Жуырда Ұлттық кітапханада «Жаһандық әлемдегі заманауи қазақстандық мәдениет» атты кітап сериясының тұсауы кесілген болатын. Оның аясында Олжас Сүлейменов, Бексұлтан Нұржекеев, Дулат Исабеков, Смағұл Елубай, Шәкен Күмісбайұлы сияқты қаламгерлеріміздің маңдайалды шығармалары шет тілдеріне тәржімаланған. Ол бойынша енді испан, араб, қытай, ағылшын тілді оқырмандар қазақ жазушыларының туындыларымен еркін таныса алады.
Сол жиында жазушылар бұл игі бастамаға ризашылықтарын жеткізді. Сонымен қатар көңілдегі түйткілдерін де жасырған жоқ. «Кітаптың шет тілінде басылып шыққаны қуантады. Бұған көп уақыт, көп энергия, көп қаражат жұмсалғаны да даусыз. Бірақ аударма сапасы қалай болды екен деген күмән бәрібір көңілден кетпейді. Ертең шет тілді оқырмандар «мыналар не шатып кеткен» деп үш бетін оқып, лақтырып тастамасына кім кепіл? Дегенмен ең бастысы – игі шаруа басталды. Тек жақсылыққа үміттенеміз» деп өз ойларын білдірген болатын. Осыдан соң әдеби аударманың күйі қалай деп ойланып, қордаланған көп сауалды сарапшыларымызға қойған едік.
Белгілі жазушы Смағұл Елубайдың айтуынша, әдеби аударма сәтті жолға қойылуы үшін ең алдымен әдеби агент жүйесін іске қосу керек. Қазіргі заманда онсыз әдебиеттің маңдайы жарық бола қоймайды дейді жазушы.
– Әдеби шығарманың өзге тілге аударылуы өте күрделі проблема. «Ақ боз үй» романы испан тіліне аударылған кезде онымен кім айналысқанын білмедім. Аты-жөнінен де, қандай шығармалар аударғанынан да хабарсызбын. Жалпы, әрбір елде әдеби агент деген болады. Олар бәрін қадағалап отырады: кітапты қалай тарату керек, қай баспадан шығару керек, қай аудармашыға беру керек. Осының бәрін өз мойнына алады. Кітап шыққаннан кейін де таралымына, сатылымына, түсетін пайдасына да әлгі агенттер тікелей жауап береді. Пайдадан белгілі бір пайызын алады. Кітапты аударуға атсалысқан азаматтар әр елдегі елшіліктер арқылы мемлекеттік мекемелермен байланысқан. Әрине, бұл жақсы. Алайда өзім шетелде тоғыз жыл жұмыс істеп келгендіктен, бұл шаруаның шет-жағасын білемін. Әдеби агенттік туралы да қақсап отырғаным да сол себептен еді. Дамыған елдердің бәрінде жазушы мен баспа арасындағы дәнекер рөлін агенттер атқарады. Жазушылар үйінде отырып жазумен ғана айналысады. Мұны айтып отырған себебім – аударманы да қадағалайтын сол әдеби агенттер. Өзіне пайда түсетін болғандықтан автормен бірдей жаны ашиды, табанынан таусылғанша жүгіреді. Сол жүйені қолға алмағандықтан аударма ісіне күмәнмен қарап қала береміз. Үкіметтің кіріскен бұл шаруасының қаншалықты жемісті боларын да уақыт көрсетеді, – дейді жазушы.
Қазіргі таңда «Ұлттық аударма бюросы» қоғамдық қоры «Қазақ тіліндегі 100 жаңа оқулық» жобасымен қатар қазақ әдебиетінің антологиясын БҰҰ-ның алты тіліне (ағылшын, француз, испан, қытай, орыс, араб) аударумен белсенді түрде айналысып жатыр. Оның қорытындысы бойынша қазақ шығармалары 70-тен астам мемлекет, 3 млрд-тан астам халыққа тарамақ. Аталған қоғамдық қордың атқарушы директоры Рауан Кенжеханұлынан да аударманың қиындығы, сапасы жайлы сұрадық. Оның сөзінше бұрын аударма өз елімізде жасалса, енді тәржіма процесі тікелей алты тілдің отанында жүргізілмек.
– Аударманың аса күрделі шаруа екенін біз жақсы түсінеміз. Өзге тілге жасалатын аударма көп жағдайда өзіміздің елде жасалып, өзімізде басылып, сосын сыртқа таратылатын. Бұл жолы сапаны қамтамасыз ету үшін аударманы сыртта жасатып, сол тілдегі оқырман ортасына икемдеу жағына ден қоюдамыз. Ол үшін сол тілдік орта үшін жұмыс істейтін ең тәжірибелі баспа үйлері, ең беделді мекемелермен бірлесіп жұмыс істеп жатырмыз. Мәселен, Британ кеңесінің қолдауымен Кембридж университетінің баспасы ағылшын тіліне аударылатын шығармаларды дайындауға жауапты болды. Олар да бұл жобаға өте мұқият, үлкен дайындықпен келді. Алдымен ағылшынша білетін мамандармен бірлесіп жолма жол аударма жасаймыз. Ары қарай оны әдеби аудармашылар жетілдіреді. Сосын Кембридж баспасының мамандары мәтінді ағылшын тілді оқырманға лайықтап дамытады. Оны cultural induction деп атайды. Бұл жұмыстың аясында сырттағы аудармашылар мен біздің авторлар кездесіп, пікірлесіп, аударма сапасын арттыру үшін бірге жұмыс істейді, – дейді Рауан Кенжеханұлы.
