Қазақстанда тәуелсіздік жылдары этникалар арасында әртүрлі әлеуметтік теңсіздік, жемқорлық, тұрмыстық жанжалдан туған оқиғалар ұлтаралық кикілжіңге жиі ұласып жатады. Бірақ билік мұны көбіне мемлекеттік-саяси мәселе ретінде емес, бұған жергілікті атқарушы билікті кінәлап, «тұрмыстық жанжал» деп бағалап келеді.

Өткен жұмада, 7 ақпан күні кешкісін Жамбыл облысы Қордай ауданында қазақ-дүнген топтары қақтығысып, салдарынан 10 адам қаза тапқан, 19 полицей мен 40-тан астам тұрғын жараланған еді.
Сарапшылар мен азаматтық белсендінің көбі болған жағдайға «немқұрайлы қараған жауапсыз билік» деп жазғырып, мұның түбі жылдар бойы назар аударылмай, қордаланған әлеуметтік-ұлттық теңсіздік және жемқорлық мәселесімен байланыстырады.

Қордайдағы қазақ-дүнген қақтысынан кейінгі көріністердің бірі. 8 ақпан 2020 жыл. Фото: ашық дереккөз

 

«Мемлекет құрушы ұлттың» статусы мойындалмай, қақтығысы жалғаса береді

Бұған дейін де «егемендік туралы декларация» қабылданардан жиырма күн бұрын, 1991 жылы 15 қыркүйекте  Орал қаласында Ресей тәжіне қызмет еткеніне 400 жыл толуын кең ауқымда тойлауға жиналған казактарды мыңдаған қазақ таратып жіберген болатын. Содан бергі кезеңде ұлтаралық сипатқа ұласқан кикілжіңдер қайталанып келеді. Кейбір сарапшылар мен тәуелсіз саясаттанушы, саясаткерлер «қайтымды қақтығысты» «биліктің этникааралық келіспеушілікті мойындамауынан» деп санайды.

Әртүрлі себептермен басталып, аяғы ұлтаралық қақтығысқа ұласатын оқиғалар елде аз емес. Мәселен, 1992 жылы Өскеменде жергілікті қазақтар мен шешен ұлты өкілдері арасында қақтығыс болып, жағдайға күштік құрылым аралсуға тура келді. 2006 жылы Жылыой ауданындағы Теңіз мұнай зауытында қазақ- түрік жұмысшылары қақтығысып,  бірнеше адам көз жұмып, жүзден аса адам зардап шеккен. Дәл осы жылы тамызда Ақтаудағы орталық алаңда «МаңғыстауМұнайГаз» компаниясының мыңға тарта қызметкерінің еңбекақыны өсіруді әрі қала әкімінің отставкасын талап еткен жиынының соңы ұлтаралық тартысқа айналып, қазақтар шешен-әзірбайжан ұлты өкілдерінің кафе-дүкенін қиратқан болатын.

2007 жылы ОҚО Маятас ауылында «ұлты күрд жасөспірімнің төрт жасар қазақ баласын зорлады» деген себеппен өршіген қазақ-күрд қақтығысы кезінде біраз үй өртеніп, ондаған адам, оның ішінде полицейлер де жараланып еді.  Ал наурызда Алматы облысының Қазатком мен Маловодное ауылдарында бірнеше қазақ пен шешен тұрғындары қақтығысып, салдарынан бес адам көз жұмған. Көп өтпей  2011 жылдың ақпанында өңірдегі Бесағаш ауылында кәмелетке толмаған жас қазақ қызын 22 жастағы жергілікті күрд тұрғыны қорлап өлтіріп, мүрдесін тоғайға тастап кеткені туралы ақпар ресми расталған бойда ел тағы да бас көтеріп еді. Сол кезде 800-ге тарта күрд тұратын ауылда қазақ жұрты наразылық білдіріп, қылмыскер жігіттің отбасын көшіп кетуін талап еткен.

Шеңгелдідегі әскери техника. Алматы облысы, 21 тамыз 2013 жыл. Фото: Азаттық / Қазис Тоғызбаев

2013 жылы Алматыдан 110 шақырым жердегі Шеңгелді ауылынан да ши шықты. 19 тамыз қазақ-шешен жігіттерінің арасында болған төбелестен 29 жастағы қазақ жігіті қаза тапты. Бұдан соң ОҚО Сарыағаш ауданында 2015 жылы 4 ақпанда ұлты қазақ азаматының мәйіт табылған соң, Бостандық пен Ынтымақ ауылдарының қазақ жастары өлкедегі тәжіктердің үй-жайы мен көліктерін өртеді. Кісі өлтіру айыбымен Өзбестаннан ұсталған күдікті 18 жылға торға қамалды.

