«The Qazaq Times» ақпараттық, қоғамдық-саяси порталы мен «Жаһангер» интелектуалды клубы бірлесе отырып, М. Сералин атындағы шығармашылық бірлестіктің қолдауымен ұйымдастырған ақын, публицист, алаштанушы, абайтанушы Ықылас Ожайұлымен «Қалам ұшына тұнған сыр» атты шығармашылық кездесу 12 мамыр күні, әл-Фараби атындағы ҚазҰУ-дың Журналистика факультетінде болып өтті. Кеште Ықылас Ожайұлының «Қалам ұшына тұнған сыр» атты кітабы жұртқа таныстырылып, автор шығармашылық ізденістері мен ой-толғамдары туралы сыр шертті. Қаламдас аға-іні, замандастары Ықылас шығармашылығы, өмірі мен өнері туралы әңгімелер өрбітті.
Кешті ақын Мұрат Шаймаран мен мистик жазушы Қойшыбек Мүбарак бастап ашты. Соңғы бір ылғары буынның қазақ әдебиеті-руханиятына қосқан үлесі, Ықлас Ожай шығармашылығының кең өрістілігі туралы әңгіменің тиегін ағытты. Сонымен бірге, «Жаһангер» интелектуалды клубының алдағы жоспарларымен таныстырылып өтті.
Ықылас Ожайұлының шығармашылығы мен өзге қырлары туралы қаламдас замандасы, жазушы Ырысбек Дәбейұлы сыр шертті. 2017 жылғы «Рух» халықаралық әдеби байқауының тәуелсіздіктен біргі әдебиетке деген үлкен бір қолдау екенін, соның аясында бірқатар қаламгерлердің шығармалары оқырманға жол тартқанын айтты. «Ықаңның поэзиясы туралы айтсақ , өнердегі ождан және сананың бақылау деген бар. Ұлт туралы, ел мен жер, рух туралы жазатындар көп, бірақ оның адамдарға сіңбейтіні қалай деген мәселе ойлантады. Осы тұрғыдан келгенде сананың бақылауы басым орында тұрған, айталық жазу техникасын меңгергенімен, жылтыр сөзді жақсы пайдаланғанымен ождансыз нәрселер халыққа жетпей жатады. Ал, Ықылас шығармашылығы ождан мен сананың бақылауы қатар тұрып, таза шабытпен келген шығармалар деп айтуға болады», – деді Ырысбек Дәбейұлы.
Осыдан кейін сөз тізгіні кештің басты қонағы «Қалам ұшына тұнған сыр» атты еңбектің авторы ақын Ықылас Ожайұлына берілді. Кездесудің негізгі себебі болып отырған еңбегі туралы автор: «Бұл кітапта біз екі нәрсені мақсұт етіп алдық. Оның біріншісі – ОТАРЛЫҚ; Екіншісі – ЕРКІН ОЙЛАУ немесе КӨНЕ ҚАҒИДАТТАРДЫ ҚИРАТУ. Бұны үлкен сапардың алғашқы бір-екі қадамы деп есептеңіздер. Бүгінгі әңгімемді де осы негізде өрбітсем деп отырмын. Отарлық туралы ақпар бере кетуге тура келеді. Жалпы қазақтың бұрынғы диалектикалық қатынасы қандай болды, қазақтың қуанышы қандай еді, реніші қандай еді, шаттығы қандай еді, оның бұрынғы боз жусан болмысы қандай еді? Яғни, жойдақсыз трансформацияға түскен қазақтың бұрынғы болмысына біз осы еңбегімізде қадри-халімізше жауап іздеуге тырыстық», – деді.
Ықылас Ожайұлы сөзінің жалғасында: «Біздің қазіргі отырған болмысымыз, ол – ілкідегі қазақтың болмысы емес. Ол сәбеттік жаңа стандарттан пайда болған болмыс. Оны Жүсіпбектің тілімен айтар болсақ – «Қара қазақтың мәдениетті болуынан, мәдениетті адамның қазақ болуы қиын» деген. Енді құлдық болмыс қандай болады. Құл болған елдің ең негізгі бір көрініс – жалпы ішкі «МЕН» жоғалады. Ішкі мен ұғымы жоғалған кезде «ОЛ», «ОЛАР» деген ұғымдар алға шығады. Айталық, «ол, олар», «олар сүйтеді екен», «оларды осылай оқытады екен», «оларда мұндай тәжрибе бар екен», «ол, ол, олар, олар...». Қазақ өзінің ІШКІ МЕНІНЕ қашан оралады. «Бұл іс менше қалай болуы керек?», «Бұл іс менің болмысымда қандай болмақ, қалай шешілмек» деген мәселелер шегініп кеткендей.
Жоғалған нәрсеміз өте көп, оны санап тауыса алмаймыз. Ахмет Байтұрсынұлы «Сөзі жоғалған ұлттың, өзі жоғалады», – дейді. Гумилевше айтқанда «бір ғана дыбыстың дұрыс дыбысталмауы, бір ұлттық жалпы антропологиялық бет-пішінін толығымен өзгертіп жібереді». Демек, тілі өзгерген ұлттың түрі де өзгереді, сөзі өзгерген ұлттың өзі де өзгереді – бұл басы ашық нәрсе. Сонда ойлап қараңыз, өзгеріске ұшыраған бір ғана дыбыс ұлтты соншалық үлкен трансформацияға, сонша үлкен мутацияға ұшыратып жатса, онда төңкеріліп түскен тұтас түсінігіміз туралы не айтуға болады. Оны ойласаң жон арқамыз мұздап сала береді. Біз енді «күңіреніп күн түбіне бармайық». Дегенмен де бұл «бит шаққанды, ит қапқан етіп» үлкейтіп көрсету емес, шындығы сол», – деді отарлықтан зақымдалған ұлт болмысы туралы сөзінде.
Кездесуде автордың өзге де қаламдас замандастары, аға-бауыр қаламгерлер қатарында Ырысбек Дәбей, Елдос Тоқтарбай, Ерғали Бақаш, Төлеген Мелат, Көкбөрі Мүбарак тағы басқа Ықылас шығармашылығы туралы, өнер мен әдебиеттің төңірегінде әңгімелер өрбітті.
Кездесудің соңғы Ықылас Ожайұлының орындауындағы қаймағы қалың, қатпары көп, сазды сарынды дәстүрлі әнге ұласты. Мағыналы қоңыржай кездесудің шымылдығын Ықылас Ожайұлының оқуындағы өлеңдерімен жабылды.