Былтыр ақпанда Қордайдағы болған ұлтаралық жанжалға байланысты Таразда өтіп жатқан сотта бүгін жарыссөз басталды. Мемлекеттік айыптаушы, прокурор айыпталушыларға жаза сұрады. Бұл ақпаратты Азаттық радиосы хабаралады.
Азаттықтың жазуынша, прокурор судьядан кейбір айыпталушыларға 18-20 жылға дейін бас бостандығынан айыру жазасын тағайындауды өтінген. Ал айыпталушылар бұл жаза тым ауыр екенін алға тартқан.
Қордайдағы жанжалға байланысты сот процесі 2020 жылдың желтоқсан айынан бері жалғасып келеді. Тараздағы сотта 51 айыпталушының ісі қаралып жатыр.
Оларға Қылмыстық кодекстің "Жаппай тәртіпсіздік", "Қаруды, оқ-дәрiлердi, жарылғыш заттарды және жарылыс құрылғыларын заңсыз иемдену, беру, өткiзу, сақтау, тасымалдау немесе алып жүру", "Қорқытып алу", "Қарақшылық" және "Адам өлтіру" баптары бойынша айып тағылып жатыр.
2020 жылы 7 ақпанда түнде Жамбыл облысы Қордай ауданында қазақтар мен дүнгендер арасында қақтығыс болған. Оқиға кезінде 11 адам қаза тапқан. Жанжалдан соң 120-дан астам қылмыстық іс қозғалып, 50-ден астам адамға айып тағылған. Прокуратураның мәліметінше, Қордайдағы ұлтаралық жанжал кезінде 164 үй мен сауда орны, 100 көлік қираған. 342 адам жәбірленуші деп танылған. 400-ден астам сараптама жүргізіліп, 1,5 мыңнан астам адам сұралған.