Қытайдағы қазақ мәселесі соңғы жылдардағы қазақ тілді ақпарат кеңістігіндегі ең қызу тақырыптың бірі болғаны даусыз. Ондағы күрделі саяси жағдайларға байланысты Қытайдағы қазақ тағдыры ұлт болашағын ойлаған көзқарақты қауымды алаңдатпай қойған жоқ. Дегенмен, қазірге дейін Қытай территориясында жасап жатқан 2 миллионға жуық қандасымыздың болашағы туралы тұшымды тұспал жасаған әлеуметтік зерттеулер, ғылыми сараптамалар жоқтың қасы. Әлемдегі аз ғана қазақтың ұлт ретінде бірлігі, амандығы, тұтастығы тек қана «шымқай қызыл ұран» мен «жалпақ шешей ұлтшылдықтың» сүреніне көміліп қалып жатқандай. Қазақстан сынды әлем мойындаған егемен мемлекетті құрушы ұлт ретінде, ұлт зиялыларымыздың, жүйеден әлеуметтанушы зерттеушілеріміздің бұл тақырыпты қаузап, зерттемеуі, Қытайдағы қазақ болашағы туралы толғанбауы түсініксіз.

Айталық, Қытайда 2 млн-ға (кейбір алып-қашпа пікірлерде 3 миллионнан астам деп те көрсетіп жүр) жуық қандасымыз бар дейміз, олардың нақты саны қанша? Демографиялық жағдайы қандай немесе демографиялық өсімі, ер-әйел салыстырмасы, туу көрсеткіші, жас құрамы, білім алу деңгейі, т.б. көрсеткіштері қандай? Қалаласу (урбанизация)деңгейі қай сапта? Ассимиляция қауіпі төніп тұр және қазақ тілінің болашағы қалмады дейміз, онда ассимиляцияға ұшырау қарқыны қаншалық? Қазақ тілділерінің саны немесе қытай тілді жас ұрпақтың саны қаншалық? Міне, бұл қатарлы сұрақтарға жауап тапқан немесе іздеп жүрген зерттеушінің қатары көрінбейді. Міне бұл олқылықтың орынын түгелдей толтыра алмасақ та, кемінде зерттеушілердің назарын аудару мақсатында, Қытайдағы қазақтардың демографиялық жағдайына қысқаша талдауды сайт оқырмандарына ұсынып отырмыз. 

Қытайдағы қазақ демографиясы олардың болашағы туралы да хабар бермек. ҚХР-дағы қазақтардың басым көбі Шынжаң жерінде тұрады.  Қытайда 6-шы реткі халық санағы бұрынғыларымен салыстырғанда біршама ашық әрі жан-жақты болды. 2017 жылғы көрсеткішке сәйкес Шынжаңда 24 млн 446 мың 600 тұрғыны бар делінген. Ал, қазақтардың саны 1млн 682 мың адам болып, Шынжаңның 6. 88 пайыз халқын құраған.

 

Дегенмен, бұл Қытайдағы қазақтың жалпы саны емес. Шынжаңнан тыс, Гансу, Цинхай провинцияларында жасайтын, Бейжіңде тұратын қазақтар бұл санды мәліметтің қатарында жоқ. Сондай-ақ, Ішкі Қытай қалаларындағы қазақ студенттері мен қазақ кәсіпкерлерін қосқанда Қытайдағы қазақ саны шамамен 1.7 миллионнан асады. Жоғарыдағы сандық мәліметке қарап, 1990 жылдан бері қарай ондағы қазақтардың демографиялық өсімінің баяулағанын білуге болады. Бұған Қытайдағы жоспарлы туу саясаты тікелей ықпал еткен.  Оған қоса, 2000 жылдардан кейінгі Қазақстанға қоныс аудару үрдісінің де өзіндік ықпалы бар. 2000-2010 жылдар арасында қазақтардың демографиялық өсімі 1 пайыз айналасындағы өсіммен ұйғырлардан (1,6 пайыз) төмен болған.

Қытайдағы қазақтар мекендеген аймақтар

Қытайдағы қазақ демографиясына 2010 жылғы санақ негізінде талдау жасап көрелік. Сол жылы Қытайда қазақ саны 1 млн 463 мың 12 адамды құрап, тұтас ҚХР халқының  0.11 пайызын иелеген. Шыңжаңдағы қазақтардың басым көбі Тәңіртауының солтүстігіндегі  төрт аймаққа қоныстанған. Соның ішінде,  Алтай, Тарбағатай, Іле қатарлы үш аймақты қамтыған Іле Қазақ автономиялы облысында 1,3 миллионнан астам қазақ қоныстанған. Олар жалпы қазақ санының 77,8 пайызын иелейді. Айталық, Іле аймағында 37.68 пайыз, Алтайда 23.14 пайыз, Тарбағатайда 16.98 пайыз.

