Алматы облысының көші-қон басқармасы 2 мың адамның арызын неге қараусыз қалдырды?
Қазан айының 1-і күні «Адырна» қоғамдық бірлестігі Алматы қаласы мен облысындағы қандастармен кездесу ұйымдастырып, құжаттық қиындықтарға тап болған азаматтардың арыз-тілектерін қабылдады. Кездесуден кейін біз қоғамдық қабылдауды ұйымдастырған «Адырна» бірлестігінің мүшесі Құрметолла Мұхаметханды сөзге тарттық. Ол өз сөзінде дәл қазір бірлестікке 2000-нан астам адамның арызы келіп түскендігін және сол арыздарды алып 2 қазан күні Талдықорған қаласындағы облыстық көші-қон басқармасына баратындығын айтты. Қалған мәселені сол сапарден келгеннен кейін ғана айтып бере алатынын жеткізді. Бүгін аталмыш сапар жөнінде, қандастардың құжаттық мәселесінің шешілуі жөнінде Құрметолла мырзадан пікір алудың сәті түсті.
«Адырна» қоғамдық бірлестігінің мүшесі, Құрметолла Мұхаметхан: «Облыстық көші-қон басшылары қандастардың бүгінгі шиеленісті мәселесіне бір ғана жауап айтады. "Біз заңнан аса алмаймыз. Заң тетіктерін өзгертуге, асыра пайдалануға ешқандай құқығымыз жоқ. Иә, біз қандастарды Қытай асырып, кері қайрата алмаймыз. Дегенмен ҚР заңнамасын да құрметтеуіміз керек." - дейді. Бұл орынды сөз әрине. Расында заңға салсақ, қандастар мәселесін заң бойынша реттесек бірталайы Қытайға шығып кетулері керек. Қалған мынау оралман мәртебесінің уақыты өтіп кеткен 5000-нан астам қандасымыз ҚР азаматтығын ешқашан алмауы керек. Бұл дегеніңіз күн өткен сайын олардың Қазақстанда тұруға деген уақыттарының азайып бара жатқанынын көрсетеді. Яғни, ай аунаған сайын олардың паспорттарының, қолда бар құжаттарының уақыты өтіп жатыр. Уақыт күтіп тұрмайды...».
Әрине Алматы облыстық көші-қон басқармасының айтып отырған «заң аясында ғана жұмыс істей аламыз» деген жауабына қандай да бір қарсы пікір айту мүмкін емес. Өйткені ҚР заңы кедейге де, байға да, қараға да, ханға да заң жүзінде бірдей. Баса айтамыз заң жүзінде бірдей. Ал ол заңның біздің елімізде қаншалықты дәрежеде орындалып жатқанын күнделікті өмірде көзбен көріп, құлақпен естіп жүрміз. Біздің билік басында отырған «жарты құдайлардың» алдына ісің түсіп бара қалсаң, заңнан аттап кете алмай қалатын әдеттеріне Тәуелсіздік алған 27 жылда етіміз үйреніп те кетті ғой. Жә, оны қойышы, оданда сіздердің назарларыңызға аталмыш мәселеге тікелей араласып жүрген белгілі адвокат Абзал Құспанның пікірін ұсынайық.
Тәуелсіз адвокат, Абзал Құспан: «Облыста шаруа шешілмейді. Шешілсе тек Астанада ғана шешіледі. Облыстағылар заңды орындаушылар ғана. 2000 арыз деген өте үлкен мәселе. Біз бұл арыздарды ІІМ, Көші-қон комитеті және СІМ арнап екіге бөліп жатырмыз. Мен бұларды өзімнің атымнан міндетті түрде министрліктерге тапсырамын. Бұл қалайда биыл жүзеге асыратылатын шаруа. Бірақ кім арыз тапсырды солардың мәселесін ғана шешеміз. Қайта-қайта бұл мәселемен айналысамын деп мен ойламаймын. Арыз тапсыру процедурасы бір айдың көлемінде жүзеге асырылады деп ойлаймын».
Абзал мырза айтқандай, облыстағылар заңды тек орындаушылар ғана. Бірақ сол орындаушылар бар заңды қаншалықты дәрежеде орындап отыр? Екі мың адамның арызын қараудың орнына «заңнан аттап кете алмаймыз» деген жауаптың өзі қаншалықты дұрыс? Құзырлы органдағылар заңға емес халыққа жұмыс істейтіндіктерін қай уақытта түсінеді? Сұрақ көп, жауап жоқ...
«The Qazaq Times» порталы алдағы уақытта да аталмыш мәселені назарда ұстайды және құжатсыз қалған қандастар мәселесіне қатысты ақпараттарды жариялайтын болады.