Қазіргі уақытта қазақ әдебиетінің екі антологиясы дайындалып жатыр екен. Проза және поэзия бағытында. Әрқайсына 30 жазушы мен 30 ақын топтастырылған. Әдебиет саласында өткір пікір айтып жүрген белгілі маман, мәдениеттанушы Тілек Ырысбек, қазақ әдебиеті туралы әлемдік интернеттің тымпиып, жақ ашпай қоюы расында қауіпті құбылыс дейді.
– Жақында қызғушылығым артып француз тілді Африканың кейбір мемлекеттерінің әдебиеті туралы материалдарды интернет әлемінен іздеп отырып қызықты көп ақпараттарға тап болдым. Жалпы, мен үшін олардың дүниетанымы Мирча Элиадені оқығаннан соң өте қызық болатын, сосын өзіміз қатарлас жас қаламгерлерін кезіктіріп, сұхбаттарын тыңдап мәз болдым. Ал дәл солай youtube-тан ағылшын, француз тілдерінде қазақ әдебиеті туралы ақпарат іздеп көріп едім түк те жоқ екен, тіпті ешкім қызығушылық танытпағаны тағы бар. Ал өзіміз бізде керемет әдебиет бар деп жаһанға жар салғымыз келеді. Сондықтан, аударма қанша сәтті шыққанымен егер сұраныс болмаса жазушының бірден танылып кетуі қиын шаруа. Мүмкін бір саяси ықпалдың болуы керек шығар.
Меніңше аударма жасау қиындық тудырары сөзсіз. Дегенмен, егер аударма сапасы сәтті шығатыны рас болса онда ешкімнің көңіліне қарамай ең талантты деген авторларды екшелеп отырып, талдап алу керек. Бұл қазақ әдебиеті үшін өте жақсы бастама. Бұл жағдайда халықаралық деңгейдегі авторларды үлгі етіп алу керек секілді. Мен Орхан Памукты мысалға келтірер едім. Жазушының жазу стилін бұзбай автор мен шығарманы түсініп аударғанға жетпейді. Ал советтік авторларға келер болсақ, оған ешкім қызықпайтын секілді болып көрінеді маған. Тіпті, өмірбаяндары да бір-бірінен аумайтын авторларды оқудан өз басым ерінемін, – дейді Тілек Ырысбек.
Кітап саудасы мен бизнесі туралы бізде соңғы уақытта ғана ептеп айтыла бастады. Үлкен нарық қалыптасты деп айтуға келмейді. Ал заман талабы бойынша – әдебиет нарықтық белсенділік жағдайында ғана дұрыс дамиды.
– Жақсы әдеби агенттер табылып, олар өз жұмысын коммерциялық арнаға түсіре алса әрине, керек. Бірақ бізде нарық болмай тұр. Кітаптарын сатып, сол арқылы пайда тауып отырған автор жоқ. Өткен аптада ғана «Меломан» дүкеніне кіріп қарап едім, кітаптардың 95 пайызы – орыс тілінде. Екі-үш сөре ағылшын тілінде тұр. Қазақ тіліндегі кітаптардың үлесі одан да аз. Әзірше авторларға көмектесе алатын, осы шаруаның технологиясын жақсы білетін агентті кездестірген жоқпын, – дейі Рауан Кенжеханұлы. Оның айтуынша, әдебиетке деген көзқарас әр елде әртүрлі. Смағұл ағамыз айтқандай «біз мыс деп бағалаған нәрсе оларда алтын болуы мүмкін. Ал алтын деп қуанғанымыз олар үшін – мыс шығар». Сондықтан аударма секілді нәзік шаруаны бастар алдын үлкен жоспар жасап, соның аясында көп шаруаны атқарғаннан кейін ғана кірісу керек секілді. Бұл тұрғыда «Ұлттық аударма бюросының» мынадай схемасы бар.
– Келесі жылы ағылшын, француз, испан, орыс, қытай, араб, тілдеріне аударатын әріптестеріміз осында келіп, авторлармен жеке-жеке кездесіп, сұхбаттасып, біздің мәдениетімізбен танысса, елді, жерді көрсе, театр, музейлерді араласа біздің танымға жақындай түседі деген ойымыз бар. Қазіргі жағдайда осындай амалдар қажет болып тұр. Қазақшадан ағылшын тіліне сауатты тікелей аударып, мазмұнды жетік жеткізе алатын мамандар өте аз. Аталған бірқатар тілге аударатын маман мүлде тапшы. Дегенмен бірді-екілі мамандар бар. Сондай мамандарды тауып, жұмысқа тартып жатырмыз. Мәселен, Әсия Бағдәулетқызы. Өзі журналист, мәдениеттануға маманданып жүр. Соңғы бір жарым жыл Англияда кинотану мамандығы бойынша магистратураны бітірді. Әдебиетке де жақын. Ағылшын тілі жетік. Басқа да сол секілді мамандар бар, – дейді қоғамдық қордың атқарушы директоры.
Әдебиетті – ардың ісі дейміз. Оқырман түсінігі сан қырлы, соған сай аудитория да сан алуан. Оның бәрін қамтып, бәрін жарылқау, бәріне жағу тағы мүмкін емес. «Көп оқылатын жазушыға айналғың келсе, оқырмандар үшін жазғаның дұрыс. Ал мықты жазушыға айналғың келсе онда тек өзің үшін ғана жазуың керек деп ойлаймын. Өйткені адам шындығы мен шынайылығын өзі ғана түсінеді. Әдебиетте бір тақырып бар, ол – адам. Егер сол адамды симуляцияға ұшыратып алмай түсіндіре алсаң, онда кереметсің дер едім. Бізге әдебиет туралы түсінікті өзгертетін кез келген секілді» дейді Тілек. Біз де осы ойға тоқтайтын секілдіміз.