Қараша келісімен Алматыда табиғат жанашырлары тағы да дүрлікті. Қала әкімдігі Көкжайлауда тау шаңғы курортын салмақшы. Саламыз деп білек сыбанғандарына біраз жыл болған. Биыл сол бастаманы біржола бекітіп, іске асырғысы келеді. Алайда таудың жайын жақсы білетін белсенділер кесе-көлденең тұрып істі баяулатуға, қолдан келсе түбегейлі жолын кесуге ниетті.

 Экологтар мен табиғат жанашырлары әкімдіктің «Көкжайлаудан ғажайып курорт жасаймыз» деген бастамасына қарсы. Белсенділер бұл табиғи аймақ қаптаған заманауи коттедждерден бас көтере алмай қалған Бутаковка мен Шымбұлақтың күйін кеше ме деп алаңдайды. 4 қараша күні Алматыда осы мәселеге қатысты қоғамдық тыңдау өткен. Әкімдік жобаның жай-жапсарын түсіндірді. Қарсы аргумент келтірген экологтардың айтуынша заманауи құрылыс кесірінен ондағы 811 өсімдік түрі мен 1700-ден астам жануарлар жойылып кетуі ықтимал. Белсенділер бұл жоба экологиялық зардап пен техногендік қатерді былай қойғанда, экономикалық тұрғыдан да тиімсіз деп отыр.

Ал қалалық туризм және сыртқы байланыс басқармасының басшысы Мақсат Қиқымов мынадай фактілерді алға тартады:

  • Әкімдік құрылыс көлемін 208 мың шаршы метрден 19,4 мың шаршы метрге дейін азайтқан;
  • 22 мың ағаштың орнына 1280 ағаш ғана кесілмек;
  • Шаңғы трассасы 64-тен 24,5 шақырымға дейін қысқартылған;
  • 16 аспалы жолдың орнына алтауы ғана салынбақ;
  • Күніне жоспарланғандай 10 мың емес, 5 мың адам ғана кіре алады;
  • Үш жасанды көлдің орнына біреу ғана салынады (80 мың куб метр);

Осы орайда қос тараптың пікіріне құлақ түрген едік. Көкжайлаудағы тау-шаңғы курортын салудың қаншалықты пайда һәм зиянға шығарын өзіңіз таразыларсыз.

 Ержан Оралбеков, «Көкжайлауды қорғайық» қозғалысының белсендісі:

– Жобаны жақтаушылар ешқандай нақты аргумент келтіріп отырған жоқ. Олар «бізге туризмді дамыту керек», «қашанғы мұнайдың қаржысына тәуелді боламыз» дейді. Көпшілігі популистік көзқарасқа ұқсайды. Әрине, біз, яғни Көкжайлауды қорғаушылар, аяқ-қолымызды көтеріп тұрып елдегі туризмнің дамуын қолдаймыз. Бірақ басқа басқа емес, Көкжайлауға тиіспесе екен. Көкжайлау – тау шаңғы курортына арналмаған. Онда нағыз табиғи байлықтар бар. Солардың мұртын бұзбау керек. Алматы – территориясында қар барысы мекендейтін әлемдегі бірегей шаһар. Мәселен, Дубай шейхтері өз елдерінде эко ландшафт тұрғызу үшін басқа елдерден жүздеген миллион долларға топырақ алып келеді. Ал біз халықтың жинаған ақшасына Құдай бере салған табиғи құндылықты, эко жүйені құрта салуға әрекет жасаймыз. Парадокс.

Курорт салуды қолдап отырған Айдос Сарым, Мұхтар Тайжан секілді белсенділер төрт жыл бұрын біздің қозғалыстың жағында еді. Алайда кейін пікірлері өзгеріп шыға келді. Оларды бірнеше рет өзіміздің жиындарға, талқылауларға, акцияларға да шақырдық. Бірақ сан түрлі сылтау айтып, келмей қойды. Мен олардың да, басқа қолдаушылардың да «бізге бұл курорт керек» деп жатқан сөздеріне иланбаймын. Біз мүсіні бұзылмаған табиғатты сол қалпында сақтап, оған қол тигізбеуіміз керек. Дамытатын болса Алматының айналасында басқа да аймақтар жетіп жатыр.

Расул Рысмамбетов, қаржыгер:

 – Біріншіден, Көкжайлау – қорық. Сондықтан оны қандай да бір жолмен игеру үшін Алматы бюджетіне салмақ түседі. Мен Көкжайлауды қорғаушылардың өтінішімен жобаның құны туралы ақпарат іздестіргенімде санаулы цифрды ғана кездестірдім. Онда жоба құнының шамамен 230 миллион доллар екені айтылған. Алайда жобаға қатысты қандай да бір қаржылық модель көрмедім. Мемлекеттің қаражаты жұмсалатын кез келген жоба қаржылық-экономикалық модель қарастырылуы тиіс. Құрылысқа қанша жұмсалады? Ақша не нәрсеге жұмсалады? Шығын қандай? Пайда қандай? Көкжайлауға апаратын жол ақылы бола ма, әлде тегін бе? Бәрі есептелуі керек. Сондықтан 230 миллион доллар әлі жұмбақ, ешқандай айқын картина көрінбейтін жобаға жұмсалып кете ме деп қорқамын. Себебі, соңғы уақытта мемлекеттің ақшасы қалай болса солай жұмсалып жүр. Жалғыз Алматыда ғана емес. Бүкіл ел бойынша солай. Мен қаржыгер ретінде бірінші кезекте жобаның экономикалық негіздемесін сұрағым келеді.

