– Бұрын Кеңестер одағының құрамында болдық. Қазір Ресеймен ортақ шекарамыз да бар. Жалпы, қазіргі Қазақ-Ресей қарым-қатынасы қандай?

– Қазақ-Ресей ара-қатынасы өте күрделі. Бірақ драмалық емес. Өйткені Назарбаев сонау Горбачевпен тіл табысқан. Содан кейін Ельцинмен тіл табысты. Енді міне Путинмен тіл табысуда. Барлығы да империялық пиғылдағы адамдар. Горбачевтың өзі «Солтүстік территорияларды тартып алсақ қайтеді» - деген Солженицынның сөздеріне ерген. Ельцин де, Путин де империяшыл. ( Назарбаев – ред ) солардың көңілін тауып, біздерді соққыға солдырмады. Әйтпесе, «Украинаға шамамыз жетпес, алдымен бізді (Қазақстанды – ред) жалмайық» десе, онда біздің жағдайымыз қиын болар еді. Оларда да мелитаристік, империяшыл лобби бар. «Қанша көп ақша жұмсаймыз, енді әскерді бір көрейік» дегендей. Қазір Украинада бес жыл болды соғыс жүріп жатыр. Бірақ нәтиже жоқ. Қырымды басында алдап алып алды. Қырым халқы ойлаған, «балаларымыз Мәскеуде оқиды, жалақымыз Ресейдікіндей болады, солардың құрамында болсақ туристер бізге қаптап келеді» деп. Бірақ өмірде мүлде басқаша болды. Халық алданып қалды. Сондықтан Ресей конфрантацияға барсаң өте қауіпті мемлекет. Бірақ біздің президент ондайға жібермеді.

– Ресеймен арадағы қарым-қатынасымыздан қандай қауіп бар? 

– Бірінші қауіп, байқаусызда санкция алып қалуымыз мүмкін. Екінші, олар (Ресей – ред) бізге «сендер орыстарға қазақша сөйле деп талап қояды екенсіңдер», «орыс мектептері қысқарып барады екен» деп, әскери интервенция жасауы мүмкін. Оларда бұған сылтау бар. Бірақ 4-5 жыл болды олардың экономикалық жағдайы нашарлап барады. Қазақстанды бірден жаулап алу өте қиын. Қазақстан Украина емес ыдырап жатқан. Бұдан бөлек біздің жағымызға шығуға мүделлілер де болуы мүмкін. 

– Осы қауіптерден сақтану үшін бізге өз күшімізге ғана сену керек пе, жоқ әлде Батыстың немесе АҚШ-тың антиресей, антиқытай деген бастамаларын пайдалануымыз қажет пе?

– Бірнеше халықаралық факторлар бар. АҚШ пен Қытай ондай соғысқа жібермейді. Ресейдің өз ойы бар. Олар Сүрия және Украинамен соғысып жатыр. Екеуінде де пәлендей нәтиже жоқ. Бәріне де төлеу керек. Ешкім тегін соғысқысы келмейді. Сосын, олар Қазақстанның әскери күшін мөлшерлеп біледі. Егер жеңіліп қалса, Путин орнынан ұшып кетеді... АҚШ-пен жарайды жау шығар. Ал Қазақстанға тиіскенде тағыда бір аңыздарды ойлап табу керек болады. Мысалы: Сүриядағы соғыста бір сәтсіз айда 500 орыс адамы өлді. Бір ұшақта 300 адам қайтыс болды. Содан кейін тағы бір шайқаста 200 адам көз жұмды. Әрине одан кейін бұндай көп шығын болған жоқ. Бірақ өзінің ұзақ уақыт соғыса алмайтынын көрсетті. Ішкі ресурс жетпейді. Қазақстан (Ресеймен арада соғыс бола қалған жағдайда – ред) белгілі бір дәрежеде тойтаруы мүмкін. Жалпы, орыс халқы Ресейге жер қоссаң «алақай» дейді, ал егер де тұрмысы нашарлайтын болса, «бұл соғыс бізге керек емес» деп шыға келеді. КСРО-ны құлатып тастады ғой. Орыс қой оны құлатқан, қазақ емес. Өздері өз мемлекетінің «шаңырағын ортасына түсірді».

