Бүгін, Алматыдағы ҚР Ұлттық кітапханасының Н.Дәулетова атындағы оқырман залында «Орталық Азиядағы геостратегиялық процестердің даму бақыты және Қазақстан: Аймақтағы қауіпсіздік және тұрақтылық» мәселелері атты ғылыми конференция өтті. Көнференцияға отандық саясаттанушылар мен сарапшылар және БАҚ өкілдері қатысты.
The Qazaq Times ақпараттық, қоғамдық-саяси порталы мен ұйымдастырған шараға ҚР Ұлттық кітапханасы мен «Ер Жәнібек» халықаралық қоғамдық қоры қолдау көрсеткен.
Шарада отандық және шетелдік саясаттанушы сарапшылар Орталық Азияға қатысты геосаяси мәселелерді, аймаққа әсер етіп отырған сыртқы күштердің стратегиялық қадамдары қатарлы мәселелерді талқылап, өз пікірлерін ортаға салды.
Офлайн және онлайн форматта өткен шарада отандық саясаттанушы сарапшылардан, әл-Фараби атындағы Қаз-ҰУ-дың Шығыстану факультетінен саясаттанушы, қытайтанушы сарапшылар Нұрат Ілияс және Нұртәліп Шәріпқазы, сондай-ақ Евразиялық ғылыми зерттеу институтының ғылыми қызметкері Өмірбек Қанай, Еуразия Ұлттық университетінің доктаранты Қанат Қаһар қатарлы сарапшылар қатысты. Бұдан тыс Түркиядағы Мугыла Сытқы Кошман Университетінің профессоры, Орта Азия жөніндегі көрнекті сарапшыларының бірі Сердар Йлмаз бен Анкасам саясат пен дағдарыстарды зерттеу орталығының ғылыми қызметкері, тарихшы, түрколог Елдес Орда қатарлы сарапшылар қатысты.
Конференцияда Сердар Йлмаз, Өмірбек Қанай, Қанат Қаһар және Естай Божан қатарлы сарапшылар мен журналистер Орталық Азия елдеріндегі интеграция мәселесі, Үнді-Тынық мұхиты аймағындағы процестердің Орталық Азияға ықпалы, аймақтағы экономикалық бағдарламалар бәсекелестігінің аймаққа алып келетін жаңа мүмкіндіктері мен қиындықтары, сондай-ақ, аймақтық геостратегиялық геосаяси процестердың ақпараттық қауіпсіздікке жасайтын ықтимал сын-қатерлері тақырыбындағы баяндамалар жасап, өңірдегі қазіргі саяси жағдай мен болашақ туындауы ықтимал қатерлерге қатысты өз пікірлерін ортаға салды.
Конференцияның екінші бөлімінде сарапшылар мен БАҚ өкілдері еркін пікір алмасып, тақырыпқа қатысты сұрақ-жауап түріндегі пікір сайысын өткізді. Пікір сайысқа түркиялық сарапшыларда қатысып, аймаққа ықпал етуші күштердің жаңа қадамдары туралы талқы өрістетілді.
Шара қорытындысында ұлттық, экономикалық, ақпараттық қауіпсіздікке қатысты өзекті мәселелер бойынша құзырлы органдар мен мемлекеттік ақпарат құралдарына қажетті ұсыныстар жасалды.