2017 жылғы 28-29 наурызда Францияның Сыртқы істер және халықаралық даму министрі Жан-Марко Эйроның шақыруымен Қазақстанның Сыртқы істер министрі Қайрат Әбдірахманов Парижде жұмыс сапарымен болды. Бұл туралы ведомствоның ресми сайтында хабарланды.
Француз Республикасы және Орталық Азия елдері арасында дипломатиялық қарым-қатынастардың 25 жылдығына орай Франция, Қазақстан, Өзбекстан сыртқы саяси ведомстволарының басшылары, Қырғызстан, Тәжікстан және Түрікменстан сыртқы істер министрлері орынбасарларының бірлескен кездесулері сапардың маңызды бөлімі болды.
Қ. Әбдірахманов іс-шарада сөйлеген сөзінде Орталық Азия әлемнің серпінді дамып келе жатқан өңірлерінің бірі екенін атап өтті. «Қазақстанды өңір бойынша экономикалық өсім мен тұрақтылықтың полюсі етуге және еліміз аймақтағы француз достары мен көршілеріне кең ынтымақтастыққа әзір», - деді министр.
Министр Қазақстан Орталық Азия елдері арасындағы қарым-қатынастарда теңқұқықтық және өзаратиімділік қағидатын ұстанатынына назар аударды. «Бізді соңғы уақытта өңіріміздің дамуындағы байқалып отырған оң үрдістер қуантады. Бұл Орталық Азия елдері арасындағы қарым-қатынастарда шешілмейтін мәселелер жоқ екенін дәлелдей түседі», - деп баса айтты Қ. Әбдірахманов.
ҚР СІМ басшысы Орталық Азияда барлық қызығушылық танытқан елдер үшін бейбітшілік, қауіпсіздік, ынтымақтастық және даму негізінде үйлесімді байланыстырған өңірлік модель қалыптасып, сыннан өтуі мүмкін екеніне үлкен сенімін білдірді. Бұл тұрғыдан алғанда, Францияның климаттың өзгеруі, су, азық-түлік, энергетикалық және ядролық қауіпсіздікке, тұрақты даму, терроризмге қарсы күрес, мәдени мұраны қорғау мақсаттарын іске асыруға қатысты жаһандық мәселелерді шешудегі озық рөлінің маңыздылығы атап өтілді.
Қ. Әбдірахманов Еуропалық Одақ – Орталық Азия (ЕО-ОА) саясаты мен қауіпсіздігі мәселелері бойынша жоғары дәрежедегі Диалогтың басым маңызын растады. ЕО–ОА арасындағы «Экономикалық даму, инвестициялар, жұмыспен қамтуды қамтамасыз ету, жеке секторды дамыту» атты ынтымақтастықтың жаңа алаңын құру туралы идеясын іске асыруды қолдап, өз пікірін білдірді.
Сапар шеңберінде Қ. Әбдірахмановтың Ж.-М. Эйромен жеке екіжақты кездесуі кезінде сұхбаттасушылар Қазақстан мен Франция арасындағы жан-жақты ынтымақтастықтың 25 жылдығының қорытындыларын жасап, қазақстандық-француз қарым-қатынастарын одан әрі ілгерілетудің нақты қадамдарын атап өтті.
Франция Қазақстанның Тәуелсіздігін алғаш мойындаған елдердің бірі және елімізбен стратегиялық әріптестік туралы Шартқа қол қойған алғашқы еуропалық ірі мемлекет. Париж Қазақстанның Еуропадағы Қауіпсіздік және Ынтымақтастық жөніндегі Ұйымының Саммитін Астанада өткізу туралы ұсынысына бірінші үн қосып, «ЭКСПО-2017» халықаралық мамандырылған көрмесін Астанада өткізу орны ретінде қолдады. 2017 жылдың басынан бері Қазақстан мен Франция БҰҰ Қауіпсіздік Кеңесі құрамында белсенді өзара іс-әрекет етеді және Кеңес шеңберінде екі елдің бастамаларын өзара қолдайды.
Сыртқы саяси ведомство басшылары өзекті халықаралық мәселелер бойынша, оның ішінде Ауғанстандағы ахуал, Сириядағы жанжалды реттеу және Астаналық процестің рөлі, халықаралық терроризм мензорлық-зомбылық экстремизмінің қатерлері мен сын-тегеуріндері бойынша пікір алмасты.