Ал, Санжы, Үрімжі және Баркөл мен Үрімжі қаласы сынды Тәңіртау аймағында 300 мыңнан астам қазақ өмір сүреді. Олар жалпы қазақ санының 22,2 пайызын ұстайды.

Аймақтардағы қазақ саны және пайыздық көрсеткіші

Бұл аймақтарда қазақтармен қатар қытай (ханзу), ұйғыр, дүнген ұлттары да жиі қоныстанған.

Қазақтар қоныстанған аймақтағы қытай мен ұйғырдың үлес салмағы

2017 жылы көрсеткіш

Жоғарыда аталған қазақтар жиі қоныстанған бес аймақта 7,2 миллионнан астам халық тұрады. Оның ішінде қазақтардың саны 1,6 млн болып, өз жерінде 22 пайызды иелеген. Бұған Үрімжі, Шыхызы, Қарамай қалаларының саны мен ондағы қазақ санын кірмеген.

Қытайдағы қазақтардың  қоныстанған территориясы 350 мың  шаршы шақырымнан асады. 1949 жылы осы аумақтағы қазақтардың үлес салмағы 50 пайыздан жоғары болған. Соның ішінде Алтай аймағында қазақтардың үлес салмағы ең жоғары болып, 90 пайыздан асқан.  1950-2000 жылдарға дейін ішкі провинциялардан келген қытай және дүнген ұлттары мен Тәңіртаудың оңтүстігінен ұйғырлардың (негізінен Іле аймағына қоныстандырылған) жаппай қоныстандыру қазақтарды өз жерінде азшылыққа айналдырған.  Десе де, қазақтардың көпшілігі басқа ұлттардан бөлектеніп қоныстанған. Санжы, Құмыл аймағы және Бұратала облысындағы  қазақтардың үлесі 10% айналасы болғанымен, басқа ұлттардан бөлек қоныстанғандықтан салт-дәстүрлері жақсы сақталған. Ал Қарамайлы, Үрімжі қаласындағы 100 мыңға жуық қазақтың 70 пайызынан астамы ірі қалада бытыраңқы орналасқандықтан, өзге ұлттармен араласуы, тілін жоғалту қаупі көбірек.  Аталған аймақтардағы кейбір аудандарда қазақтар басым көп санды ұлт ретінде өмір сүруде. Айталық, Алтайдың Шіңгіл ауданында қазақтардың үлес салмағы 76 пайыз, Көктоғай ауданында 73 пайыз, Тарбағатайдың толы ауданында 72 пайыз, Алтайдың Жеменей ауданында 61,6 пайыз, Қаба ауданында 60,6 пайыз, Буыршын ауданында 57 пайызды ұстайды. Бұл аудандарда ұлттық дәстүр мен тілді ұстану біршама қауіпсіз деуге болады, тілдік орта жақсы сақталған. Аймақтар арасында қазақтар ең көп қоныстанған Іле аймағы болғанымен, онда басқа ұлттарды саны да мол. Этникалық азшылықтар арасында ұйғырлардың саны көбірек. Ал, дүнгенмен қытай бір тілді халыққа жатады.

Қалаласу деңгейі

2017 жылы Шыңжаңдағы 24 млн халықтың 49.38  пайызы қала тұрғындарын құраған.  2000 және 2010 жылғы екі реткі санақта қазақтардың қалаласу деңгейі төмендегідей:

1949 жылға дейін Қытай жеріндегі қазақтар дерліктей көшпелі өмір сүрген. 1958 жылдан бастап отырықшылыққа біртіндеп көшіріле бастады. Ауылдық жерлерге қоныстанып егін егу немесе жартылай отырықшыға айнала бастады. Бір бөлімі үкімет қызметкеріне айналып, қала-қалашықтарға қоныстанды. 1949 жылға дейін қазақтар қоныстанған өңірде қала-қалашықтар өте шағын болған, аймақ орталықтарында көбінде 20 мыңнан аса тұрғыны бар шағын қалалар болды. Айталық, Құлжа қаласының 24 мың тұрғыны болып, басым көбін ұйғырлар, орыс пен татарлар құраған. Ал, аудан орталықтары одан да шағын болып, бірнеше мың, тіпті кей аудан орталықтары бірнеше жүз ғана тұрғыны бар қалашықтардан тұрды. Айталық, сол тұстарда Толы ауданының орталығында не бары 50 түтін ғана болған.