Сарыағаш оқиғасы кезінде өртенген үйдің бірі. 11 ақпан 2015 жыл. Фото: Азаттық / Асылхан Мамашұлы

2016 жылы 16 ақпанда Жамбыл облысының Байзақ ауданына кіретін Бурыл ауылының тұрғындары ойын жасындағы баланы өлтіру қылмысы бойынша ұсталған 18 жастағы күдікті этникалық түрік азаматының үйін ауылдан көшіруді талап еткен. Билік төтенше шара қабылдап, елді мекенге арнайы әскер кіргізді. Сол жылы сәуір айында Қордай ауданына қарасты Қаракемер ауылында 14 жастағы дүнген жасөспірімінің 6 жастағы қазақ баласын зорлау оқиғасынан кейін ауыл халқы көтеріліп, қырық шақты адам ұсталып, қайта босатылған.

Бурыл ауылында көшеге жиналған тұрғындар мен полиция. Байзақ ауданы, Жамбыл облысы. 17 ақпан 2016 жыл. Фото: Азаттық / Дилара Иса

Былтыр жаңа жылға қараған түні Қарағандыдағы «Древний Рим» мейрамханасында клиенттер арасында болған жаппай төбелесте пышақталған бір қазақ жігіті қайтыс болып, бірнешеуі әртүрлі деңгейде жаралануы қоғамдық резонанс тудырды. Сол тұста тергеудің әділ жүргізілуіне күмәнданған әрі негізгі күдіктінің бірі шетелге қашып кеткенін естіген жұртшылық көшеге наразылыққа шығып еді.

Білім басқармасы алдына жиналған адамдар. Қарағанды, 6 қаңтар 2018 жыл. Фото: ашық дереккөз

Жыл ортасы 29 маусым күні Теңіз мұнай кенішінде жергілікті жұмысшылардың наразылық әрекетінің соңы төбелеске ұласып, әлеуметтік теңсіздікке ашынған қазақ және араб жұмысшыларының арасында қақтығыс болды.

Теңіз кенішінде болған қазақ-араб жұмысшыларының қақтығысы кезінен. 29 маусым 2019 жыл. Фото: әлеуметтік желідегі видеодан скрин-қиынды

 

Аңдасақ...

Жоғарыда келтірілген деректерге қарағанда, ұлтаралық араздыққа дейін ушығатын оқиғаның көбі оңтүстік, оңтүстік-шығыс және батыс аймақтарында болып тұрады. Мұның басты себептері өңірдегі ұлттық-мәдени әралуандылықтың күштілігі және әлеуметтік-тұрмыстық жағдай, құқық қорғау, жергілікті басқару органдарының өз деңгейінде жұмыс істемеуі, ең бастысы, адам құқығының қадірсіздігі мен жемқорлықтың жайылуы дейді құқық қорғаушылар. Солтүстік, шығыс, орталық аймақта тұратын азаматтар мейілінше сауатты. Ал зорлық-зомбылық, бұзақылық, кісі өлтіру оқиғасынан тұтайтын ұлтаралық бүліктер жиі орын алатын аталған өңірлердегі «мемлекет құрушы ұлт» қазақтар мен орыс халқынан басқа ұлттар, әсіресе, консераторлық бағыттағы ұлыстар ұл-қызын ЖОО түгілі мектептің өзінде оқытуға құлықсыз. Жоғары білім өмірдегі басты культ-стимул деңгейінде қабылданбаған. Мәселен, Түркістан облысының Ордабасы ауданын мекен еткен иран-тәжік азаматтары арасында мектептің өзін үздікке тәмамдап, ЖОО-ға түсу ілеуде біреу ғана. Көпшілігі еңбекке ерте араласып, үйлі-күйлі болуға талпынады. Кәмілет жасына толғандар бірден отбасы көтереді. Тәжік, дүнген, күрд, өзбек халықтары қазақстандықтар қатарында болғанымен, білім алуға оншалық ұмтыла бермейді.

“The Qazaq Times”