2010 жылдың қарашасында беті ашылған аса ірі көлемдегі экономикалық қылмыс «Қорғас ісі» мен биыл ортазиялық ақпарат кеңестігін елең еткізген қырғыз «Кедендегі миллиондар» ісінің туыстық белгілері мен ерекшеліктері. Ауызбастырық алып үйренген кеден басшыларының бармақ басты, көз қысты әрекетімен шекара асқан миллиардтардың ағынына бойлап көреміз. Аталған ауқымды экономикалық қылмысқа қатысты ұйымдасқан топтардың жолын кесудегі екі елдің медиаәлеуетін бағамдаудың маңызы зор.
Он жыл бұрынғы «Қорғас ісі»
Осыдан он жылдай бұрын, «Қорғас» кеден бекетінен барлық құқыққорғау органдары пайда көретіні туралы қазақстандық кәсіпкер Қанағат Тәкеева ашық мәлімдеме жасаған болатын. Кеденді жайлаған заңсыздық жеке кәсібіне әбден тұсау болғасын жалғызбасты ана 2010 жылдың 24 қарашасы арнайы баспасөз мәслихатын өткізіп, БАҚ арқылы қалың бұқараға жемқорлықтың схемасын жариялауға мәжбүр екенін айтқан.
Брокерлік компания бөлімшесіне басшылық еткен Тәкеева Азаттыққа берген сұхбатында кеден қызметкерлерінің «контрабандалық әм коррупциялық нұсқауын» кеңінен таратып берген:
– Бір жүк көлігінен минимум 10 мың АҚШ доллары «қара кассаға» түседі. Кейде тіпті 20 мыңға дейін болады. «Қорғастан» тәулігіне ең аз дегенде 150 жүк көлігі өтеді. Ал енді осы соманы «Қорғас» жұмыс істейтін 5 күнге көбейтіңіз. Ал одан шыққанды төртке көбейтіңіз, нәтижесінде «қара кассаға» бір айда түсетін ақша шығады, – деген. Ол заңсыз жиналған ақша жергілікті қаржы полициясы мен басқа да бақылаушы органдар арасында бөлініп, қаржының қомақты мөлшері Астанаға жіберілетінін хабарлаған. Қоғамды қозғаған атышулы мәлімдемеден соң Тәкеева өзіне және туыстарына қысым жасалып жатқанын айтып, сол кездегі президент Н.Назарбаевтан араша сұраған еді.
Атышулы мәлімдемеден жарты жыл өткеннен кейін, мамырдың 3-і Қаржы полициясы «Қорғас» және «Қалжат» кеден бекеттерінде контрабандамен айналысқан қылмыстық топтың 100-ден аса мүшесі анықталғанын хабарлады. Бұған саясаткер Жасарал Қуанышәлин күдікпен қарайтындығын, мұны «Қаржы полициясы мен ҰҚК арасындағы текетірес, жемқорлықпен күрес жүріп жатыр деген сыңай таныту» екенін айтқан. Арада екі жылға созылған тергеу амалдары аяқталып, 2013 жылдың жазы ел ішінде «Қорғас ісі» аталып кеткен 45 кеден комитеті қызметкерінің соты басталды. Айыпталушылардың қатарында кеденшілерден Талғат Қайырбаев пен Бақыт Отарбаев, ҰҚК-нің бұрынғы шенді қызметкерлері Талғат Жақаев, Ирлан Әбдірахманов және Бақытбек Құрманалиевтер болды. Сөйтіп тоғыз ай толғатқан сот процесі 2014 жылы 11 наурызда аяқталып, судья Советхан Сәкенов жемқорлық пен контрабандаға қатысты ең ірі «Қорғас ісіне» үкім оқыды.
