АҚШ-тағы Пенсильвания, Ресейдегі Кыштым, Украинадағы Чернобыль, Жапониядағы Фукусима АЭС-тарындағы жарылыстардан соң әлемдік қауымдастықта ядролық реактордан энергия өндіру ісіне заңды әрі табиғи түрде үрейлі әм күмәнді көзқарас қалыптасты. Энергия қорын жинақтаудың ең тиімді әдісі АЭС екені даусыз, бірақ оның залалсыздандырылуы қымбатқа шығуы мүмкін. Әлемнің технократтық дамыған елдерінде атомнан энергия өндіру бойынша жүздеген станциялар жұмыс жүргізуде. Бірақ, бұл Қазақстан жағдайында көптеген сарапшылардың бағалауынша «ауыр тәуекел» болмақ. Жүйе курсы мен кадрлық класстерді даярлау-қамсыздандыру жағы, жобаның өнімділігі, экологиялық қауіпсіздік кепілділігі... ең маңыздысы АЭС тиімділігі қай тарапқа мүдделі, кімге қызмет ететініндігінде. Қалдығы қазақ даласына, «қызығын» өзі көретін көршінің аналогтық «Байқоңыр-2» жобасы болып шықпасына кім кепіл? Қалай десек те Қазақстан толық мағынада АЭС салуға дайын емес.
Қазақстанда АЭС салу бастамасы бүгін ғана айтылып жүрген жоқ. Осыдан жиырма жылдай бұрын, 1990 жылдардың соңына қарай АЭС салу туралы идея қоғамдық талқыда болған. Сол кезде-ақ Балқаш көлінің маңында салынуы мүмкін деген сыбыс тарап еді. 2006 жылы Ақтау қаласының түбінде АЭС салу туралы тағы сөз бола бастады. Ал 2009 жылы Ресейдің демеуімен Семей өңіріндегі Курчатов қаласына АЭС салу мәселесі төңірегінде біршама дискурс жүрді. Kaztag.kzхабарлауынша2014 жылғы 29 мамырда Қазақстанда АЭС салу туралы «Қазатомөнеркәсіп» пен «Росатом» арасында меморандум жасасқан. Оған ҚР тарапынан В. Школьник пен РФ тарапынан Сергей Кириенко қолқойған. Дәл сол жылы 30 қыркүйектеҚазақстан мен РесейҚазақстанреспубликасыныңаумағында атом электрстансасыныңқұрылысынсалудаынтымақтастықтуралыкелісімгеқолқойғандығыбелгілі. Кеңестік кезеңде «Семей ядролық полигонында болған жарылыс саны Хиросима мен Нагасакиде болған атом бомбасынан 2500 есеге артық» (07.11.2017 Н.Назарбаевтың Жапония премьер-министрі Синдзо Абэмен келіссөзден кейінгі журналистерге айтқанынан). Бір ғана Семей қаласы маңындағы сынақ алаңында 1949 жылдан бастап 40 жыл бойы ядролық қару 459 жарылыс жасалып-сыналған. Нақты дерек көздеріне сүйенсек, 1,5 миллион адам зардап шегіп, апат аймағының көлемі 304 000 шаршы шақырымға жеткен. Қазақ жерінде жасалған атом сынағының күші Хиросима мен Нагасакидегі атом бомбасынан 200 есе зор деген деректер де айтылды ғалымдар тарапынан. Бүгін де Ресейге кейбір ареалдарды полигон полясы ретінде жалға беріп отырмыз. Осыншалық қасыреттерден соң жүрегі шайлығып, беті қайтқан жұрттың базынасы орынды болса керек. Осыдан хабардар бола тұра биліктің АЭС салуға бүйрегі бұрып тұрса, онда мұның саяси астары бары сөзсіз.
Қазақ даласының энергоресурстары жеткілікті. Қоғам белсендісі, белгілі экология жанашыры Азаматхан Әміртайдың айтуынша еліміздегі көмірдің өзі 500 жылға жетеді екен. Газ бен мұнай да жеткілікті деңгейде. Сонымен қатар, 9-шы территориядағы жел мен күн энергиясының мүмкіндіктері АЭС-қа мұқтаж етпейтіні анық. Жарық жылдамдығынан да қуатты атом реакциясын қолданбалы өндіріске енгізуді көпшілік қазақстандықтар құптамайды.
Азаматтық қоғамнан қазықтай берік талап – АЭС нысанын құрылысына байланысты нақты талдау жасалып, жалпыхалықтық ашық әрі мөлдір референдум жүргізу. Ел президенті Қ.Тоқаевтың Семей жұртшылығымен кездесуде АЭС салып-салмау мәселесіне қатысты «халық пікірі назарға алынады» деген мәлімдемесі, Энергетика министрінің орынбасары Мағзұм Мырзағалиев «азаматтардың пікірі ескеріледі» деп басу айтуы «құлаққа лапша ілуге» (алдарқату) айналып кетпесе игі еді!
P.S.. Мамыр айында дүниежүзілік премьерада британ-америкалық HBO және Sky кинокомпаниялары бірлесе түсірген «Чернобыль» мини-сериалы көпшілік көрермендердің ыстық ықыласына бөленді. Техногенді апатқа жаңаша призмалық ракурстан қарауға мүмкіндік туғызған фильмнен тоналған шындықтың құны түптің-түбі дауланатынын, бірақ оның қымбатқа түсетінін аңғару қиын емес. Жүйе өрген жемқорлық торы өркениетті-жасампаз әрекет-амалдарға кесе көлденең бөгет болатынын шебер бере білген. Айтуға ауыз, істеуге қол бармайтын апат-қасіреттер әуелі адам санасында туатынын ұмытпайық! Көптің аманатын арқалаған шақта білімсіздік пен қысастықтың жолы жиі қиысатыны, шалыс ақыры қор екені сөзсіз. Ел тағдырына қатысты тәуекел – шахмат тақтасындағы жүріс емес... Жаңылыспалық!