АҚШ экс-президенттеріне арналған өтемақыны азайтуды қарастырып жатса, әлемнің өзге елдері басшы жалақысын жариялауды құпия көріп, жұмбақтамайды. Ал біздікі ше?

АҚШ 19 жыл ішінде 3 президентіне $68 миллион төлеген

Америка Құрама Штаттарының Президенті болу – бұл абыройлы лауазым ғана емес, сонымен қатар жақсы жалақы, америкалық президенттер Ақ үйден көшкеннен кейін де көптеген артықшылықтар мен жеңлдіктер иемдене алады.

«Америка үні» ақпараттық қызметінің дерегі бойынша, қазіргі таңда АҚШ президентінің жылдық жалақысы 400 000 долларды құрайды. Осы уақытқа дейін Президент институтында жалақы тек бес-ақ рет қарастырылған.

1789 жылы сайланған тұңғыш президент Джордж Вашингтон мен одан кейінгі 17 мемлекет басшыларына жылына 25000 доллар еңбекақы төленген. Бірінші басшының жалақысын өсіру мәселесі алғаш 1873 жылы қарастырылып, екі есе ұлғайтылғандағы жылдық бюджет көлемі – 50 000$. Екінші өсім 1909 жылы Конгресстің мақұлдауымен – жылына 75000 долларға дейін көтерілді.

1949 жылы президент Гарри Труман екінші мерзімге қайта сайланғаннан кейін оның жалақысы 100 000$ жеткен. 20 жыл өткен соң 1969 жылы сайланған Ричард Никсон тұсында бұл сома екі есеге артып, нақ 200 мың долларға шыққан. Қазіргі Ақ үй қожайнының жалақысы 2001 жылы кіші Джордж Буш сайланғаннан кейін бекітілді.

Президенттер көптеген артықшылықтарға ие: олар Вашингтон резиденциясында ақысыз баспана, бассейн, аспаз бен фитнес жаттықтырушысы көрсететін сервис, жеке кинотеатр мен боулинг аллеясы, Кэмп-Дэвид саябағы, тәулік бойы күзет , ұшақ, тікұшақ және лимузин.

Қызметі аяқталған президенттер өмірінің соңына дейін – министрлердің жалақысы деңгейінде жылына 213,6 мың доллар көлемінде зейнетақы алуға құқылы. Президенттік зейнетақының мөлшері туралы ережені 1958 жылы Гарри Труман қабылдаған. Труманның өзі зейнетке шыққаннан кейін естеліктер жазып, оларды Life журналына 600 000 долларға сатқан (қазір бұл сома инфляцияны есепке алғанда 5,7 млн ​​долларға тең).

Соңғы бірнеше ғасырда тек бес рет қана өзгертілген президенттік жалақы мөлшері. Фото: "Америка үні"

Және бір ерекшелігі, Федералды бюджет бұрынғы президенттердің бизнес шығындары – іс-сапарлар мен кеңсені жалдау шығындарын өтейді. Мұның себебін Ұлттық салық төлеушілер одағы қорының ғылыми директоры Дэмиен Брэди «Президент қызметінен кеткеннен кейін де ол мемлекет алдындағы жауапкершілікті өз мойнына алады – бұл оның шығындарын өтеуге негіз болады», – деп түсіндіреді.

Ақ үйді босатқан экс-президент алғашқы 30 ай өзінің кеңсесінде жұмысшыларды жалдай алады, ал олардың жалақысы федералды бюджеттен төленеді. Жалақы қорының лимиті жылына 150 000 долларды құрайды. Атаулы дедлайннан кейін бұл қаражат 96 000$ көлемінде қықарады.

2000 жылдан бастап салық төлеушілердің қалтасынан қауіпсіздік жөніндегі шығындарды қоспағанда, бұрынғы президенттерді қаржыландыруға 68 миллион доллар жұмсалды, деп хабарлайды Салық төлеушілердің Ұлттық одағы.

ХХІ ғасыр табалдырығын аттағалы бері бюджет үшін қымбатқа түскен, бір басына қазынадан 21 миллион доллар жұмсалған басшы – Билл Клинтон болды. Сонымен бірге Клинтонның жеке байлығы 70 миллион доллардан асады. Ақ үйден шыққаннан кейін өтемақы ретінде Барак Обама жыл сайын 1.4 миллион доллар, ал Джордж кіші Буш жылына 1,2 миллион доллар алады. Айта кетерлігі, екі экс-президенттің де өздеріне тиесілі екі миллион долларлық байлығы бар.