1950 жылдан бастап қазақтарды күштеп отырықшылыққа бейімдегенмен, қазірдің өзінде кейбір аймақтарда жартылай көшпелі өмір сүріп отырған қазақтар да бар.  Ауылдық жерлерде егін шаруашылығымен айналысатындардың саны басым, ал барлық қала-қалашықтағы қазақ саны сол қаладағы қытай ұлтынан аз болып келеді. Былайша айтқанда толықтай қазақыланған қала жоқ.  Бұл туралы мәліметтерді саралай отырып, Қытайдағы қазақтардың қалаласу деңгейінің әлі де төмен екенін білуге болады.

Кәсіптік салыстырмасы немесе шаруашылығы

Қытайдағы қазақтардың 30 жыл ішіндегі әр сала, әр кәсіптегі салыстырмасы төмендегідей:

Бұл көрсеткіштен Қытайдағы қазақтардың басым көбі, айталық  80 пайызға жуығы ауыл шаруашылығымен шұғылданатынын білеміз.  Ал, осы егін және мал шаруашылығымен айналысатын 1.4 млн шамасындағы қазақтардың қолындағы төрт түлік малдың саны 20 миллионнан асады. Бұл жалпы Қазақстандағы мал санынан да көбірек. Айталық, Толы ауданында 1.2 млн бас мал болып, бір ғана Күп ауылында 360 мың бас мал өсіріледі. Көктоғай ауданындағы төрт түлік малдың саны 1 млн-нан  асады, ал оның 330 мыңы Дүре ауылында.

Айта кетерлігі, мемлекеттік кадрлар саны соңғы жылдары азайғанымен, басқа кәсіп түрлеріндегі қазақтардың саны біртіндеп көбейіп келе жатқаны байқалады. Айталық, Қытайдағы қазақтардың 1-ші кәсіп түрі саналатын ауыл шаруашығымен айналысатын қазақтардың саны жылдан жылға азайып келеді.

Кәсіп деңгейі бойынша:

Жоғарыдағы мәліметтерге сайы, Қытайдағы қазақтардың 15-20%  пайызы үкімет қызметкері, оқытушылық және дәрігерлік салаларда екенін, 2000 жылдармен салыстырғанда бұл салалардағы кәсіптену салыстырмасы азайғанын байқауға болады. Оның Шынжаңдағы қытай ұлтының барлық салалардағы басымдыққа ие болуы, санының жылдан жылға көбейіп, жергілікті қызметкерлерді ығысытырып шығаруы және көші-қон мен қазақ тілді мектептердің жабылуы сынды бірқатар негізгі себептері бар. ал шамамен 3-4 пайыз қазақтар мұнай, тау-кен және түрлі өндіріс ошақтарында жұмыс істейді.

Қазақтардың шаруашылығына қатысты бірқатар проблемалар

Қазақтардың қолындағы мал санының өсуі бірқатар мәселелерді туындатты. Айталық, мал санының шектен тыс көбеюі жайылымды тарылтты және жердің тұяқкесті болуына алып келді. Сонымен бірге, тек дала жайылысымен ғана мал бағу барған сайын қиындап, егіншілік алаңдарынан жем-шөпті қымбат бағада сатып алу мал шаруашылының табысын азайытты. Базар бағасының тұрақсыздығы мал шаруашылығымен айналысқан қазақтардың жағдайын қиындата түсті.

Ал, бағызыдан көшпелі өмір салтын ұстанған қазақтар отырықшы егін шаруашылығына бірден ойысып кете алмады. Бұл саланы дәстүрлі шаруашылығы ретінде айналысып келе жатқан қытай мен ұйғыр, дүнгендермен бәсекелесе алмады. Оның үстіне басым көп қазақтар мекендеген өңірлер мал шаруашылығына қолайлы, егін салуға үйлеспейтін, топырақ қабаты жұқа, суы тапшы, климаты құрғақ болып келді. Бұған қарамастан Қытай үкіметі жайылымдарды егістікке айналдыру науқаны жердің шөлейттенуіне, химиялық тыңайтқыштармен бүлінуіне алып келді. Ертіс, Іле қатарлы транс-шекаралық өзендерді егістікке, қалаларды сумен қамтуға көбірек пайдаланғандықтан бұл сол елдегі қазақтар мекендеген аумақты және Қазақстанның кей өңірлерінің су қорын азайтты.