– Осы жерде Ресейдегі жалдамалы әскерлер жөнінде айтсақ. Путин «оған менің қатысым жоқ» деп отыр. Бірақ олар осы уақытқа дейін Сүрия мен Шығыс Украинада соғысты. Енді кеше ғана Венесуэлаға барды деген ақпарат тарады. Егер Қазақстанда осындай жағдай бола қалса, Ресейдің бізге жалдамалы әскерін кіргізу қауіпі бар ма?

– Кіргізіп жіберу қауіпі бар. Бірақ олар Шығыс Украинада біраз тұрып қалды. Олардың саны көп емес. Қазірдің өзінде олардың саны жетіспейтін сияқты. Өйткені Шығыс Украинадан Сүрияға, Сүриядан Орталық Африкаға жіберіп жатыр. Сондықтан оның да шығындары шектеулі тәрізді... Жалпы, Путин керемет тактик, бірақ өте нашар стратег. Ол алғашқы бес қадамын мықты ойластырады. Бірақ алтыншы қадамнан, оныншы қадамға дейін ол түкке жарамайтын іс болып шығады. Украинаны ала алмады. Әскери шығын асып кетті. Не жеңіс жоқ, не жеңіліс жоқ. Енді қазір «әскерді ол жақтан шығарамыз ба» - деп жатыр. Сүрияда да солай... 

– Енді елдің ішіне ойыссақ. Ақпан айының аяғында «Нұр Отан» партиясының құрылтайы өтеді. Онда қандай бастамалар көтерілуі мүмкін?

– Менің ойымша, соның алдында синхронды түрде бірнеше министрді алып тастауы мүмкін. Алдында «сендер қорқақсыңдар» деді ғой. Бұл құрылтай депутаттары мен Қазақстан халқына сенім орнату. Бірақ «енді барлығы жөнделеді» деп айтуы керек. Оларды бекерден бекер алып тастамайды. «Сайлау болады, болмайды» деген әңгіме бізде көп жағдайда бекер шықпайды. Ондай әңгіменің шеті шығып кетті. Бұл халықтың реакциясын білу... Бірақ сайлау өткізсе де Назарбаев қалады. Жанама үміткерлер болса да олар түкке тұрғысыз адамдар болады. Жолпы, қоғамда Назарбаев шошыйтындай наразылық жоқ.

– Назарбаев президенттікке түспеген жағдайда түбі басқа президентті таңдауымыз керек қой. Осыған Ресей мен Қытай қаншалықты араласады? 

– Араласады. Бірақ қаншалықты екендігін білмеймін. Десе де, біздің кейбір қайраткерлер екі-үш жыл бұрын Ресейдің алдында маймөңкелеп жүр. Нұрекең айтты ғой бір рет: «Парламент мүшелері мен министрлер қазақша сөйлесін» деп. Бәрі қазақ қой бізде (күлді). Дариға шыға келді «не правилно» деп орысша. Бұл « Путин, мені естіп тұрсың ба?» деген сөз. Путин тіл мәселесіне қатты көңіл бөледі. Қазір бізге интервенция жасай алмайды. Бірақ, ықпалды топтары бар, олар қаржы алады, кейбір өзіңіздің әріптестеріңіз бар Ресейден қаржылай көмек алатын. Кейбір ақша алмай тегін жұмыс істейтін идеялық Ресейшілдер бар. Олар қаржы алмайды. Бұны өзінің борышы санайды. Бірақ (Ресейді – ред) жақтаушылар азайып бара жатыр. Қазір 91 пайыз қазақ, қазақ мектебінде оқиды. Менің заманымды бұл көрсеткіш 50 пайыз болатын...

“The Qazaq Times”