Тақырыпты бұлай атауымызға себеп көп. Соның бірі – қарапайым жұмысшы, кеншілердің ереуілі. Ал басты мəселе – еңбек өтемақысының қолға тимеуі. Дағдарыс қос бүйірден қысқанда, халықтың мұңын одан сайын арттырған Миттал кім? Оның басты мақсаты қандай? Сараптап көрелік.

Лакшми Миттал – əлемдегі ең бай кəсіпкерлердің бірі, Forbes рейтингісінде нөмірі үшінші миллиардер деп көрсетілген. Шетелдік БАҚ-тың сөзіне сенсек, Үндістанның тумасы жасынан ілім іздеп, алғашқы кәсіпорнын Индонезяда ашқан. Əлемнің 18 елінде кəсібін дөңгелетіп отырған Митталдың кезекті кәсіпорны Қазақстандағы Теміртауда орналасқан. Ол «AрселорМиттал Теміртау»-ға иелік ету барысын еске алып, Ашхабадтағы Үнді менеджменті институтының студенттерімен өткен кездесуінде өз бизнесінің тарихымен бөліскен: – Біз 1995 жылы Теміртаудағы 34 мың адам жұмыс жасайтын «Кармет» өнеркәсібін сатып алдық. Сол кезде бұл елде қыста қырық градус аяз, жазда қырық градус аптап ыстық болатынын білген жоқпыз. Болат құятын зауытты сатып алмақ болғанымызда, басшысы жоқ қалаға келгендей күй кештік. Теміртаудың қала мәртебесі болса да, су мен электр жарығы жоқ болатын. Біз Қазақстанда зауыт сатып аламыз дегенде есінен ауысып кеткен шығар деп ойлағандар да болған.
Дүниежүзіне танымал Миттал мырзаның айтқанына сенсек, жағдай   ойдағыдай көрінеді. Бірақ, соңғы жылдары Теміртауда орын алған келеңсіз жайттардан соң, əлемдік магнаттың сөзіне күмəндана бастадық...

Мәлімет

1995 ж. 17 қарашада Қарағанды металлургия комбинатын жекешелендіруе байланысты жабық тендер өтті. Сол кезде «Испат Интернэшнл ЛТД» компаниясы төрт бәсекелестен озып шыққан. Компанияның штаб пәтері Лондон қаласында орналасқан. Нәтижесінде «Испат Кармет» ААҚ құрылды. Келісім бойынша компания Қазақстан Республикасы Үкіметіне Қарметкомбинаттың қарыздарын жабу үшін алғашында 52 млн. доллар және жинақталып қалған жалақы қарызы үшін 11 млн доллар төлеуді мойнына алды. Мұнымен қоса бір жыл ішінде мемлекет басқаруында болған ҚарМК-ын сауықтыруға жұмсалған қаржыларды Республикалық қалпына келтіру банкіне қайыруды міндеттенді. Бұл кезде «Испат Интершашнл» жылына 12 млн. тоннага дейін сұйық металл өндіре алатын әлемдегі ең ірі жеке меншік компаниялардың бірінен саналатын. Қарметкомбинатты сатып алғаннан кейін әлемдік болат өндірудегі 32-орыннан 14-орынға шықты. Осы заманға сай технологиялық құрылғылар енгізіліп, жаңа өндірістер салына бастады. Бүгінде компанияның зауыттары 4 құрлықтың 14 елінде, оның ішінде АҚШ, Франция, Германия, Польша, Чехия, Румыния, Босния, Македония, АҚШ, Канада, Мексика, Тринидад, Оңтүстік Африка Республикасы мен Алжирде бар. Оларда 164 мың адам жұмыс істейді. Жылына 70 млн. тонна болат өндіреді.

Үкімет Миттал алдында неге дəрменсіз?

Халық арасында жиі айтылған бұл тақырып әлеуметтік желілерде де қызу талқыға тиек болған еді.   Солардың арасынан сарапшы мамандардың пікірлерін алға тарта кетейік:

Ілесбек Байжанов, «Ақиқат-1» бірлестігінің төрағасы, қоғам белсендісі: «Заң солқылдақ болса, келімсектің қойны-қонышы алтынға толады» – деген ғой. Әңгіменің бәрі шетелдіктер мен өзімізден шыққандардан қашқандарға бар байлығымыз бен халқымыздың ырыс-несібесін шашып, үлестіріп беріп, соны жүзеге асыру үшін неше түрлі қитұрқы мемлекет пен халықты тонауға лайықталған заңдарды шығарып, азғындық жүйені жасағандар туралы болып отыр. Олар көлге еге бола алмайды. Шамалы дауыл тұрса қарасын батырады. 24 жылда халқымыз моральдық тұрғыдан кері кетті. 5,5 мың жылдық тарихымызда мұндай сұмдық азғындану болған емес.