Қылмыстық топ басшылары деп танылған Талғат Қайырбаев – 16 жылға, Бақыт Отарбаев 13 жылға сотталды. Кеден бекетінің бұрынғы бастығы Бақытжан Айдаров 5 жарым жылға, Алматы облысы кедендік бақылау департаментінің бұрынғы бастығы Құрманбек Артықбаев – 14 жылға, Ақмола облысы ҰҚК департаменті бастығының бұрынғы орынбасары Бақытбек Құманәлиев 16 жылға, ҰҚК-інің бұрынғы жоғары лауазымды қызметкерлері Талғат Жақаев пен Ирлан Әбдрахманов 17 жылға, басқалары бес жыл мен 10 жыл аралығындағы түрлі мерзімге темір торға қамалды.
Төрт жылға таяу жүргізілген «Қорғас ісі» бойынша айыпталушыларға «лауазымды тұлғалар мен кәсіпкерлерден тұратын ұйымдасқан қылмыстық топ Қытай шекарасынан контрабандалық тауар өткізумен бірнеше жыл айналысып келген» деген айып тағылды. Биыл қазанның соңында «Қорғас ісімен» ұзақ мерзімге сотталған айыпталушылар ҰҚК-нің бұрынғы қызметкері Талғат Жақаев пен Алматы облысы кеден қызметінің бұрынғы басшысы Құрманбек Артықбаев бостандыққа шықты. Олардың өтелмеген жазасын айыппұлға ауыстырды.
Қазақстан шекарасы және Қытай қарызына «жанданатын» кеден бекеттері
Қазақстан шекарасының жалпы ұзындығы 13394 шақырым, теңізбен (Каспий, Арал және өзге су нысандары) 2000 шақырымнан асады. Ұлттық экономика министірлігіне қарайтын статистика комитетінің ресми дерегінше, Қазақстан мен Ресейдің ортақ шекарасының ұзындығы 7591 шақырым. Өзбекстанмен – 2354, Қырғызстанмен – 1241, Қытаймен – 1782 және Түрікменстанмен – 426 шақырым қашықтықтықта шектеседі. Ресей Федерациясы мен Қазақстанды байланыстыратын 51 өткізу пункті бар. Олардың 30-ы автомобиль, 20-сы теміржол және біреуі өзен арқылы. Бүгінгі таңда Қазақстанда 90-ға тарта кеден бекеттері бар.
Кедендік бақылау комитетінің басшысы Мәжит Есенбаев 2012 жылдың жазында шекара өткізу пунктірінің саны 107-ден 92-ге дейін қысқарғанын айтқан. Биыл наурызда қаржы министрі Әлихан Смайылов «кеден бекеттерін жандандыруға» Қытайдың Экспорттық-импорттық банкінен 100 миллиард теңге несие алу бастамасын көтерген. Министрдің сөзінше, 2 пайыздық мөлшермен 20 жылға алынатын 2 миллиард юань көлеміндегі несиеге «Қытай, Түркіменстан және Өзбекстанмен шекарадағы 10 кеден өткізу бекетін жөндемек». «Кезекті қомақты қарызға» күмәндана қараған депутаттар былтыр Алматы облысындағы «Нұр жолы» бекетінің өзіне 70 миллиард теңге берген министрдің ісін сынап еді. Десе де мәжілісмендер қанша сын тезіне алғанымен ақыры «қарыз алу туралы келісімді» бірауыздан бекітіп берді. Қарызға алынатын 2 миллиард юань, яғни «100 миллиард теңгенің 70%-ына қытайлық құрылғылар алынса, қалған 30%-ы кеден бекеттерін жөндеу жұмыстарына жұмсалады» деп мақұлданған.
Қазақстан кеден ісі саласындағы «жемқорлық»
Жылда елде кеден саласында жемқорлыққа қатысты қылмыстық іс жиі тіркеледі. Мың сан мысал келтіруге болатындай.
