Бүгін, 9 наурыз күні Алматыда «Еламанаты» қоғамдық бірлестігінің кеңсесінде Қытай Халық Республикасынан келген қандастардың азаматтық алу және Қытай азаматтығынан бас тартудағы құжаттық проблемаларын тақырып еткен баспасөз жиналысы өтті. Жиналысқа аталған мәселелер бойынша нақты құжаттық қиыншылығы бар қандастар, қоғам белсенділері және БАҚ өкілдері қатысты.
Баспасөз жиналысына келген қандастар өздері тап болып отырған құжаттық қиындықтарды жеке-жеке ортаға салды. Жиын барысында қандастардың жеткізген мәліметіне қарап, ҚХР азаматтығынан бас тарту мен ҚР азаматтығын алу сынды екі жұмыс арасындағы әурешіліктердің ұшан теңіз екенін байқадық.
Әрине, заң-ережемізге сай Атамекенге келген ағайын қаны бір қазақ ретінде жеңілдетілген жолмен азаматтық алуға құқылы. Алайда, бұл да іс жүзінде жеңіл болмай тұрғаны белгілі. Құжат рәсімдеудегі әуре-сарсаңға толы барыстар көп уақытты талап етеді, бұл екі елдің түрлі уақыттарда берген құжаттарының жарамдылық мерзімінің өтіп кетуіне алып келеді. Ал, жарамсыз ҚХР құжатындағы кей қандасымыз не Қытайға қайта алмайды, не ҚР азаматтығын ала алмайды.
«Еламанаты» бірлестігі өкілдерінің айтуынша шеттен келген, әсіресе Қытайдан келген ағайынның азаматтық алу және ҚХР азаматтығынан бас тарту істерінде бір-біріне мүлде қайшы ережелер көп. Айталық, Ішкі істер органдары азаматтық алған қандастардың ҚХР төл құжаттарын бұрынғыдай өзіне қабылдап алмайды, керісінше Қытай елшіліктеріне тапсыруға жібереді. Ал, соңғы кездері Қытай елшіліктері де бұл құжаттарды қабылдап, жарамдылығын тоқтатудан бас тартуда. Қандастардың қайтадан Қытайға барып, бұрынғы тұрған жеріндегі тіреуден шығып, құжаттарының жарамдылық тоқтатып келуді талап еткен.
«Еламанаты» бірлестігі өкілдерінің айтуынша, қазіргі жағдайда бұл мүмкін емес. Себебі, қос азаматтық екі елдің де заңына сай емес, осы құжаттық процестен өту үшін Қытайға барған кез-келген адам екі елдің азаматтығын пайдаланған болып, шекараның өзінен қамауға алынуы мүмкін. Шынында да, Қытайдан келіп Қазақстан азаматтығын алған көптеген азаматтардың қолында екі елдің де паспорты бар. Олар ҚХР құжаттарының жарамдылығын тоқтатудың жолын таппай, әлі де Қытай азаматтары қатарында есімдері бар болғандықтан арттағы қысым көріп отырған туған-туыстарын шақырта алмай отырған жағдайлар өте көп.
Шынын қуғанда, Қытайдағы қазақ мәселесімен бірге Қазақстанға оралған қандастардың құжаттық қиыншылықтары да қатар қиындай түсті. Қытайдағы қандастардың мәселесі шеттегі мәселе деген күнде, елге келген ағайынның да азаматтық алудағы қиындығы әлі бір шешімін таппай келеді. Үкімет үшін бірнеше мың адамның бұндай қиындықтарын ретке салу аса қиынға соғатын шаруа емес-ті. Құзырлылардың құлағына жетпей жатыр деуге тағы келмейді, түрлі қоғамдық бірлестіктер, БАҚ өкілдері бұл туралы айтып, жазып, жиналыс өткізіп жатыр.
Қоғамдық ұйымдар демекші, былтыр күзде Алматы қалалық әкімдігі Ішкі саясат басқармасының тікелей қолдауымен «Отан оттан да ыстық» атты жобаны «Адырна» қоғамдық ұйымы қолға алып еді. Әрине, «Адырна» ұйымның да атқарған жұмыстары өз алдына. Бірқатар шаруаның басын қайырды. Бірақ, мәселе әлі шешілмеді.
«Еламатаны» ұйымы осы мәселені тақырып етіп осымен талай рет баспасөз жиналысын өткізіп келеді. Соның өзінде қайшылықты ережелер жаңарып, елге келіп жатқан, келіп алған қандастар дағдарып отыр. Аталған бірлестік өкілдерін кейбір жергілікті инспекторлардың қандастарға көрсеткен бюрократиялық мәмілесі де қандастардың делдалдарға жүгінуге мәжбүр еткені мәселенің бір қыры деп қарайды. Бұдан өзге де мәселелерді тізе берсек жетерлік.
Бүгін де аталған жиналысқа омыраудағы сәбиін көтере келген Асылхан Гүлзат есімді жас ана, жылай отырып, президент Тоқаевтан: «Бізге тек Қазақстан азаматтығын беріңіз, үйсіз-күйсіз отырмыз, сонда да басқа еш талабымыз жоқ», – деп өтінді. Қызылорда облысының тумасы Гүлзаттың Қытай Халық Республикасынан келген жұбайы он жылдан бері азаматтық ала алмай келген. Үш балалы отбасының асыраушысы азаматтығының жоқтығынан жұмыстан да қағылып отыр.
«Еламанаты» бірлестігінің жетекшісі Ырысбек Тоқтасын жиналған көпшілік атынан ҚР президенті Қасым-Жомарт Тоқаевтан осындай қайшылықты ережелер арасында қалған қандастарға жеңілдік жасауын сұрады.