Тараптар Францияның Астанада алдағы уақытта өтетін «ЭКСПО-2017» көрмесіне қатысуының зор маңызын атап өтті. Париж көрмеде «жасыл» экономика саласында жаңа технологияларды көрсетуді, сондай-ақ көрмені өткізу барысында шамамен 50 мәдени іс-шара ұйымдастыруды жоспарлап отыр.
Француз компаниялары Францияның барлық технологиялық әлеуетін іске қоса отырып, Қазақстанның Үшінші жаңғыруын іске асыруға әзір. 2005 жылдан бастап Қазақстан Республикасының экономикасына құйылған тікелей француз инвестициясының мөлшері 13,05 млрд. АҚШ долларынан асып түсті. Қазақстанда француз капиталының қатысуымен 135 компания тіркелген, оның ішінде әлемге танымал Alstom, Danone, Vicat, Peugeot, Total және т.б. бар. Авиация, локомотив, азық-түліктер үшін титанды құймалар ісі жолға қойылған.
Дәл осы күні Қ. Әбдірахманов ЮНЕСКО Бас директоры Ирина Боковамен және ЭЫДҰ Бас хатшысы Ангхель Гурриамен жеке кездесулер өткізді.
Қ. Әбдірахманов И. Боковамен кездесу барысында ҚР Президенті Нұрсұлтан Назарбаевтың 2015 жылы қарашада өткен ЮНЕСКО Бас конференциясының 38-ші сессиясында жарияланған бастамаларын іске асыру бойынша ЮНЕСКО-мен бірлескен жұмысты жоғары бағалады. Ол Алматы қаласын халықаралық ұйымның өңірлік хабы ретінде, оның ішінде БҰҰ құрылымдарын ескере отырып, Қазақстан Алматыда ЮНЕСКО аясындағы мәдениеттерді жақындастырудың Халықаралық орталығын құруға толық қолдау көрсетуге дайын екенін атап өтті.
Сұхбаттасушылар әріптестіктің жоғары деңгейін бағалады және мәдени әрі табиғи мұралардың түрлі объектілерін ЮНЕСКО Халықаралық тізіліміне енгізу бойынша бірлескен қызметті егжей-тегжейлі талқылады. Сондай-ақ, И. Бокова Қазақстанда ағымдағы жылғы қыркүйекте сапармен келуді жоспарлап отырғанын хабарлады.
А. Гурриамен сұхбаттасу барысында Қазақстандағы институционалдық ортаны және экономикалық өсуді ЭЫДҰ елдерінің ең үздік тәжірибелеріне сәйкес жетілдіру, сондай-ақ ынтымақтастықтың Елдік бағдарламасын 2018 жылға дейін ұзарту, еліміздің ЭЫДҰ комитетіндегі мәртебесінің жоғарылату және Ауғанстанға арналған дамуға ресми көмектің қазақстандық жүйесі шеңберіндегі Қазақстанның пилоттық жобалары мәселелері қарастырылды.
ЭЫДҰ басшысы ұйымның мүшелеріне Қазақстанның ЭЫДҰ ұсынымдарын іске асыруда қол жеткізген жетістіктері әсер еткенін хабарлады. Ол Президент Н. Назарбаевқа ұлттық экономикалық саясатты қалыптастыру кезінде ЭЫДҰ тәжірибелері мен стандарттарының ескерілуі үшін жеке алғысын білдірді. А. Гурриа Қ. Әбдірахмановқа мемлекеттегі экономикалық түбегейлі өзгерістерді тиімді ілгерілету бойынша ұсыныстарды қамтитын бірқатар баяндамалар мен зерттеулерді табыс етті.
Тараптар барлық салалар бойынша белсенді қарым-қатынас жасауға дайын екендіктерін растады.
Парижде өткен кездесулер кезінде Қазақстанның саяси ведомствосының басшысы Мемлекет басшысы Н. Назарбаевтың «Мемлекеттің үшінші жаңғыруы: жаһандық бәсекеге қабілеттілік» атты Жолдауының негізгі ережелеріне жан-жақты және түпкілікті түсініктеме берді, сондай-ақ экономикалық реформаларды, оның ішінде ҚР Премьер-Министрінің төрағалығымен жаңғырту жөніндегі Мемлекеттік комиссияның жұмысы туралы әңгімеледі.
Қ. Әбдірахманов француз әріптестерімен сұхбаттасу кезінде Қазақстанда қоғамды одан әрі демократизациялауға бағытталған ҚР Конституциясына өзгерістер енгізу арқылы саяси жаңғырту мәселелеріне жеке назар аударды.
“The Qazaq Times”