Мектеп директорларының жалақысы көтерілуі мүмкін.  ҚР білім және ғылым вице-министрі Асхат Аймағамбетов мектеп басшыларының еңбекақысын саралау арқылы төлеу мәселесі қарастырылып жатқанын мәлімдеді.

"Мұғалімдердің жалақысына қосымша ақы айтарлықтай өсті, бірақ мектеп директоры мен оның орынбасарлары, оқу ісінің меңгерушілеріне келер болсақ, мәселе бар. Мұны біз аттестация арқылы жүйелі түрде шешуді қарастырып отырмыз. Қазіргі кезде мектеп директорлары үш жылда бір рет азаматтық қызметкер ретінде аттестациядан өтеді. Бірақ шағын немесе үлкен мектептің директоры және мектептің толық болуына, сондай-ақ директордың қаншалықты тиімді жұмыс істейтініне қарамастан олардың еңбекақысы өспеген. Яғни үстемақы жоқ", - деді Аймағамбетов мәжілісте әлеуметтік-мәдени даму комитеті мен "Нұр Отан" партиясы фракциясы жанындағы әлеуметтік кеңестің бірлескен жиынында.

Бұдан бөлек, мектеп директоры мен орынбасарларына жарты ставка бойынша сабақ беру мүмкіндігін қайтарып беру ұсынылды.

Айта кетейік, бұдан бұрын ҚР президенті Нұрсұлтан Назарбаев 2018 жылдың 1 қаңтарынан бастап білім берудің жаңартылған мазмұнына көшкен ұстаздардың лауазымдық жалақысын 30 пайызға көбейтуді тапсырған еді.

“The Qazaq Times”