2017 жылы «Алтынкөл» кеден бекетінде Қырғызстанға бет алған көлемі 17 тоннадан асатын кезекті контрабандалық тауарлар анықталған. Дәл осы бекетте былтыр ақпанда ҰҚК 2018 сыйбайлас жемқорлық күдігімен арнайы операция жүргізіп, 116 мың доллар және 4,3 миллион теңге заңсыз ақша тапқанын мәлімдеген. Сөйтіп биыл «Алтынкөл» кеден бекетінің 17 қызметкері сотталды. Сондай-ақ былтыр мемлекеттік кірістер комитеті «Оңтүстік Қазақстан мен Алматы облыстарының кедендік органдарының 19 қызметкері контрабандаға қатысты ұсталғанын» мәлімдеген еді.
Күзде Алматы қаласы қылмыстық істер жөніндегі сотының сот алқасы Қырғызстан Жогорку Кенешінің экс-депутаты Дамирбек Асылбек уулун «экономикалық контрабанда жасап, трансұлттық қылмыстық топ ұйымдастырды» деген айыппен 10 жылға бас бостандығынан айырды. Асылбек уулымен бірге 11 айыпталуышы да жалпы кедендік құны 407 миллион 558 мың теңге болатын қомақты контрабандалық жүкті Қытайдан Ресей мен Қазақстанға заңсыз өткізгені үшін түрлі мерзімге жазаға кесілді. Бұл мыңдаған томнан тұратын «қазақстандық шекара қылмысының» бір парасы ғана. Кеден саласында негізінен экономикалық контрабанда, кеден төлемдерi мен алымдарын төлеуден жалтару, қоланыстан шыққан немесе жарамайтын заттардың контрабандасы сияқты қылмыстар көп ұшырасып отырады. Бір ғана Түркістан облысы бекеттерінің өзінде былтыр 514 әкімшілік хаттама толтырылып, 33 қылмыстық іс қозғалған.
Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігі төрағасының бірінші орынбасары Олжас Бектенов тамыздағы кеңесте «сыбайлас жемқорлық жүйелері кеден бекеттерінің қызметіне кеңінен еніп кеткенін... көптеген жылдар бойы жағдай түбегейлі өзгермей келе жатқан проблемалар жүйелі сипатқа айналғанын» мойындаған еді. Ол коррупция мен контрабанданың етек алуын «орындалатын барлық іс-әрекеттер лауазымды тұлғалармен кәсіпкерлер және азаматтар арасындағы тікелей байланыс арқылы жүзеге асырылуымен» түсіндірген. Кеңес нәтижесінде антикоррупциялық агенттік өкілі мемлекеттік кірістер комитетіне қарата «прогресс болмаған жағдайда біз тиісті шаралар қолдануға мәжбүр боламыз» деп ескерту жасады.
«Қорғас ісінің» қырғызша қанды үлгісі – «Кедендегі миллиондар»
Өткен айдың соңында Азаттықтың Қырғыз қызметі жемқорлық пен ұйымдасқан қылмысты зерттеу орталығы және Kloop.kg сайтымен бірге Қырғызстаннан заңсыз жолмен шетелге кемі 700 миллион доллар қаражаттың шығарылғаны, көлеңкелі «бума-бума көк ақшаны шаю» әдісі жайлы зерттеу материалының екінші бөлімін жариялады. Бұған дейін, қарашаның 10-ы Қытайдың тумасы, 37 жастағы этникалық ұйғыр Айеркен Саймаитиді Стамбұл шаһарының орталық кафесінің бірінде белгісіз біреулер атып өлтірген. Өміріне қауіп төнгендіктен 2017 жылы Қырғызстаннан кетуге мәжбүр болғанын айтқан Саймаити журналистерге Қырғызстаннан жүздеген миллион доллар ақшаны шетке қалай шығарғанын көрсететін жүздеген құжат берген. Ол бұл операциялардың ауқымды бөлігі заңсыз ақшаға байланысты жасалған деп мәлімдеген. Бірнеше жылға созылған экономикалық қылмыстың негізгі әрі «көп білетін» ойыншысы Саймаити журналистерге заңсыз әрекеттерге мемлекеттік кеден қызметі төрағасының бұрынғы орынбасары Райымбек Матраимов отбасының қатысы барын айтқан.
