Қырғызстан президенті Садыр Жапаров бүгін Қазақ еліндегі ресми сапарын бастады. Қырғыз президентін күтіп алуға ҚР СІМ басшысы мен энергетика министрі және ел орда әкімі Алтай Көлгінов шыққан.
Жапаровтың сапарынан бұрын оның баспасөз қызметі Қазақстандағы мемлекеттік сапары кезінде ҚР президенті Қасым-Жомарт Тоқаев пен экс-президент Нұрсұлтан Назарбаев, мәжіліс төрағасы Н.Нығыматулин, үкімет басшысы А.Мәминмен кездесетінін айтқан.
Жапаров президент қызметіне кіріскеннен бері екінші рет шетелге сапарлай шықты. Ресейге Путиннің шақыруымен барып қайтқаннан кейін алғашқы ресми мемлекеттік сапарын Қазақстаннан бастап отыр. Жапаров Қазақстандағы ресми сапарының алдында екі елдің қарым-қатынасы туралы пікірлерімен бөлісіп «ҚазИнформ»-ға көлемді сұхбат бергені бар. Онда ола екі ел арасында шешілмеген түйткілді түйіндердің жоқ екенін, тек ұсақ-түйек мәселелер ғана екенін, оның бәрін диалог арқылы шешіп келе жатқанын айтып өткен.
Жапаров бүгін президент Тоқаевпен кездеседі. Кездесуде тараптар қазақ-қырғыз арасындағы мәмілені дамыта түсу бағытында сөйлесетінін Жапаровтың баспасөз қызметі мәлімдеген.