Брэдидің пікірінше, биліктің мұндай атымтай жомарттығы миллионерлерге субсидия.  Дәулеттілердің тууына қолдау. Бұрынғы президенттер қызметінен кейін де конференцияларға қатысып, кітаптар шығарумен әрі басқа бизнес-жобалармен айналысып келеді. Мысалы, Барак Обама мемлекеттік карьерасын аяқтаған соң өндірістік компания құрды. Қазір Netflix-тің тапсырысы бойынша фильмдер түсіруде. Обаманың 21-ші тамызда «Американдық зауыт» деп аталатын алғашқы жобасының премьерасы өтті.

Мансап жолын бизнеспен байланыстырған танымал кәсіпкер Дональд Трамп саяси карьерасына дейін-ақ бойына дәулет сіңіп, жемқорлыққа жаны қас лидер ретінде қалыптасқаны әмбеге аян. Forbes журналында жеке табысы 3,7 миллиард долларды көрсеткен Трамп президенттік қызметіне кірісер алдын 400 мың долларлық жалақыдан бас тартып, Жоғары Сот талабымен символикалық мәнде 1$ еңбекақы алуға міндеттелген. Сондықтан болар «тентек» саясаткердің лауазымды баю көзі емес, АҚШ амбициясын күшейтіп, мүддесін қорғайтын мүмкіндік деп білетіні.

Президенттік қызмет пен биліктен кейінгі төлемдер америкалықтарды алаңдата қоймағанымен, қаржыландырудың лимитін қайта қарау ұсынысы оқтын-оқтын саяси мінбелерден айтылып келеді. «Ешбір жан президенттердің күнкөрістік деңгейде өмір сүргенін қаламайды» дейді Брэди. Алайда Ұлттық одақ басщысы салық төлеушілердің қаржысын үнемдеу мақсатында өтемақы төлеудің қолданыстағы ережелеріне өзгертулер енгізуді ұсынады.

Экс-президенттерге арналған өтемақы мөлшерін жылына 200 000 доллармен шектеуге 2016 жылы талпыныс жасалған еді, бірақ Барак Обама заң жобасына келіспейтінін айтып, вето қойған тұғын. Дегенмен бастама  басылып қалмай, биыл мамырда Конгреске экс-президенттерге жеңілдіктерді шектеуге бағытталған тағы бір заң жобасы ұсынылды. Бюджетті үнемдеуге бағытталған құжат әлі күнге дейін Конгресстің мамандандырылған комитеттерінде қаралуда.

АҚШ президенттерінің жеке байлығы. Фото: "Америка үні"

Қай президент қанша алады?

АҚШ президенттігі – басқа мемлекеттердің көшбасшыларымен салыстырғанда ең табысты лауазым деп айта алмаймыз. Әлемдегі ең жоғары төленетін президент Сингапур көшбасшысы– жыл сайын ол 1,4 млн доллардан астам жалақы алады. Топ-5 құрамына Ирак (809 673 доллар), Камерун (620 976 доллар), Гонконг (568 400 доллар) және Австрияның (410 000 доллар) жетекшілері  кіреді. Ирландия президенті Ақ үй президентіне қарағанда 1000 долларға артық алады – 401 000 доллар.

Сауд Арабиясының королі Салман шайқы жылына $9,6 млрд еңбекақы алады. Фото: ашық дереккөз

Алайда, Middle East Eye басылымының мәліметтері бойынша, абсолютті рекорд Сауд Арабиясының королі Салман шайқыға тиесілі. Әлемдегі ең қымбат тарификациямен төленетін монарх ай сайын 800 миллион доллар көлемінде, яғни жылына 9,6 миллиард доллар еңбекақы алады.

Ал Еуропа жұртынан Ватикан басшысы Рим Папасы, таяу шығыстағы Иранның жоғарғы аятолласы мен  Лихтенштейн ханзадасы ресми түрде өз мемлекеттерінің бюджеттерінен көк тиын да алмайды. Кубаның президентіне жылына бар-жоғы 360 доллар, Лаос президенті 1630 доллар көлемінде ғана төленеді.

Ресей президентінің еңбекақысы Суринам, Колумбия және Уругвай басшыларымен шамалас. Ресми жылдық табысы 136 000 долларға тең.. Беларусьтің «қозғалмайтын» көшбасшысы Александр Лукашенко ресми статистикаға сәйкес жылына 33 600 доллар табысқа қол жеткізсе, ал Украина президентінің жылдық жалақысы 11 600 долларды құрайды. Чехия президентінен 123 долларға артық.