Деректі журналистік зерттеу жарияланымынан кейін 25 қараша Бішкекте жүздеген азамат санкцияланбаған бейбіт митингіге шығып, биліктен кеден саласындағы жемқорлықты жойып, шынайы реформалар жүргізуді талап етті. Орталық алаңда #ReАкция атауымен өткен бейбіт шеруге жиналғандар «Райым тұтқындалсын!», «Ұрылардың орны – түрме!», «Реакция. Шынайы реформаларды талап етеміз!» деген және басқа ұрандар көтерді. Саймаити айыптаған «мемлекеттік кеден қызметі төрағасының бұрынғы орынбасары Райымбек Матраимовтың» суретін ұстаған наразылар өз қарсылығын білдірген болатын.
Қырғызстан Ұлттық қауіпсіздік мемлекеттік комитеті (ҰҚМК) қылмыстық кодекстің «адам өлтіру» бабы негізінде тергеу бастап, күдікті ретінде Матраимовты қарашаның 29-ы 5 сағат тергеген. Сонымен қоса тергеуге Азаттық радиосының да екі қызметкері (Мухаммедали Токтакунов пен Ыдырыс Исаков), премьер-министр Мухаммедкали Абылгазиев, Жогорку Кенештің қазіргі депутаттары Алтынбек Сулайманов пен Дүйшөн Төрөкуловты, бұрынғы депутат, қазір Шырын Айтматова т.б. шенеуніктер шақырылды. Тіпті Қырғызстанның Стамбұлдағы бұрынғы бас консулы Еркін Сопоков «автокөлігін Саймайти мен өзге де адамдардың пайдалануына беріп, өкілетін асыра пайдаланды» деген күдікпен қамауға алынған.
Әуелі қырғыз қоғамын, ІІМ мен президент баспасөз қызметін, ҰҚМК-ны қозғаған қырғызстандық тәуелсіз БАҚ институты жабық тақырып саналған ең ірі көпбапты істің жолын кесе білді. Аталған ауқымды материалды сарапшылар «баламалы ақпарат көзінің келешегі мен жетістігі ретінде ТМД елдері, соның ішінде қазақстандық аудитория ерекше әсерленген жоба екенін» айтады.
Қос істің қорытындылары мен сабақтары
Ағайынды елдің өмір сүру және қоғамдық санасы ортақ кеңістікте болғандықтан, «жарасы» да ұқсас келеді. Әдетте, саясаткерлер мен түрлі халықаралық ұйымдар Қырғыз жұртында «демократиялық құндылықтар орныға әрі медиа институт төртінші билікке қол жеткізе бастағанына» ерекше мән береді. Оның дәлелі ретінде «Кедендегі миллиондар» сезімтал қырғыз азаматтық қоғамын бұл жолы да бейжай қалдырмады. Реакцияшыл қалың топ ертесіне билікке нақты талап қойғанын күллі әлем көрді. Әсіресе, коррупцияға ауызданған көрші елдер.
Ал ауқымды қылмыстық істің ашылу жайына келсек, екі елдің тәжірибесі екі бөлек. Екі жақта да «Христофорлық ашу» немесе «қаһарман мәлімдемесі» бірдей мотивінің болуына қарамастан, жағдайдағы статусы әртүрлі. «Қорғас ісінде» Қанағат Тәкеева қарапайым кәсіпкер болса, қырғыз «Кеденіндегі миллиондарда» Айеркен Саймаити қылмыстық топ мүшесі, негізгі «ойыншысы». Жоғарыда атап өткендей Тәкееваға небір қысым жасалған, бірақ «бірнеше мәрте ескерту алып, қоқан-лоқы көрген» Саймаити шетелде жан сауғалап жүрген жерінде оққа ұшты. Демек ажалға жеткізген жолдың алғышартын «лас ізбен» байланыстырсақ болады.
