Ауғанстанның президенті БҰҰ, НАТО ұйымдарының және 20 елден келген өкілдер бас қосқан Кабулдағы отырыс кезінде «Талибан» ұйымын ресми саяси топ ретінде қабылдау ұсынысын алға қойған еді. Тіпті ол «Талибанға» артық талап-шарттар қоймай, келіссөзге тартуды ұсынды. Талибтерді ымыраға тартудан қандай нәтиже шығуы мүмкін? Бұл Ауғанстан жағдайын өзгерте ала ма? Бұл сұрақтарға әлемдік ықпалды басылымдар не дейді?
Бір мезгіл тұрақтанып қалған Ауғанстан жағдайы, соңғы уақыттарда қайта шиеленісе түсті. Оған түрлі жағдайлар себеп болуда. Айталық, Сүрия мен Ирак жерінде жеңіліс тапқан «Ислам мемлекеті» террорлық ұйымы содырларын Ауғанстан жеріне көптеп топтастырды. Олар «Талибан» бақылауындағы жерлерге иелік ету үшін екі топ арасында жиі қақтығыстарға барды. Екі топ арасындағы бәсеке Ауғанстандағы террорлық шабуылдарды барған сайын көбейтті. Қаңтардың өзінде екі-үш рет террорлық шабуылдар ел орталығында болды.
BBC таратқан ақпаратқа сүйенсек, 2014 жылы Ауғанстандағы халықаралық коалиция күштерінің көп бөлігі елден шығарылғаннан кейін, талиптердің бақылауындағы аймақтар барған сайын кеңейген. Бұл күнде Ауғанстанның 70 пайыздан астам аумағында «Талибан» ұйымы белсенді әрекет етеді. Құрама Штат Ауғанстандағы қауіпсіздікті күшейту мақсатында қарулы күштерінің санын көбейткенімен жағдай өзгере қойған жоқ.
Осыдан бұрын Сүрия мен Ирак жерінен шегінген «ИМ» күштері мен Ауғанстандағы талиптер бірігіп үлкен қауіп бола ма деген де қауіптер болған. Алайда, бұл ұйымның бір-біріне жұлдызы қарсы.
Ауғанстандағы ақпарат көздері, Ауғанстанның жағдайының қиындай түсуіне Трамп үкіметінің Ауғанстандағы әскер санын көбейтуі және олардың жетекшілігіне «Талибанға» шабуыл жасау құқығын бергені деп қарайды. Себебі, Трамп үкіметінің бұл әрекеті талиптердің есірткі саудасының жолын кесіп, қаржы көздерін буып тастады. «Талибанға» қысымды күшейткен сайын, олар да өзінің күшін көрсетіп, түрлі шабуылдар ұйымдастыруда.
Ауғанстан жағдайының қиындауына екінші себебін, елдегі BBC журналисі Даувуд Азами: «Талибан» ұйымы Ауғанстандағы үкімет пен ресми күштердің әлсіз екенін көрсетуге тырысып отыр», – деп түсіндіреді. Үшіншіден, «Талибан» мен «ИМ» күштері арасындағы бәсеке. «ИМ» күштері күшейіп тұрған кезде «Талибан» секілді өзге ұйымдар мен қозғалыстарды өзіне қосып алу ойында болған. Бірақ 20 жылдан астам уақыт Ауғанстанның белгілі бір аймақтарын бақылауына ұстаған «Талибандар» оларға тізгін ұстатқысы келмеген.
Осыдан бірнеше күн бұрын «Талибан» ұйымы АҚШ-ты келіссөз өткізуге шақырған. Аталмыш ұйым келіссөзді өзінің Кабул қаласындағы «өкілдігі» арқылы жүргізетінін айтқан. Осыдан бұрын Кабул билігі бұл өкілдікті жабу туралы ұсынысты Катарға жолдаған. Шым-шытырық Ауғанстан жағдайы қазір «Талибан» ұйымын ресми саяси топ ретінде мақұлдау ұсынысына дейін жетті.
Былтыр жазда АҚШ президенті: «Біз Ауғанстандағы қарулы күштерді Ауғанстан үкіметі қанша уақыт қажет етсе, сонша уақытқа қалдырамыз. Ирактағы қателікті қайталамаймыз», – деген болатын. Трамп үкіметі «Талибанмен» келіссөзге салқын қабақ танытып келгенімен, соңғы кездері келіссөзге деген көзқарасы өзгергені де байқалады. Әрине, Трамп үкіметі талиптермен келіссөз жүргізуі де мүмкін. Бірақ, келіссөзден нәтиже шығатынына ешкім кепілдік бере алмайды. АҚШ-пен келіссөздер туралы мәлімдемеде талиптер Кабулмен жүзбе-жүз сөйлесуге келетін, келмейтінін айтқан жоқ.
Келіссөздер сәтті өткен күннің өзінде, қолына қару алып ондаған жыл соғыс салған қатардағы талиптердің оңай тәртіпке түсуі екіталай. Ал оларды үкіметтің қауіпсіздік күштерінің қатарына алу да қиын. Бұған дейін қарсылас болып келген тараптардың бір-біріне деген сенімсіздігі талай жылға жалғасатыны айдан анық. «Талибан» мүшелерінің Ауғанстанның саяси өміріне араласып кетуі де оңайға соқпайды. Әсіресе сыртқы күштер мәселесіне келген де Кабул мен «Талибан» көзқарасы отаса алмайды. Ауғанстандағы сыртқы күштер – АҚШ, Ресей және Пәкістан. Осы күштердің Ауғанстандағы мүддесі де от үстіне май құяды. Айта кетейік, Ауғанстаннан Ресейге жылына 75-80 тонна есірткі кіреді екен.
Міне, осындай жағдайлар Ауғанстанда «Талибан» ұйымы мен Кабул билігінің ымырасына қолайлы болмай отыр. Талибтердің басым көбі Ауғанстан президентінің ұсынысын қабылдай қоймайды. Қабылдаған күнде де бірден тыныштық пен бейбітшілік орнай қалмайды. Қазірге дейін «Талибан» жетекшілері келіссөз туралы ұсынысқа жауап қайтармады.