Сенат төрағасы Қасым-Жомарт Тоқаев: «Президенттікке Назарбаевтан өзге кандидат жоқ» – деп мәлімдеді.
Азаттық радиосының хабарлауынша, бүгін Сенат төрағасы журналистер алдында ВВС телеарнасының «Hard Talk» бағдарламасына берген сұхбатына байланысты түсініктеме берген. Онда ол БАҚ өкілдернің: «Қазір Қазақстанда Нұрсұлтан Назарбаевты алмастыра алатын лайықты адам бар ма?» - деген сұрағына: «Бұл менің сұрағым емес. Бұл мүлде басқа сұрақ. Мен өз сөзіме жауап беремін. Мен Қазақстанда халықаралық аренада беделі жоғары елбасы барын айттым. Оның халық толықтай қолдайды. Сондықтан сұхбатта айтылғандардан драма жасаудың қажеті жоқ» - деп мәлімдеген.
Естеріңізге салайық, маусым айының 20-ы күні Қасым-Жомарт Тоқаевтың ВВС телеарнасының «Hard Talk» бағдарламасына берген сұхбаты ВВС News және ВВС радиосына шыққан болатын. Онда Сенат төрағасы бағдарлама жүргізушісі Стивен Сакурдың: «Егер менің математикалық есебім дұрыс болса, 2020 жылы Назарбаев 80 жасқатолады ғой?» деген сұрағына: «Иә, Иә. Малайзияда 92 жасқа толған Махатхир Мохамад премьер-министр болды ғой. Ашығын айтқанда, 2020 жылы Назарбаев президент сайлауына түседі деп ойламаймын. Ол өте ақылды адам. Мүмкін 2020 жылғы сайлау басқа кандидаттармен өтер. Сайлауға түседі деп ойламаймын. Бұл - менің жеке ойым. Әрине бәрі Назарбаевтың өзіне байланысты» - деп жауап берген.