Сонымен қатар Қазақстанға қарағанда айырқалпақты ағайынды Қырғыз елінде медиа еркіндігі басым дейді мамандар. Соған жараса қырғызстандық БАҚ институты мүмкіндігінше өз міндетінің үдесінен шығып келеді. Ал отандық БАҚ деколонизацияланбаған үрейдің инерциясынан арыла алмай, тіпті «байқап көруге» де талпынбайды. Әйтпегенде елде мүмкіндіктер белуардан асады деген пікір бар. Қазақстан журналистер қауымының ішінде батылырақ әрі нақты, өз принцибіне адал-тұрақты орыстілді ақпарат құралдары. Ақпарат алаңындағы азаматтық қоғам бейнесін беруден әм бейтараптылықтан қаймығатын медианың көпшілігі мемлекеттік тілдегі ақпарат құралдары. Айдан алған ештеңе жоқ, көз алдымыздағы жағдай. Журналистік зерттеумен қоғам жарасын аршып, оны дәрігер – талапшыл қоғамның өз қолына ұстату – санаулы медиа субъектінің «төл ерекшелігіне» айналғалы қашан. БАҚ өкілдерінің ақпаратқа көзқарасын, медиасанасын ауыр күресіннен тазалау, демократиялық құндылықтарға бейімдеу – уақыт пен жаңашыл қоғам талабы. Әйтпегенде әлеуметтік желілер БАҚ-тың ресми мінберін біржола ығыстырып шығаруы ықтимал.
Жемқорлық тақырыбына маманданған журналист: «Медиаға тәуелсіздік жетіспейді»
15 жылға жуық қоғамдық-саяси, әлеуметтік тақырыптарда өткір материалдар жазып жүрген, әсіресе, жемқорлық мәселесімен табанды әрі тұрақты түрде «күресіп» келе жатқан Азаттық тілшісі Мәншүк Асаутай елдегі жағдайдың қиын екенін айтады. Оның сөзінше, «Қазақстанда шенеуніктер мен мемлекеттік орган қызметкерлерінің «жемқорлық» бабы бойынша ұсталғаны туралы ақпарат жиі жарияланады. Көп ұзамай «парамен ұсталған, қызметін асыра пайдаланған, ақша жымқырған» ондаған шенеунік айыппұл төлеп немесе мерзімінен бұрын қамаудан шығып жатады». Тәжірибелі журналистің кәсіби және жеке азаматтық пікірін білмекке тырыстық.
– Мәншүк ханым, Қазақстанның тәуелсіздік жылдарындағы жемқорлық істері бойынша медиадағы мамандаған куәгер тілші ретінде бүгінгі жемқорлықтың сипаты қандай?
– Биыл Қазақстанда жемқорлықтан келген залал 23 миллиарда теңгені құраған. Бұл былтырғы жылмен салыстырғанда екі есе көп көрсеткіш екен. Мұндай цифрді жемқорлыққа қарсы агенттік келтіріп отыр. Егер орта есеппен қаладағы бір бөлмелі пәтер 10 миллион теңге десек, бұл сомаға 2300 үй сатып алуға болады. Ал ол біреудің қалтасына кетті. 28 қарашада президент Қасым-Жомарт Тоқаев парамен ұсталған қызметкерлердің басшыларын да жауапқа тартатын заңға қол қойды. Құжаттың мәтінін әлі көрген жоқпын, сондықтан оның детальдарын айта алмаймын. Жалпы схема жаман емес секілді. Қазақстанның бұрынғы президенті Нұрсұлтан Назарбаев та бұған дейін елде жемқорлықпен күресуді күшейту жайлы бірнеше рет айтқан. Тоқаев та соңғы уақытта бюджет қаржысын жымқырғандарды, пара алғандарды жазалау жайлы жиі айтып жүр. Бұған қарамастан Қазақстан жемқорлық индексіндегі жағдайы жақсарған жоқ. Transparency International ұйымы жыл сайын жасайтын Жемқорлықты қабылдау индексінде (CJI) Қазақстан бір жыл ішінде екі саты төмендеген. 2018 жылы 180 ел кірген тізімде 122-орында тұрған Қазақстан биыл қаңтарда шыққан ұйым рейтингінде 124-орынға түскен.
