш рухы сөнбейді. Ұлтым, байтақ жерім, бай тілім деп өмір кешкен елеулі тұлғалардың есімдері, атқарған қызметтері, өнегелі істері ел жадына мәңгі сақталары даусыз.
Дүйсенәлі ӘЛІМАҚЫН