Көкжайлау жобасын жүзеге асыруға тыйым салу жөнінде шешім БҰҰ тарапынан да қолдау тапты. Бұл туралы ҚР президентінің баспасөз хатшысы Берік Уәли айтты.
Берік Уәли өзінің парақшасында: «Жақында ғана Президент Қасым-Жомарт Кемелұлы Көкжайлау жобасын жүзеге асыруға тыйым салу жөнінде шешім шығарғаны мәлім. Бүгінде осы маңызды ұйғарым өз елімізбен қатар әлем қауымдастығының айрықша назарын аудартып отыр. Бұл шешім БҰҰ тарапынан да қолдау тапты. Мемлекет басшысының атына БҰҰ Бас хатшысының орынбасары, БҰҰ-ның Еуропалық экономикалық комиссиясының атқарушы хатшысы Ольга Алгаерованың хаты келіп түсті», – деп жазды.
Алматыға жақын «Медеу» мұз айдынынан төрт километр қашықтықта орналасқан шатқалға курорт салу жобасы 2002 жылы көтерілген. Алматы билігі оның тау экожүйесіне зиян келтірмейтінін айтады. Қалалық әкімдіктің пікірінше, жоба туризмді дамыту үшін өте маңызды.
Көкжайлауға курорт салуға қарсы қоғамдық экологтардың шағымы бойынша сотта бес іс қаралды. Прокуратураға жиырмадан астам арыз түсті.
Биыл қазанның соңында Алматыға жұмыс сапарымен келген президент Қасым-Жомарт Тоқаев Көкжайлауға салынатын тау шаңғысы курортының жобасын тоқтату қажеттігін айтқан. Оның «Бұл мәселеге қайта-қайта орала бермес үшін бүгін біржола тыйым салдым. Көкжайлау тау-шаңғысы курортына қажеттілік жоқ» деген сөзі баспасөзде жарияланды.
Сонымен қатар, Қазақстан президенті Қасым-Жомарт Тоқаев 29 қазанда Алматы қаласының әлеуметтік-экономикалық дамуына арналған отырыста бұрын заңсыз берілген жерлерді Іле Алатауы ұлттық паркіне қайтару қажеттігін де мәлімдеген еді.