– Төкеева «жемқорлықты хабарлағандарға сыйақы берілетіні» туралы ережеге қатысты «Керек адамдарға қарсы домалақ арыздар жазылады, ал арыздар ұнамаса, оның авторлары «назарға ілінеді» деген болатын. Расымен де, бұл қазақстандық әдіс пе?
– Тәкеева болар? Қанағат, ия? Кезінде өзі де кеден саласында қызмет етіп, кейін сондағы жемқорлықты жария еткен белсенді азамат Азаттыққа берген сұқбатында «сыйақы беру» әдісіне сенімсіздік білдірген. Елдегі сот пен терегеудегі әділетсіздікті жиі айтатын құқық қорғаушылар да бұл әдістің тиімсіз екенін айтады. Бұл тек Қазақстандағы әдіс емес, жемқорлық жайлаған кез келген қоғамға тән әдіс деп білемін.
– 2010-2014 жылдар аралығында Қазақстандағы ірі жемқорлық «Қорғас ісінің» басы-қасында хабаршы болып жүрдіңіз. Қазиз Тоғызбаев та осы қатардан көрінді. Жалпы Азаттық радиосынан басқа тағы қандай ақпарат құралдары жан-жақты хабар таратты? Толыққанды әрі бейтарап материал дайындаған әріптестеріңізден кімдерді атай аласыз?
– Қазақстандағы жемқорлық дауларының ең ірісі – 2014 жылы 45 адам сотталған «Қорғас ісі». Айыпталушылардың көбі кеден қызметінің аймақтық органдары мен Ұлттық қауіпсіздік комитетінде жоғары лауазымды шенеуніктер болған. Ол іске қатысты барлық медиа жазды. Биліктің ақпарат құралдары тіпті арнайы операцияның қалай жүргізілгені жайлы бейнематериалдар да берді. Одан кейін алғашқы отырысы мен 11 айдан кейін үкім оқылғанда ақпарат берді, болды. «Азаттық» бір жылға жуық өткен процесті мейлінше қамтуға тырысты. Сол кездегі Қаржы полициясының деректерінде, «қылмыстық топ өкілдері шекарадан өткен әр жүк көлігінен 25 мыңнан 30 мың АҚШ долларына дейін ақша жинап отырған. Бұл ақшаның 5 мың доллары ғана кеден төлемдері ретінде бюджетке, ал қалғаны айыпталушылардың қалтасына түскен» делінді. Дегенмен, процеске қатысқан айыпталушылардың туыстары мен адвокаттары айыпталушыларға терегудің алғашқы күнінен бастап қысым жасалғанын, «бұл істің астарында күштік мекемелер арасындағы текетірестер мен шекара төңірегіндегі «майшелпекті» бөлісе алмаған бақталастық жатыр» деген еді. Сарапшылар бұл процесс кедендегі парақорлық мәселесін шешкен жоқ дейді.
– Қазақстанда жемқорлық немесе қандайда бір экономикалық ірі қылмыстардың ашылуында, жараның аузы көрінген соң көпшілікке жарияламасқа қоймайтын тегеуірінді БАҚ бар ма? Болса, қашан болып еді?
– Ондай бірнеше БАҚ болды: «ДАТ», «Ратель», «Республика», «АдамБол». Бірақ көп ұзамай олар түрлі себептермен сотқа тартылып, жеңіліп, жабылып қалды. Әзірге «ДАТ» аман, ал «Ратель» жұмысын қайта бастауға мүмкіндік алды.
– Сіздіңше, отандық медианың журналистік зерттеумен терең әрі өткір мәселелердің бетін ашу тәжірибесінде қандай кемшіліктер бар немесе кедергілер? Және осыған байланысты сәтті үлгілерді есіңізге түсіре аласыз ба?
