Қазіргі уақытта Америка тарапынан салынған санкциялардың әсерінен Қытай экономикасында проблемалар артып келеді. АҚШ пен Қытай байланысы күннен-күнге ушығып, сауда соғысының артуы екіжақты ынтымақтастық келісімге нұқсан келтірді.
Екі елдің қарым-қатынасы халықаралық саудадағы маңызды саяси өзгерістердің бірі. Осыған дейін Вашингтон Қытай импортына 200 миллиард тариф салды. Сол кезден бері Бейжің Бүкіләлемдік сауда ұйымына қарсы шағым түсірген. Демек, Американың тауарларына 60 млрд доллар көлемінде тариф қосылады. Қытай тарапы келесі аптадан бастап АҚШ импорттайтын бес мыңнан астам тауарларға 10% баж салығын төлейді. Ұзаққа созылған сауда соғысында Қытай саяси бәсекелесіне жол бермейтін болса, жағдай қиындай түспек. Ақ үй басшысы Дональд Трамп Қытайдың келесі әрекетіне қарай қытайлық тауарларға салынған салық көлемін арттыруға дайын.
Сауда соғысы экономикаға қаншалықты әсер етеді?
Мемлекет экономикасы ішкі өнімінің көлемін арттырып, өнім тұрақтылығын реттеу үшін экспортқа тікелей тәуелді. Демек, сауда соғысы шешімін таппаса, өнім импорттайтын кәсіпорындар да дағдарысқа ұшырайды. Екінші жағынан алып қарасақ, санкция салдары тек қытайлық өнімдерге ғана емес, Қытайда орналасқан америкалық компанияларға ықпал етуі ықтимал. Ресми мәліметтер бойынша, 2018 жылғы бірінші жарты жылдықтың қорытындысы бойынша Қытайдағы жалпы ішкі өнім 6,8%-а жеткен. Аталған көрсеткішті сақтау үшін Бейжің тауарлар көлемін арттырып, экспортын жандандыруы тиіс. АҚШ салған санкциялар қытайлық экспорттың жартысына жуығын қамтиды. Қатаң қаулыға іліккен тауарлардың ішінде балық өнімдерінен бастап электроника, тұрмыстық жиһаздар да бар.
АҚШ президенті Дональд Трамп ҚХР-мен арадағы саяси жанжалға қатысты: «Сауда соғысы мен текетіресте уақытша жағдайлар болмайды. Менің ұғымымда қысқалық жоқ. Шексіздік бар. Алдағы уақытта Қытай төрағасымен кездесуден де ештеңе күтпеймін. Олар әлі дайын емес деп ойлаймын»,– дейді. Яғни кез келген санкция экономиканың дамуына кері ықпал етері сөзсіз. Бұл ретте екінші тарап «санкциялардың кері әсері болмайтынына» сенім білдіріп, «аждаһадан құтылу жолдарын» іздеп әлек. Саяси бағытын өзгертуге бейім Қытай мемлекеті енді Ресеймен тереңірек әріптестік орнатуға мүдделі. Бірақ, осы аптада Трамп Бейжің Мәскеу ұшақтарын сатып алғаны үшін кезекті мәрте санкция жолдаған болатын.
P.S: Кей саясаткерлердің гипотезасы бойынша, екі ел арасындағы байланыстың әлсіреуі үшінші дүниежүзілік соғысқа ұласуы мүмкін. Десек те, алпауыт Америка мен Қытай қарым-қатынасының регресске кетуі сауда соғысын ұлғайтып, тарихтағы кезекті «сұрапыл-суық соғыс» қатарына енбек.