Еуропа қайта құру және даму банкінің Қазақстан бойынша директоры Агрис Прейманис BBC-ге берген сұхбатында, тұтас Орталық Азия елдеріне бағытталған интеграциялық-экономикалық байланыстар, инфраструктура, мемлекеттер арасындағы сауда-саттық жобаларының жасалып жатқанын айтқан.
Аталған сұхбатта Агрис Прейманис соңғы жылдары Орталық Азияда маңызды өзгерістердің болғанын, айталық инфраструктура, елдер арасындағы сауда-саттық істерінде үлкен өзгеріс жасалғанын, бұған Өзбекстандағы реформалардың ықпал еткенін айтқан. Оның айтуынша Орталық Азияның интеграциясы жалпы аймақтың дамуын қамтамасыз ете алады. Бұрын Орталық Азиядағы интеграцияның жоқтығы үлкен кедергі болып келген, қазір осы бағытта ықшам әрі шоғырлы жұмыстар істелуде.
Орталық Азияның интеграциясы шетелдік инвестицияны тартудың алғы шарттарының бірі. Агрис Прейманис сөзінде: «Бұл өңірде Қазақстан секілді алып елдің болғанына қарамастан, шетелдік инвесторлар Орталық Азияны тұтас бір регион ретінде қарайды. Сондықтан, олар бір елдегі емес, жалпы аймақта не болып жатқанына көбірек назар аударады», – деді.
Демек, шетелдік инвесторлар Қазақстанға инвестиция салу арқылы қандай да бір өнімді бір Қазақстанға ғана емес, Өзбекстан, Қырғызстан, Түркіменстан мен Тәжікстанға да экспорттауды көбірек ойлайды. Орта Азия елдері арасындағы сауда-саттықтың ашық болуы, жекелеген елдерге деген инвесторлардың қызығушылығын оятады.
Агрис Прейманистен BBC тілшісі Гүлнара Касмамбетова Өзбекстанның ашық, либералды болуы өңір үшін қандай рөл атқаратынын сұраған. Еуропалық банктің Қазақстандағы директоры бұған: «Бұны екі жағынан алып қарауға болады. Бір жағынан, Өзбекстан өзге елдерге ашық, айтарлықтай реформалар жасалған ел ретінде таныла бастады. Екіншіден, Өзбекстанның ашылуы Орталық Азия үшін ілгерілеушілік болып қалды. Әр елдегі компаниялар тығыз байланыстар орната бастады. Тараптардың үкімет басшылары жиі-жиі кездесулер мен келіссөздер өткізуде. Анығында, Орталық Азиядағы бұндай жағдай инвесторларды қызықтырып отыр», – деген.
Ол тағы Өзбекстанның оңды өзгерістері, экономикалық дамуы Қазақстанға кері әсерін береді деген көзқарастарға қарсы екенін айтты. Прейманистің ойынша, керісінше Өзбекстанның экономикалық өсімі Қазақстанды қамтыған өзге көршілес елдерге пайла алып келмек.
Өзбекстан дамуының Қазақстанға деген ықпалы жөнінде Прейманис: «Әрине, Қазақстанды көздеп келген кейбір инвесторлар Өзбекстанға кетіп қалуы мүмкін. Бірақ, жалпы өңір үшін бұл өте маңызды. Бұдан Қазақстандық компаниялар өнімдерін Өзбекстанға экспорттайды, тіпті инвестиция сала бастайды. Тіпті, керек болса, кейбір инвесторлар Өзбекстанға тауар экспорттау үшін Қазақстанға қаражат жұмсайтын болады. Демек, Өзбекстандағы оң өзгеріс тұтас өңірге кері әсер етпейді», – деген.
Сұқбатта қазіргі Орталық Азияның даму жағдайы да сөз етіледі. Бұл турасында: «Қазақстан соңғы дағдарыстан жақсы шығып кетті. Біздің болжамуымызша қазір елде экономикалық өсу жалғасуда, жыл сайын 3,5-4 пайыз шамасында өсіп отыр. Бұл жақсы көрсеткіш. Алайда, Қырғызстан және өзге көрші елдер үшін, тіпті тұтас Орталық Азия үшін Қазақстанның бұдан да тез дамуы маңызды», – дейді Агрис Прейманис.
Оның айтуынша, Қазақстан алға қойған мақсатына жетіп, әлемдегі тез дамыған елдердің біріне айналу үшін 5-6 пайыздық өсімді қамтамасыз етуі керек. Бұл бағытта Қазақстанда көп жұмыстардың жасалып жатқанын да алға тартады. Ол және Орта Азия елдері өзінің Қытай мен Еуропа арасында орналасудай маңызды орынын мықты игеруі керек екенін айтады.