Құсман Шалабаев, қоғам қайраткері:

– Жақында Венгрияға барып үлкен жиынға қатыстым. Сонда естігенім – ол ел бюджетінің басым бөлігін туризм арқылы толтырып отыр екен. Біз өзіміз онша мән бермей, құлық танытпай жүрміз, әйтпесе Алматы – нағыз туристік қала. Оның дамытатын, әрлеп, әсемдей түсетін аймақтары өте көп. Көкжайлауды курорт ету содан туып отырған идея. Оған әрине, қарсы шығып жатқандар да бар. Бірақ бірінші кезекте – ол жерді ешкім бүлдірейін деп жатқан жоқ. Керісінше, көркін асырып, мүмкіндіктерін кеңейте түспек. Одан табиғат та, қала да, адамдар да зардап шекпейді. Тек рахатын сезінеді, нәтижесін көреді. Эколог, гидролог мамандар бәрін зерттеп, зерделеп отыр. Болуы мүмкін табиғи апаттарды да анықтап, соған төтеп бере алатын инфрақұрылым жасайды. Оған еш күмән болмауы тиіс. Егер осыны іске асыратын болсақ онда шаһар туризмі аса жоғары деңгейде дамиды. Туризмді дамытатын болсақ елдің имиджі әлемге танылады, қаншама шетелдік адамдар бізге келеді, олармен сөйлесіп, пікірлесіп біздің де танымымыз артады. Олардың да бізге деген жақсы көзқарасы қалыптасады. Туризм – мәдениет, руханияттың да дамуына себепкер. Сондықтан Көкжайлау жобасына тар ауқымды қарап, баға беруге болмайды. Оған аса кең масштабта мән беру керек.

Ажар Жандосова, «Тауасар фонд» қоғамдық қорының атқарушы директоры:

– Қазір әлемде экологиялық туризм дамып жатыр. Оларға сол қалпы тұрған, адам қолы тимеген табиғат ұнайды. Бұл – әлемдік тренд. Тау шаңғы курортының салынуына біз қарсы емеспіз. Бірақ ол нысан қалада емес, қаладан алшақта болғаны жөн. 40 минут, бір сағат жүріп барса ештеңе де емес қой. Шет елдерде ондай нысандарға тіпті екі сағаттап сапар шегіп жетеді. Олар мұны алыс көрмейді. Егер біз қаладан алыс жерде қонақ үйлер, тау шаңғы трассаларын салып тастайтын болсақ онда ол әлдеқайда тиімді рөл атқарушы еді. Мысалы, Бутаковканы алайықшы. Ол жерде қоршаулар өте көп. Қаңырап қалған ғимараттарды көп кездестіресіз. Әбден сиқы қашқан. Алма Арасан сайы да, Үлкен Алматы көлі де осындай нашар күйде тұр. Дайын тұрған Шымбұлақ жобасы бар. Оны тау арқылы Алматау базасымен жалғастырып, ерекше курорт жасауға болушы еді. Сонда экологияға да қатты зиян келмейді. Әрі қаланың да үстінен төніп тұрмайды. Әлдеқайда аулақтағы бірақ пайдасы мол аймақты модернизациялаушы едік. Әкімдіктің неліктен балама нұсқаларды қарастырмай отырғанына таңғаламын.

Көкжайлау – қазірдің өзінде дайын тұрған парк. Таулы парк. Онда жанға керектінің бәрі бар. Адамдар табиғат аясында демалады. Тауға шығып тыныс табады. Тек дәретхана жетіспейді. Әрине, оның жарасы жеңіл. Дәретхана салып, бұл мәселені шешу қала билігіне қиынға түспесе керек.

Әкімдіктің бастамасын жақтаушы топ Грузиядағы дәл осындай курортты мысалға келтіреді. Оның құны – 70 миллион доллар. Ал Қытай немесе Өзбекстанда тұрғызылып жатқан аса ірі курорттың құны – 100 миллион доллар. Ал көлемі мен масштабы жағынан «Көкжайлау» ең ұсақ, ал құны жағынан ең ірі курорт болғалы отыр. Бұл да ақылға сыймайды. Бір қызығы жалғыз «Көкжайлаудың» бюджеті еліміздің басқа өңірлерінің жалпы бюджетінен асып түседі.

Ең басты қауіптің бірі – табиғи апат. Егер қуатты жер сілкінісі бола қалса, онда көл жиегіндегі тектоникалық жарықтар оянып кетіп, аса үлкен сел тасқынын туындатуы мүмкін. Билік олай бола қалса қала бұдан соншалықты зардап шекпейді деп сендіреді. Бірақ біз неге дәл сол сәтте тауда демалып жүретін адамдарды, Көкжайлауға барар жолда сайда, аңғарларда тұратын адамдарды ойламаймыз.