– Кедергі өте көп, ашық ақпараттың аздығы, кей жағдайда оған қол жеткізу тіпті мүмкін емес. Журналистер ресми сауалға жауапты апталап, айлап ала алмай жатады. Ал ақпаратқа қолға тиген күннің өзінде, оны жариялауға редакцияның қауқары жетпейді. Себебі біздегі БАҚ-тың басым көпшілігі биліктің қаржыландыруына тәуелді. Дегенмен соңғы бірнеше жылда «әйелін шетелге жиі жіберетін шенеуніктің айлығы қанша?», «жергілікті әкімнің қымбат машинасына ақша қайдан пайда болды?», оқулықтар мен дәрілерге кететін қаржы мен шенуніктер табысы туралы бірен-саран ақпарат жария болып жатыр. Әйтсе де мұндайда сот журналисті «жеке өмірге қол сұғу», «ар-намыс пен іскерлік беделге нұқсан келтіру» мен «жалған ақпарат таратты» деген баптармен оларды терістеуге міндеттеу де бар.
– Азаттықтың Қырғыз қызметі жемқорлық пен ұйымдасқан қылмысты зерттеу орталығы және Kloop.kg сайтымен бірге Қырғызстаннан заңсыз жолмен кемі 700 млн доллар қалай шығарылғаны туралы екі бөлімді зерттеу материалынан Қазақстан медиасы алатын сабақтар бар ма?
– Алатын сабақ біреу – қоғам кез келген қылмысқа, оның ішінде жемқорлыққа қарсылық білдіру керек. Қырғыз қоғамында азаматтық белсенділік дамыған. Бізде әзірге оның деңгейі – әлеуметтік желідегі тартыс пен жеке басқа тиісу, негізсіз айыптау мен жала жабу болып тұр. Журналист зерттеу материал жасаған күннің өзінде оған ақпаратын растауға, кейін оны жариялауға, қажет болса сотта қорған болатындар кемде-кем. Сондықтан әзірге мұндай зерттеу бізде жасала қойған жоқ. Бірақ бұл жасайтын негіз жоқ деген сөз емес.
– Қазақстанның «Қорғас ісі» мен қырғызстандық «Матраимов ісі» екеуінің қылмыстық алаңы ортақ – кеден бекеті. Тағылған айып та бір – контрабанда мен жемқорлық әм алаяқтық. Екі жақта да қылмыстың бетін ашқан «қаһармандар» бар. Айырмашылығы – қырғыз медиасы батылырақ қозғалып, көбірек еңбектенген сияқты. Бұдан қандай қорытынды жасаса болады? Неліктен?
– Иә, бұл зерттеу көп еңбек пен қоғамның қолдауының арқасы деп білемін.
– Қырғыз халқының медиа институтына сенімі және саяси реакцияшылдығы көптің аузында сөз болғаны белгілі. Дәл осы жағдайдың «қазасыз» нұсқасы «Қорғас ісін» қазақстандық қоғам қалай қабылдап еді? Қазақстан медиасының ауқымды қылмыстың жолын кесудегі әлеуетін қалай бағалайсыз, алдағы 10 жылдығын қай деңгейде елестетесіз?
– «Қорғас ісі» сол кезде қызу талқыланды. Себебі ол талқылануға болатын тақырып еді. Қазір Қазақстанда әлеуметтік желі жақсы дамып, азаматтық беленділер мен құқық қорғаушылардың жас буыны өсіп келеді. Сондықтан, меніңше, алдағы он жылда деңгейіміз біршама өсуі тиіс. Ал медиаға тәуелсіздік жетіспейді. Билікке тәуелді болу деген... бұл биліктің сөзін сөйлеп, идиологиясын жүргізу. Медиа, жалпы журналистика тәуелсіз әрі бейтарап институт болып қалыптасып, қоғамның «ауруын ашып, емдеуге итермелеу» керек деп білемін.