 

Қазақстан президентінің саяси қызметінің жалақысы қанша?

Қазіргі жариялылық заманында жалақысын жасыру – қоғамда көлеңкелі кіріс көзіне қатысты күдік тудыратын деңгейге жеткен. Әйтсе де Орта Азия елдерінде бұл әлі жұмбақ күйде, тек Қырғызстанның ғана экс-президенті Роза Отынбаева (30 мың сом, 2016 ж. мәлімет) өз қызметі тұсында ғана ресми түрде жариялаған еді. 2016 жылғы орыстілді БАҚ-тың бейресми деректері бойынша сол кездегі президент Н.Назарбаевтың айлығы 1700 доллар көлемінде болған.

Жалақысы нақты болмағанымен, заң бойынша қазақстандық бірінші президентке АҚШ экс-президентінен кем емес «артықшылықтар» берілген. 2000 жылғы 20 шілдеде жарық көріп, 2010 жылғы 14 маусымдағы түзетулермен толықтырылған  «Қазақстан Республикасының Тұңғыш Президенті – Елбасы туралы» №83-ІІ Конституциялық заң шеңберінде экс-президент Н.Назарбаев пен оның отбасы мүшелеріне қатысты біраз мүмкіндіктер мен кепілдіктер заңдастырылған.

ҚР-ның экс-президенті Н.Назарбаев артынша қоғамдық мэмге айналған, атақты «екі сиыр туралы» экономикалық кеңес беру сәті. 21 тамыз 2019 жыл. Фото: Азаттық/Е.Амирханов

Өкілеттілігін тоқтатқаннан кейінгі Тұңғыш Президенттің құзіретіне қатысты

  • өмір бойы «тиіспеушілік»;
  • кеңсесін толық түрде қамтамасыз ету;
  • барлық байланыс түрлерімен қамтамасыз ету;
  • өзі мен отбасы мүшелерін өмір бойы күзетпен қамтамасыз ету;
  • өз өкілеттігін тоқтатқан кезде қызметтік пәтер мен мемлекеттік саяжай меншігіне берілу;
  • өмір бойы жүргізушілерімен бірге жеке автомобиль, ал онымен бірге тұратын отбасы мүшелеріне қызметтік автокөлікті пайдалану құқығы берілу;
  • «жеке меншігінде» Елбасының қоры, жеке кітапханасы мен жеке мұрағатының болу;
  • медициналық және санаторий-курорттық қамтамасыз ету;
  • жасына қарамастан Президент лауазымдық жалақысының 80 проценті мөлшерінде ай сайын зейнетақы алу;
  • Н.Назарбаевпен бірге тұрған әрбір отбасы мүшесіне ол қайтыс болған күнге дейін ҚР заңдарында белгіленген қарттығына байланысты зейнетақының 10 еселенген ең төменгі мөлшеріне тең сомада ай сайынғы жәрдемақысы өмір бойына тағайындалу;

кепілдіктері берілген.

Сонымен қатар, «Елбасының қорын толықтыру мен ұстауға және оның үй-жайларын күзетуге, жеке кітапханасы мен жеке мұрағатын сақтауға көзделген шығыстарды қаржыландыру республикалық бюджет қаражаты есебінен жүзеге асырылады». «Елбасына және онымен бірге тұратын отбасы мүшелеріне тұрғын үй, медициналық, санаторий-курорттық, көліктік және өзге де қызмет көрсетуді уәкілетті мемлекеттік органдар қамтамасыз етеді».

Қызметін тоқтатқаннан кейін де «Елбасының өмірі мен денсаулығы республикалық бюджет қаражаты есебінен Қазақстан Республикасы Президентінің жылдық лауазымдық жалақысына тең сомада міндетті мемлекеттік сақтандырылуға тиіс».

Тырнақша ішінде берілген «мүмкіндіктер» заңнан алынған үзінді фрагменттер. Қазақстанның қазіргі президенті Қасым-Жомарт Тоқаевтың қанша жалақы алатыны әзірге беймәлім. Бірақ демократиялық құндылықтармен етене жақын мемлекет басшысы жариялылық пен ашықтықты өзі бастап, қол астындағы өзге үкімет құрамы, парламенттік өкілдер мен әкім-қараларға үлгі көрсетеді деген ниеттеміз.

"The Qazaq Times"