Нұржан Алғашов, географ:

– Егер ол жерге қаптатып коттедждер салып тастайтын болса, әрине керек емес. Меніңше, ешкім туризмді дамытуды, сөйтіп ел қазынасына қаржы әкелуді ойлап тұрмаған сияқты. Әйтеуір, ептеп жобаларын өткізіп, сосын сол жерден қалағанынша коттедж салып, сол жерде ықпалды адамдардың тұруына жағдай жасау сияқты бар мақсат. Дегенмен кім білген? Ә дегенде маған сондай ой келді. Бірақ әлі де болса жобаның тұжырымдамасымен толық танысып көру керек.

Дастан Елдесов, журналист:

– Соңғы уақыттағы климаттың өзгеруі Алматы табиғатын өзгертіп кетті. Қалалықтар 2011 жылы мамыр айында болған қуатты дауылдың Іле-Алатауы ұлттық паркінде қаншама ағашты қиратып кеткенін ұмытпаған болар. Сол кезде «Медеуде» 4144 тал құлаған еді. Запдап шеккен аумақтың көлемі – 480 гектарға жуықтады. Одан кейін 2015 жылы сел жүріп, қаншама шығын әкелді. Көкжайлау өз бастауын Терісбұтақтан алады. Бұл дегеніңіз – болашақтағы таудағы топырақтың үгітілетінің, сөйтіп көшкін жүруі мүмкін екенінің белгісі. Тауда курорт салу қисынсыз. Себебі, оған Алматы климаты мүмкіндік бере қоймайды. Бізде қыста жаңбыр көп жауады. Басқа елдерде мұндай курорттар климаттың құбылмалылығына байланысты позициясын жоғалтып жатыр. Ал бізде оны салғысы келеді. Әрі анау-мынау емес, тура тектоникалық жарықтың үстіне курорт сап тастағымыз келеді. Мұны журналист Вадим Борейко жақсы зерттеген. Қазірдің өзінде Көкжайлауда құрылыс басталып кеткен. Қоғамның, халықтың келісімінсіз. Курорттың техникалық экономикалық негіздемесі үшін қыруар ақша бөлінген. Егер расымен курорт құрылыс басталатын болса, онда ақша желге ұшты дей беріңіз. Өйткені, біздің климат пен табиғи қауіп бәрібір мүмкіндік бермейді.

Рахман Алшанов, Алматы қалалық мәслихатының депутаты:

 – Бұл мәселені үшке бөліп қарастыруға болады. Біріншісі – таулы туризмді дамытуға ерекше маңыз берген жөн. Қазір әлем елдері бұл саланы шикізат өндіретін экономика саласымен қатар дамытып жатыр. Дубайды алайықшы. Ол жерде жарыған табиғат жоқ, тау да жоқ. Есесіне жоқтан бар жасап, қолдан жасап, шаңғы тебетін курорттар салып тастаған. Демек сұраныс бар. Ал бізде табиғи байлықтар бар. Қолда барды ұқсата білу керек. Демалыс күндері Шымбұлақ пен Медеуге адам сыймайды. Бұрынғыдай емес, халықтың жағдайы дұрысталды. Соған сәйкес қызығушылық та көбейді. Оның үстіне шеттен келетін туристер де аз емес. Әкімдік мұны да ескеріп отыр. Әкім Көкжайлау жобасын тиімді, қолайлы, қолжетімді етіп жасайық деп жатыр. Адамдар да әртүрлі пікір айтуда. Көкжайлауға қатысты түрлі қоғамдық тыңдауларға қатысып жүрміз ғой, ол жерде әр адам өзін әртүрлі ұстайды. Біреу айғайлап-айғайлап кетіп қалады. Өз пікірін айтады да, басқаларға құлақ аспайды. Енді біреулер қалайда жобаны сынап, өзін көрсеткісі келеді. Дегенмен нақты жанашыр пікірлер айтқан, тұщымды ұсыныстар жолдаған азаматтар да бар. Олардың ұсыныстарын ескеруге, жобаны жетілдіруге пайдалануға болады. Бұл біз үшін кәдімгідей көмек. Жалпы, қоғамдық талқылаулар да сол үшін ұйымдастырылады. Әр адам жан-жақтан тиімді ұсыныстар айтып, тіпті қарсы шыққан тараптан да тың ойлар жобаның дами түсуіне себеп болуы мүмкін. Сондықтан біз әркім үшін ашықпыз. Осындай қоғам талқысы арқылы жоба пісіп, қайнап, өз бабына келуі тиіс.

Көкжайлау мәселесі әлі біржақты шешіле қойған жоқ. Таразы басы әлсін-әлсін екі жаққа кезек ауады. 230 миллион доллар аз қаражат емес. Бұл қаражаттың шаһардың ішкі экологиясы мен инфрақұрылымын түзеп тастауға да құдіретті екені анық нәрсе.  

"The Qazaq Times"