Тоқаев жолдауының 25%-ы (5960 сөздің 1497-сі) ғана мемлекеттік тілде жасалған.
Бүгін Қасым-Жомарт Тоқаев көптен күткен Қазақстан халқына Жолдауын жасап, онда қоғамдағы түйткілді мәселелерге жауап беруге тырысты. Кейбір ұсыныстары көптің көңілінен шығып, қолдау тауып жатты. Тамыз кеңесінен кейінгі Үкіметтің тапсырма астында қалған күні болды. Іске асса, құп. Қазақстан президенттерінің 25-ші Жолдауы әдеттегідей өзінің көпмәселелі сипатын сақтай отырып, президент пен биліктің позициясын танытуға бағдарланған.
Қазақстан саяси сахнасындағы «президенттік жолдау» жанры әбден қалыптасып, оның типтік табиғаты қалыптасқалы 22 жыл өтті. 1997 жылы 16 қазанда Н.Назарбаевтың ел миссиясын, ең маңызды 7 приоритет пен нақты 8 қадамды айқындаған алғашқы «Қазақстан халқына Жолдауы» тек орыс тілінде жасалған еді.
2 қыркүйек Мәжіліс үйінде айтылған Жолдаудың пошым-мазмұнына жіті назар аударсақ, әттеген-айлап, көңілдің райы бұзылып қоя береді.
«Қазақ тілінің мемлекеттік тіл ретіндегі рөлі күшейіп, ұлтаралық қатынас тіліне айналатын кезеңі келеді деп есептеймін» деген Тоқаев «тіл үлкен саясаттың құралы екенін» ұмытпауға шақырды. Президенттің Жолдауы көпшілік күткендей тікелей эфирде болмады. Түс әлетінде Ақорда порталы мен БАҚ беттерінде Жолдаудың толық мәтіні жарияланды. Текстологиялық талдау нәтижесінде 10 беттік мәлімдеменің тек 25%-ы ғана мемлекеттік тілде жазылғаны анықталды. Баяндама мәтініндегі 5960 сөздің 1497-сі қазақ тілінде, ал 4463 сөзі орыс тілінде. Демек «ұлтаралық қатынас тіліне» айналуға «әлеуетті» мемлекеттік тіл 4/1 бөлігін құрайды. 75%-ы орыс тілінде жасалған Жолдау Қазақстан халқына арналған.
Азаматтарының 70%-дан астамын мемлекет негізін құраушы әрі жердің байырғы иесі болып саналатын қазақ ұлтының басымдылығын ескермеу – ұзақ уақыттан бері тіл жанашырлары мен азаматтық қоғам көтеріп келе жатқан өткір мәселе. Қазіргі таңда де-факто (іс жүзінде) Қазақстанда құдды мемлекеттік қостілділік ахуал орнағандай. Расын айтып, шындыққа риясыз келгенде, Конституцияда бектілііп, заңды мәртебесі айқындалған мемлекеттік тіл – қазақ тілінің қолданылысы мемлекеттік органдар мен бизнес секторларда тынысы тар, өте тар. Осы тұста реалды жағдайдағы мемлекеттік тілге қатысты ұлтаралық «дәрежеге жету үшін бәріміз даңғаза жасамай, жұмыла жұмыс жүргізуіміз керек» дегенді қалай түсінеміз деген сауал туады. Сол «жұмыла жұмыс жүргізуді» о бастан бастаған жөн болса керек-ті. Өткен жылдары экс-президент Н.Назарбаевтың бір сөзімен-ақ бүкіл Парламенттің қос қанаты, Үкімет құрамы, Министрлер кабинеті түгел қазақша сайрағаны есімізде.
Тіл жанашырларының ашынуы орынды. Талай жылдан бері қоғамда «қазақ тілі өмірдің барлық саласын қамтуға қауқарсыз» дейтін жаңсақ пікірдің көбесі сөгілмей келеді. Теледидарда шенділер калоннасы, тіпті президенттің өзі үш сөзінің екеуін орысша сөйлейді. Мұны көрген жас өскін ұрпақтың түпсанасында бейсаналы түрде «қазақ тіліне орын жоқ» деген түсінік қалыптасары сөзсіз, кез келген нәрсе қажеттілігімен қадірлі. Ана тілін қажетсінбеген аға ұрпақты көрген жастарға не өкпе, не кінә артамыз? Бәрі өзімізден.
Осыдан екі апта бұрын, 16 тамыз Тәуелсіздік сарайында Тоқаев ел педагогтарының дәстүрлі Тамыз кеңесіне арнайы қатысып, көлемді баяндама оқыған еді. Президент баяндамасының 29,4%-ы ғана, яғни 2414 сөздің (баяндама атауын қоспағандағы) тек 711-і ғана мемлекеттік тілде жазылған. Сол кезде де 3/1-іне де жетпейтін бөлігі қазақ тілінде жариялаған баяндамасында «Әр халықтың ана тілі – білімнің кілті» – дейді академик Ахмет Жұбанов. Бұл сөз біз үшін негізгі ұстанымға айналуы тиіс» деп шегелеп айтқан еді мемлекет басшысы.