Қазақтар мекендеген таулы аймақтар табиғаты көркем, жасыл желекті болғандықтан туризм саласында ең бірінші сұранысқа ие болды. Алайда, жергілікті үкіметтер туризмді дамыту ісінде жер иесі болған қазақтардың мүддесін ескермеді. Соның салдарынан көп жерде қазақтардың жері аз ғана ақшамен келімсек кәсіпкерлердің қолына өтіп кетті. Ал, қазақтар мекендеген өңірлердегі жерасты байлықтардың үлесінен қазақтар мақсатты түрде қағылып келді. Айталық, Алтай тауы «Алтын тау» атымен белгілі болған. Одан қазірдің өзінде 84 түрлі кен өнімі алынады.  Соның ішінде, алтын, күміс және қалайы қоры ең бай. Бір ғана Алтай аймағында үлкенді-кішілі 127 кен орыны бар болғанымен, жергілікті халық бұл байлықтың үлесінен қағылған. Тіпті, осы кендегі жұмысшылардан да жергілікті тұрғындардың үлесі өте аз. Сондай-ақ, Қанас сынды халықаралық туристік брендтері де бар. Тарбағатай аймағында темір, көмір, қалайы, мыс, алтын қаталы 41 түрлі кен өнімі алынады. Тарбағатай аймағына тиесілі Қарамайлы мұнай алабы әкімшілік жақтан Үрімжіге қаратылуы да жергілікті тұрғындардың үлесінен айырды. Ал, Іле аймағында 22 түрлі қазба байлық алынады және Шынжаңдағы ең көркем жер ретінде туристік бағытта көбірек дамытылды. Нарат сахарасы сынды республикаға танымал туристік аймақ та Іле аймағында орналасқан. Тәңіртау аймағынан 40-тан астам кен өнімі алынады. Боғда, Бессала сынды танымал туристік аймақтары бар бола тұра қазақтар мекендеген осы аймақтардың табысынан жергілікті тұрғындар қағыс қалған.

Сауаттылық деңгейі

Кестедегі санды мәліметтерге негізделе отырып, ондағы қазақтардың сауаттылық деңгейі 1990 жылдардан бері тұрақты жоғарылағанын көруге болады. 1950 жылға дейін сауаттылық деңгейі 5 пайызға да жетпейтін. Әлеуметтік жағдайдың жақсаруына ілесе ЖЖО бітірген қазақ жастарының саны қарқынды артып келеді. Әсіресе, 2000-2010 жылдар арасында жоғары оқу орынын тамамдаған қазақ жастарының саны 3 есеге өскен. Ал, бұл қарқынмен есептегенде қазір қытайдағы қазақ жастарының жоғары білім алғандары тұтас ұлттың 20 пайызына жуық деуге болады. Бұл ондағы қазақтардың потенциалының жоғарылауына үлкен ықпал етпек. Ал, өзге статистикалық мәліметтерге сай, қытайдағы қазақтардың 50 жастан жоғарылардың басым көпшілігі қытай тілін білмейтіні мәлім болған. Бұл сол елде жасап жатқан қазақтардың қытай тілді халыққа айналу қарқынын баяулатушы фактор саналады.

Жас және ер-әйел салыстырмасы

2010 жылғы санақ бойынша жас салыстырмасы:

Бұл санды мәліметтерге қарап олардың орташа ұзақ өмір сүру жасын, ұлттың ортақ жасын, қарттану деңгейін және болашақ қытайтілді қазақтардың мөлшерін анықтауға болады. Статистикалық мәлімет, Қытайдағы қазақтарда жастардың салыстырмасы көбірек екенін аңғартады. 34 жасқа дейінгілердің өзі тұтас халықтың 64 пайызын құрап отыр. Ал, 14 жасқа дейінгілердің үлесі 24 пайызға жуық. Бұлар қазіргі мектеп оқушылары мен университет оқып жатқандар. Ал, 2017 жылы қазақ тілінде білім беру толықтай  тоқтатылғанын, Қытайдағы жоғары оқу орындары тек қана қытай тілінде сабақ беретінін ескерсек, осы жастағы балалардың көбі қытай тілінде білім алып жатқанын білеміз. Ал, бұл санақ жүргізілген жылы туылған балалар, 2017 жылы мектеп табалдырығын аттап, толықтай қытай тілінде оқып шықпақ. Алдағы жиырма жылда олар 30 жасқа дейінгі қытай тілінде білім алған жаңа буынды құрайды. Қазақтардың жалпы жан санындағы үлесі қазіргі 30 жасқа дейінгілермен қарайлас болады деп шамаласақ, онда 20 жылдан кейін ондағы 50 пайыз қазақ толықтай қытай тілінде оқығандар саналады. Әрине, бұлардың бәрі дерлік қытай тілді жаңа ұрпақ болады деуге болмас, соның өзінде жартысынан астамы қытай тілді және қос тілді буынды қалыптастырары сөзсіз. Жаңа буынның үлес салмағының артуына ілесе, бұл үрдіс барған сайын тездей түседі.  Оған қазіргі жартылай қытай тілді білім алып жатқан 15 пен 25 жас аралығындағы 20 пайыз үлесті иелеген жастарды қосар болсақ, бұл үрдіс біз шамалағаннан да асып кетуі мүмкін.

Бұдан тыс жоғарыдағы санды мәліметтен, 19 бен 60 жас аралығындағы 60 пайыздан астам халықтың еңбекке жарамды екенін де байқауға болады. Ал, ер-әйел салыстырмасы  2010 жылғы санаққа сәйкес,  104:100 шамасында болған. Яғни, ерлер 51, әйелдер 49 пайызын иелеген.

Қытайдағы қазақтардың болашағына байланысты ең маңызды мәселелер

Қытайдағы қазақтардың болашағына қатысты ең қауіпті мәселе – тіл мәселесі. Екі жыл бұрын ондағы қазақ тілді білім беретін орта және бастауыш мектептер толықтай жабылды. Мектепке дейінгі білім беру және балабақшалар да қытай тіліне ауыстырылған. Бұған қоса, қазақ тілді басылымдар, телеарналар да біртіндеп жабылуы мүмкін.

Жергілікті үкіметтің Қытайдағы қазақтарға ассимиляция үрдісін тездету үшін бірқатар шараларды қолдануда. Айталық, таулы-далалы өңірлерде шоқырлы отырған қазақтарды қытай ұлтымен араластыра қоныстандыру; қазақ ауылдарына қытай отбасыларын көбейту; Жайылымды тыңайту, туризмді дамыту және кен ашу деген секілді түрлі сылтаулармен жерлерін үкіметке қайтару; түрлі тәсілдермен қалаға қарай ығыстыру секілді әрекеттер дерлік жүйелі түрде жасалуда.

Сондай-ақ, қытай қазақтарында аралас некенің қаупі де төніп келеді. 1950 жылдан 2000 жылға дейін Қытайда жасайтын 55 аз санды ұлт арасында қытайлармен аралас неке салыстырмасы ең төмені қазақтар болды. 50 жыл ішінде не бары 886 аралас неке тіркелген. Қытайлармен аралас неке салыстырмасы қазақтар мен ұйғырларда ғана 1 пайыздан төмен болған (қазақтар 0,03 пайыз, ұйғырлар 0,12  пайыз). Бұл көрсеткіш Қытай билігін аралас некені дәріптеп, арнайы қолдау бағдарламаларын жасауға итермеледі.  Яғни, қазір аз санды ұлттар үшін аралас некеге тұрғандарға арнайы жеңілдіктер, сыйақылар, өсімсіз несие беру секілді ынталандыру шаралары бар. Бұл алдағы уақытта Қытайдағы қазақтар арасында аралас неке салыстырмасы жоғарлауы мүмкін екенін көрсетеді.

Биыл Қытайда 7-ші реткі халық санағы жүргізіледі. Бірақ, бұл санақтың  қаншалықты деңгейде ашық әрі толыққанды болатынын айту қиын. Себебі, соңғы он жыл ішінде де Қытайдағы, соның ішінде Шынжаңдағы ұлттарға қатысты саясат түрлі өзгерістерге ұшырады. Солай да, еліміздегі демографтар, өзге де зерттеушілер мен  БАҚ өкілдерінің   бұған баса назар аударуға кеңес берер едік. Кезекті жаңа санақтан да Қытайдағы қандастарымыздың болашағына қатысты болжам жасауға көмектесетін тың деректерге ие бола аламыз. Бұл қазіргі Қытай жеріндегі 1,7 миллионнан астам қазақтың болашағына тікелей қатысты болмақ.

“The Qazaq Times”