Өткен аптадағы маңызды халықаралық оқиғаның бірі – АҚШ-Қытай арасындағы сауда келіссөзі болды. Бұл былтыр жыл соңында екі ел басшысының Аргентина астанасында өткен кездесуінен бері жалғасып келе жатқан келіссөз еді. Алайда, өткен аптада АҚШ президенті Дональд Трамп Уашингтон мен Бейжің ең күрделі әрі қайшылықты келіссөз талаптарында мәмілеге келгенін мәлімдеді.
Қытай басшысы Ши Жипнпиң де бұл келіссөзге оң бағасын бергенін сол елдің ресми ақпарат агенттігі хабарлады. Трамп болса, кезекті келіссөз раундын «тарихи» деп те бағалаған. Ақ үй басшысының айтуынша төрт аптадан кейін екі ел ресми түрде келісімдерге қол қоюы мүмкін. Алайда, АҚШ пен Қытай сауда тармақтарының әлі де бір пікірге келе алмай отырған тұстары да бар. Ол үшін екі тарап арнайы келіссөз сериясын ұйымдастыруы мүмкін.
Трамптың ең үлкен мақсаты Қытаймен болған сауда теңсіздігін қысқарту. Ол президент сайлауы кезінде де Қытаймен болған сауда да Құрама Штаттардың жылына 370 млрд АҚШ долларын жоғалтып отырғанын айтып келген. Яғни, Қытай АҚШ-қа 500 млрд доллар көлемінде тауар сатып, АҚШ-тан тек 130 млрд доллар көлемінде тауар сатып алады.
Сауда теңсіздігімен қатар, Трамп Қытайдың сауда саясатын да «ұятсыз сауда саясаты» деп айыптап келген. Айталық, Бейжің билігі өз компанияларының шетелдік нарыққа шығуына жағдай жасағанымен, шетелдік компаниялардың өз нарығына кіруіне шектеу қойып келеді. Сондай-ақ, америкалық компаниялардан зияткерлік меншік құқығын ұрлап келеді деп те айыптаған.
Бұл сауда соғысынан жеңілу Қытайдың қазіргі билігі – Ши Жинпиң үкіметі үшін өліммен тең десе де болады. Себебі, бұл сауда соғысында ұттырып қойса, Ши Жинпиң жолға қойған бірқатар стратегиялар желге ұшады. Айталық, «Made In China – 2025» стратегиясы жүзеге аспай қалады. Бұл стратегия Қытай үшін, оның болашағы үшін аса маңызды. Аталған бағдарлама бойынша Қытай роботтехника және таза энергиядан бастап, қазіргі заманғы ең жоғары технология өндірісінде Батысты қуып жетуді көздеген. Ол үшін Қытай Құрама Штаттан қол үзе алмайды. Себебі, технология саласының бүгінші атасы Құрама Штаттар болып отыр.
Ал, сауда келісіміне келе алмаса Трамп 200 млрд доллар көлеміндегі Қытай тауарына кеден салығын жоғарлатады. Өз кезегінде Қытайда осыған ұқсас шараларға барады. Дегенмен, екі елдің үкіметі де сауда соғысын қаламайтынын қайта-қайта айтады. Болжамдарға сенсек, егер сауда соғысы жалғаса берсе, АҚШ экономикасы 0,5 пайызға кері кетеді. Қытай экономикасы да бұл салдардан қашып құтыла алмайды. Сондай-ақ, әлемдегі алдынғы екі экономиканың тіресі әлемдік деңгейде сауда тармақтарына кері әсерін де тигізбек. Қазір, екі елде де тарифтердің арт-артынан көтерілуіне байланысты жұмыс орындардың қысқарып жатқаны тағы бар.