Адам баласы тынбай еңбектену арқылы бедел қалыптастырады. Еңбегіне сай сол жинаған атақ-абыройы өз атына қызмет етеді. Бұл – дәлелдеуді қажет етпейтін аксиома. Осы жолда мақсатына айқын жетіп, саналы ғүмырын журналистикаға арнаған Опра Уинфридің шығармашылығы талайды таңғалдырса керек-ті.

Опра Уинфри – дүниежүзіндегі ең қымбат тележүргізушілердің бірі. 64 жастағы сұхбат «патшайымын» танымайтын адам кемде-кем. Аталған телешоу әлемнің 150 мемлекетіне тарап, әлемдік телевизиялық рекорд жасады. Ал күн сайын оның көрермендер саны Американың өзінде 53 миллион адамды құраған. Сондай-ақ, 2003 жылы Forbes рейтінгісінде ең беделді тілшілер қатарына қосылып, қара нәсілді даңқты әйел ретінде тарихта қалды.

Шешендік өнердің хас шеберіне айналған Опра Уинфриді миллиондаған көрермен «Американың бас дәрігері», «адасқан жандардың періштесі», «үй шаруасындағылардың жас құрбысы», тіпті «америкалық телевизияның бас кейіпкері» деп атайды. Аз ғана уақыт ішінде Уинфридің ток-шоуында 5000-ға жуық бағдарлама эфирге шыққан. Әр шыққан сайын тың тақырыппен өз көрерменін баурай білген Опраның авторлық бағдарламасында 30 мыңға жуық қонақ еркін сұхбат берген. Бір қызығы, үй шаруасымен айналысатын әйелдерге арналған қарапайым ғана бағдарлама талай уақыт бойына телерейтингтің алдыңғы қатарын бермеген. Осы уақыт көлемінде қара нәсілді тележүргізуші талайды таңқалдырып, таңдай қақтырды. 32 жыл бұрын эфирге шыққан оның авторлық жобасы талайлардың үмітін тұтатып, тәлкекке түскен тағдырларды тоғыстырды. Күн сайын көрерменге жол тартатын шоу қоғамның барлық саласын қамтыған. Солардың бірі «Опраның кітапхана клубы» атты айдарында әйгілі тележүргізуші халықты соңғы әдеби жаңалықтардан хабардар етіп, жаңа кітаптар жайында мол мағлұмат берді. Бағдарламаның пәрменділігі соншалық, сол сәтте аталған кітаптар ертеңгі күні-ақ кітап сөрелерінен табылмай қалатын жағдайлар болған. Мәселен, сондай хабардың бірінде Опраның америкалықтарға Лев Толстойдың «Анна Каренинасын» оқуға кеңес беруі арқасында орыс жазушысының еңбегі АҚШ халқының жата-жастана оқитын кітабына айналған. 2004 жылы күз айында бағдарлама барысында атақты тележүргізуші әр көрерменге автокөліктің кілтін табыстап, таңқаларлық тосын сый жасады. Дәл осы жайт телевизия саласындағы қайталанбас құбылыс болды. әлбетте, адам баласы әрқашан жетістікке жете бермейді. Опра Уинфридің кемшін тұсы – жаңалықтар бөлімінде өзін көрсете алмауы еді. Себебі, ол қайғылы оқиғаны айтып отырып, көз-жасына ерік беретін-ді.

Опраның негізгі жанры – сұхбат. 1986 жылдан бері 2011 жылға дейін жалғасын тапқан «Опра Уинфридің шоу бағдарламасы» күн сайын адамдарды керек дерекпен қамтамасыз етіп, дарынды тұлғалардың өмірінен сыр шертті. Өз бағдарламаларында ол қарапайым адамнан белгілі тұлғаға дейін сырлы сұхбат жүргізген. Тележүргізуші сұхбатты бастамас бұрын алдына қойған мақсатын анықтап алады және оны халыққа көрсете біледі. Жетістікке жетудің басты құпиясы да осы. Әңгіме барысында көрерменге қандай белгісіз оқиғаны таныту керек, респонденттің қасиет-қабілетінен өзгелер қандай үлгі алу керектігін анықтап, көк жәшіктің қуатын айқындап берді. Америкадағы «қара нәсілді жұлдыз» өз мамандығынан ләззат алады, әр бағдарламаны соңғы шоуындай әзірлейді.

Сөз соңында, телеэкраннан күнделікті көрініп, көзі ашық, көкірегі ояу көпшілікке өз ойын, тұжырымын жеткізетін журналистің ең ұлы жетістігі – таңдаған жолының майталманы атануы, өз сферасын қарыштату, әрі сол атмосфераны көрерменнің сезінуі. Сондай-ақ, мәнді ойдың қарапайым қарашаға жетуі болса керек. Бұл ретте қара нәсілді сұхбат патшайымы Опра Уинфри өз дегеніне жетті.

"The Qazaq Times"