Көршілес Қырғызстан Еуразиялық Экономикалық Одаққа және Дүниежүзілік Сауда Ұйымына Қазақстанның үстінен сауда келісімдерін бұзып деп шағымданбақ. Бұл туралы қырғыз елінің Экономика министрлігі ресми мәлімдеме жасаған. Сондай-ақ, қырғыз билігі Еуразия экономикалық комиссия өкілдерін де шақырмақ. Тек бұл ғана емес, қырғызстандық кейбір саясаткерлер шекарадағы бөгет мәселесінде қазақ елінің жаңа президентінің де ықпалы бар деген сөздерді де айтуда.

Қазақстан тарабы үшінші бір елден келетін контрабандалық тасымалды шектеу мақсатында шекарадағы бақылауды күшейткеннен кейін, қырғыздың жүк тасыған көліктері шекараның арғы жағында ұзыннан-ұзақ кезекке тізілді. Бұл көліктердің саны осыдан екі күннің алдында 250-ден асып кеткен.

Бұл туралы Қырғызстан экономика министрінің хатшысы А. Беков BBC арнасына пікірін білдірген. Оның айтуынша үшінші бір елден контрабандалық тауарлар Қырғызстанға кірген болса бұл қырғыз елінің ішкі мәселесі болып саналады екен де, оны өз ішінде тексеріп алуы керек екен. Ал, қазақ шекарасында қырғызстандық әр көлік жіті тексеріліп өткізілуде. Асхат Бековтың айтуынша Қазақстан кеден қызметкерлерінің бұлай жіті тексеру жүргізуі ЕАЭО-ның келісімдерін бұзу және салық пен финанс министрліктерінің лауазымдылары ол жерде қадағалап тұрмауы керек.

ЕАЭО. Фото: BBC

Әрине бұл, қырғыз билігінің пікірі. Алайда, мәселенің мәнісі басқа екенін саясаткерлер ашық айта алмаса да былайғы жұрт біледі. Ең әуелі қазақ-қырғыз шекарасындағы шиеленіс Қазақстан президентінің алмасқан тұсқа тура келді. Сондықтан бұл жерде нақты экономикалық, қауіпсіздік қана емес, саяси себеп іздестіретіндер де бар. Қазақ-қырғыз шекарасында бұндай жағдай бірінші рет болып отырған жоқ. 2017 жылы күзде де Қазақстан шекара қызметінің қатаң тәртіпке өтуінен қырғыз экспорты біраз тұралап қалып еді. Бұның алдында қырғыздың бұрынғы президенті Атамбаевтың Қазақстан президенті мен үкіметін айыптаған пікірлері тараған.   

Нақты мәселені айтар болсақ, кеден мен салық бар жер де жемқорлықта жағалап жүретіні белгілі ғой. Бұған дейін Қазақстанда кедендік салықтағы жемқорлық талай мәрте ашылып, асқынған жемқорлар талай мәрте түрмеге тоғытылған. Бұның қырғыз саудагер, кірекештерімен қатысы жоқ деуге болмайды. Қорғас пен Қордай арасына парамен өтіп, мыңдаған жүк көліктері Қазақстанның кедендік салығынан жалтарып жатқаны жасырын емес. Тіпті бұндай парақорлық пен контрабандалық қылмысқа қырғыз депутатының шарпысып жатуы да көп нәрсені түсіндіріп бермес пе?! Оның үстіне жақында ғана сол қырғыз депутатының соты болып, Қазақстан салық қызметі қырғыз депутатын ауыр жазалауды, Қазақстаннан жалтарған салықтарын төлетуді талап еткен еді.

Осылардың барлығының астарында жатқан бір мәселені қырғыз ақпараттары айтпаса біз айтайық. Шыны керек, қаны жақын туысым, ауылы жақын ағайыным дегенімізбен ең негізгі мүдделерде Бішкектің бүйрегі қазақтан гөрі Мәскеуге бұрылып кететіні көптен көңілімізге дық болып келеді. Қазіргі геосаяси жағдайларда түбі бір, тілі жақын Орта Азия елдерінің сыртқы жат күштер мен елдерге қарсы бірігуі ауадай қажет екені көпке мәлім. Бұл үшін бауырлас қырғыздың халқын айыптаудан аулақпыз. Ғыжылымыз – Бішкектің мәскеушіл билігінде.

 “The Qazaq Times”