Қырғызстан парламентіне сайлау биыл күзде өтеді. Ал осы аптада елдің жаңа президенті Садыр Жапаров Қазақстанға ресми іссапармен келмек.

Ел президенті Садыр Жапаров сұхбатында: «Жақында жергілікті сайлау өтеді. Референдум өткізу датасы белгіленді. Сайлау ашық, әрі әділ өтеді. Ал күзде парламенттік сайлау өтеді», – деді.

Сонымен қатар, Жапаров көршілес мемлекеттерге сапары жөнінде де пікір білдірді. Мәлімдемесінде ол: «Бірінші сапарымның Ресейге болған себебі – бізде тез арада қол қою үшін дайын тұрған хаттамалар, келісімдер бар еді. Енді 2-3 наурыз Қазақстанға мемлекеттік сапармен қонаққа барайын деп отырмын. Одан кейін Өзбекстан мемлекетіне сапарым жоспарланған. Кейін Қытай мемлекетіне, Түркия мемлекетіне де жоспар бар. Біз барлық мемлекетпен байланысымызды өте жоғары деңгейге жеткізу үшін үлкен күш-әрекетімізді жұмсауымыз керек. Саясатымыз сол», – деді.

Жақында Ресей Қырғызстанға С-300 зениттік-зымыран кешендері мен дрондарын жеткізбек. 24-25 ақпанда Ресейде өткен кездесу барысында Қырғызстанның жаңадан сайланған президенті Садыр Жапаров осындай уағдаластыққа қол қойған.

Сегіз жыл бұрын Қырғызстан мен Ресей арасында әскери-техникалық саладағы ынтымақтастық туралы үкіметаралық келісімге қол қойылған. Келісім аясында Ресей Қырғызстанға 1 миллиард долларға заманауи қару-жарақ пен әскери техника берді. Екі мемлекет те Ұжымдық қауіпсіздік туралы шарт ұйымына мүше. Қырғызстан аумағында Ресейдің біріккен әскери базасы орналасқан. Орталыққа Кант қаласындағы (Шу облысы) Ресей Федерациясының әуе базасы кіреді.

Қырғызстанда қазіргі депутаттық корпустың өкілеттігі былтыр қазанда аяқталды. Өткен жылдың соңында олар жаңа парламенттік сайлауды «2021 жылдың 1 маусымынан кешіктірмей» өткізуді көздейтін заң қабылдады. Былтыр 4 қазанда Қырғызстанда өткен парламент сайлауының қорытындысымен келіспеген жұрт көшелерде наразылық өткізіп, мұның соңы мемлекеттік ғимараттарды басып алуға, саяси дағдарысқа алып келген. Халық наразылығынан соң үкімет те, президент Сооронбай Жээнбеков те отставкаға кеткен.

Саяси қарсыласын ұрлап әкеткені үшін қамауда отырған Садыр Жапаровты наразылыққа шыққан жұрт 5 қазанда түрмеден босатқан. Кейін парламент мүшелері оны премьер-министрдің міндетін атқарушы етіп тағайындады. Жээнбеков орнынан кеткен соң ол президент міндетін де қоса атқаруға көшкен. Кейін ол президент сайлауына түсу үшін уақытша президенттіктен бас тартқан.

Ел басқару формасын қазіргі парламенттік үлгіден президенттік үлгіге көшіру ұсынысын да Садыр Жапаров ұсынған.

"The Qazaq Times"