Ғаламтор беттерінде батыл пікірлерімен бой көрсететін Жанат есімді азаматша бұл туралы: – Теміртау қаласындағы «Арселор Миттал Теміртау» Акционерлік Қоғам комбинатының басшылары өз болашағын Қазақстан Республикасымен байланыстырмайды. Осы билік басында отырған өзге орыс ұлт өкілдері, өздерінің билігін асыра пайдаланып, жемқорлықпен байып, жеке фирмалар, кәсіпорындар ашып алған. Аутсорсинг деп цехтарды бөліп өз фирмаларының пайдасына тендерді ұтып береді. Қазақстанның аса маңызды стратегиялық объекттерінің бірін саналы түрде жойып, талан-таражға салып, 13 000-нан астам жұмыс жасайтын комбинатты құртып, зиян келтіруде. Алайда бірнеше жыл бұрын, бұл комбинатта 40 000-нан астам жұмысшы жұмыс жасаған. Аутсорсинг, СДУ, қысқарту сияқты әртүрлі сылтау шаралармен комбинатымызды жоюға айналды. Ал жастар өз мамандығы бойынша тәжірибе алып, жұмысты қайдан табуы керек? Осылай бола берсе болашақта кадр тапшылығы пайда болмай ма? Барлық жерде яғни теледидар, газет жаңалықтарында бәрі жақсы деп жариялап жатады, алайда оның бәрі көзбояушылық, бар жағдайды сонда жұмыс жасап жүрген біздер жақсы білеміз. Бұның арты әрі қарай өте қауіпті жағдай тудыруы мүмкін. Тағы бір айта кететін жайт, біздің кәсіподақ комитетіміз «Жақтау» аты қазақша болғанымен, ешқандай жұмысшыларға қолдау көрсетіп отырған жоқ. Бір көмек сұрап барсаң, ешқашан орындарынан таба алмайсың. Біз комбинат жұмыскерлері осы кәсіподақ мүшесі болып келеміз, сондықтан ай сайын кәсіподақтық жарналықты жалақымыздан ұстап отырады олар бізге көмек беріп, қолдау көрсетудің орнына кеңселерін жаңартып, жөндеуді ғана біледі. Ал енді комбинаттың өндірістік мәселесіне келетін болсақ: негізгі құралдардың бәрі ескі-құсқы жабдықтар. Қазіргі заманға сай үлгіде жаңартудың орнына, жамап-жапсырып көзбояушылықпен айналысады. Соның салдарынан өндірістік жарақат пен өлім-жітім көптеп орын алуда. Өндірістің дамуына салынатын қаражатты кеңселерінің жаңартып, шетелдік көліктерді сатып алуды және әжетханаларды жөндеуді ғана біледі, ал маңызды мәселелерге көз жұмып немқұрайлықпен қарайды.
Мəселеден ши шыққанда, белгілі боксер Серік Сəпиев те əлеуметтік желіге өз пікірін жариялады: – Менің әкем – кенші. Бұл жұмыстың қандай қиын екенін бір адамдай білемін. Сондықтан, қашан да кеншілерді жақтаймын. Жұмыста жанжалды реттеуден гөрі, ескерту жасау оңай. Кеншілердің көтеріліске шығуы еліміздің барлық тұрғындарын алаңдатып отыр. Бұл жағдай негізгі мерекеміз Тәуелсіздік күні қарсаңында болғаны өкінішті. Демек, бұған дейін оларға ешкім құлақ аспаған. Яғни, бұл – Лакшми Миттал мырзаның Қазақстанға келуіне бірден-бір себеп болып тұр. Мұның мемлекеттік емес, шетелдік инвестордың компаниясы екенін ескерген жөн.

Тобықтай түйін

2017 жылы желтоқсандағы кеншілер шеруіне 600-ден астам адам жиналған. Сол уақытта кеншілер мен металлургтар өз жұмыстарының ауыр әрі қауіпті екенін айтқан болатын. Шыдамы шегіне жеткен жұмысшылар бірнеше жылдан бері жалақыны өсіруді талап етіп жүр. Кезінде Қазақстанның еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрінің қызметін атқарған Тамара Дүйсенова шахтерлардың ең аз табысы 320 мың теңге деген. Бірақ, кеншілер 120 мыңнан 210 мың теңге арасында айлық алатынын айтты. Шахтерлар сөзінен кейін министр қызметтік тексеріс басталатынын мәлімдеген.

«Айтпаса сөздің атасы өледі» – деуші едік. Өзгелер үшін қонақжай қазақ жері – алып май шелпек сынды. Ісі мен сөзі жөнді қабыспаған Миттал мырзаның əрекеті бүгінде журналистер үшін жауыр тақырып, халық үшін жұмбақ, ал мінбердегілер үшін тіс батпайтын мәселе болып шегеленді. Егемендікке ерні ерте тиген өзге мемлекет былай тұрсын, елде шетелдік инвестор, кəсіпкерлерге арналған заңның солқылдақтығы тағы бар. Бұл ретте таяқтың екінші ұшы өзімізге келіп тиеді. Миттал мəселесі ұмытылар. Ал, халық мұңының жоқтаушысы кім?!

"The Qazaq Times"