АҚШ Мемлекеттік департаменті Ресейден СУ-35 жойғыштарын және С-400 зениттік-зымыран кешендерін сатып алуына байланысты Қытайдың қорғаныс құрылымына қарсы санкциялар енгізді. Департамент өкілінің айтуынша, санкциялар Қытай ғана емес, сонымен қатар ресейлік қару саудасын шектеуге бағытталған.

Америка жаңа санкцияларды Ресеймен ынтымақтастықты қолдағаны үшін ҚХР Орталық әскери кеңесінің қару-жарақ департаментіне және оның басшысы Ли Шанфаға салған. Өткен жылдың желтоқсан айында Ресейдің он СУ-35 жойғыш ұшағын және биылғы жылы С-400 зениттік-зымыран жүйелеріне арналған жабдықтарды сатып алуы сұрапыл санкциялардың қос бүйірден қысуына себеп болды.

«Санкциялар арқылы Американың қарсыластарына қарсы іс-қимыл туралы» заң (CAATSA) АҚШ Қаржы министрлігіне ресейлік әскери экспорттаушылармен немесе олардың мүдделерін білдіретін адамдармен айтарлықтай мәмілелер жасаған компаниялар мен жеке тұлғаларға қарсы санкциялар енгізуге мүмкіндік береді. Бұл жағдайда Қытай билігі мен кәсіпкерлеріне қарсы санкциялар АҚШ-қа азық-түлік, қару-жарақ экспорттайтын компанияларды лицензиясынан айыру мақсатында жүзеге асады. Ресми құжатта Қытай мен Ресейдің юрисдикция департаментінің және оның директорының барлық активтері бұғатталатын болады делінген. Сонымен қатар, америкалық қаржы жүйесі шеңберінде кез келген транзакцияларға тыйым салынады.

НЫСАНА: Бейжің немесе Мәскеу?

Reuters агенттігі: «Бұл санкциялардың басты нысанасы – Ресей. Бірақ, қарсы іс-қимыл туралы заң қандай да бір елдің экономикасын бұзуға бағытталмаған. Мемлекеттің әрекеттері мен қателігі соған әкеледі», – дейді.

Құрама Штаттарының қауқарынан байқағанымыздай, аса қатаң қаулыларының басты мақсаты да Ресей мен Қытайдың өрескел қателігіне қатысты жойқын соққы беру болып саналады. «Франс пресс» Дональд Трамптың шешіміне қатысты пікір білдірген шенеуніктің сұхбатын жариялады. Шенеунік мұндай санкциялар Ресейден С-400 жүйесін немесе олардың өзге де компоненттерін тұтынған елдерге қарсы енгізілетінін айтқан. Демек, ресейлік құрылғыларды сатып алу туралы келіссөз жүргізген Түркияға да санкцияның лебі келуі мүмкін.

АҚШ басқа мемлекеттердің Ресеймен қарым-қатынасына қатысты «саны көп, сапасы жоқ» ұшақтарын сатып алудың келешегін талқылауға көп уақыт жұмсадық», –  деп жауап берді жоғары лауазымды американдық шенеунік. Сондай-ақ «Бізді Американың ұлттық қауіпсіздігіне нұқсан келтіруді қалайтын мемлекеттердің жағдайы еш алаңдатпайды. Қателікке бой алдырған ел тиісті жазасын тартуы тиіс. CAATSA Заңын қолданудағы басты себеп те осы» – екенін айтты.

CAATSA Заңы 2017 жылы тамызда қабылданған. Ол Ресей, Иран және Солтүстік Кореяға АҚШ-тың ұлттық қауіпсіздігіне қауіп төндіретін іс-әрекеттері үшін санкциялар енгізуді көздейді. Аталған елдерден бөлек, Қытай да қатаң ықпал шараға ілігіп, Американың назарында болмақ.

САНКЦИЯ: Шегінуге жол жоқ!

АҚШ Мемдепартаменті өзінің санкциялық тізімін кеңейту туралы мәлімдеді. Оған алты ресейлік компания мен 27 жеке тұлға, соның ішінде Бас штаб басқармасының бастығы Игорь Коробов және басқа да олихархтар іліккен. Бұдан бөлек, «сапасыз ұшақ өндіретін» ЧВК Вагнер және «Комсомольский-Амурда» Гагарин атындағы авиазауыты да құлдыраудың үстінде тұр. Америкадан қарша бораған тыйым салулар «тролль фабрикасы» ретінде белгілі Петербург интернет-зерттеу агенттігіне, «Конкорд менеджмент және консалтинг», «Конкорд кейтеринг» компанияларына да тікелей қатысты.

Қазір 72 жеке және заңды тұлға санкция тізімінде. Олармен мәмілелер жасасатын, олардың пайдасына инвестициялайтын немесе басқа да елеулі қаржылық қатынастарға түсетін кез келген адам Қытайдың мүшкіл күйін кешуі мүмкін.

Еске салсақ...

Ақ үй басшысы Дональд Трамп Reuters агенттігіне берген сұхбатында Қытай сен Ресейге қатысты көзқарасын білдірген болатын. әлемдік саяси мәселелер талқыланған сұхбаттан үзінді келтірсек. Трамп: «Қытайдың әрекетіне байланысты пікір білдірер болсам, біраз мәселелер ойға оралады. Барлықтарыңызға мәлім, сауда соғысы мен қарама-қайшылықтарда ешқашан уақытша жағдайлар болмайды. Менің ұғымымда қысқалық жоқ. Тек шексіздік бар. 11 қарашада Қытай төрағасымен кездесуден де ештеңе күтпеймін. Ол оған әлі дайын емес деп ойлаймын. Қазір Қытайдағы жағдайға байланысты Оңтүстік Корея көмек көрсетеді деген сыбыс бар. Алайда, сауданың құлдырауына байланысты олардың қамқорлығы күннен-күнге азаяды. Қалғанын уақыт көрсете жатар. Ресейге келер болсақ, олар АҚШ-тың мүддесі үшін Украина мен Сүрияда кері шегінуі тиіс. Санкция салуды доғару үшін басты шарт та осы. Олай етпесе, ғаламдық негіздегі мәселелердің артпасына кім кепіл?!»

Түйін

Алпауыт Америка көжекті арбаған аждаһадай: қатаң заңы мықтыға да, әлсізге де ортақ. Қазір Қытай мен Ресей сол «әлсіз көжектің» күйін кешіп отыр. Демек, қандай айып тағылса да, «мойындағысы келмейтін» қос мемлекеттің болашағы қыл үстінде тұр. Бағамдар болсақ, әлемді «уысында ұстап отырған» Америка үшін дамыған немесе дамушы мемлекеттердің тағдыры маңызды емес. Себебі, кез келген елдің саясаттағы кері әрекеті келешегіне нұқсан келтіреді. Қос елдің құйтырқы қылықтары мен өрескел қателігі «сау басқа сақина тілеп алғанмен» тең.

Енді қос мемлекет қандай да бір шешімді жеті рет өлшеп, қадамын аңдап басуы тиіс. Әйтпесе, іштей әлсіреу мен экономикалық регресстен шығу қиындай түспек.

"The Qazaq Times"