Ел азаматтары мен шетелдік кадрлар арасындағы алалауға, еңбекақы айырмашылығына ақыры министр мойын бұрды.
Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрі Біржан Нұрымбетов Атырау облысындағы мұнай және газ өңдеу зауытына сапары кезінде жылдар бойы қоғамның басы ашық мәселелерінің бірі қазақстандықтар мен шетелдік мамандардың жалақыларындағы айырмашылық туралы мәлімдеме жасады. Билік тарапынан алғашғы мойындау сияқты көрінді.
Зауыт ұжымымен кездесуде Нұрымбетов өзі басқаратын ведомство бас прокуратурамен бірлесіп, шетелдік жұмыс күшін тартқан елдегі 50 шақты кәсіпорынға тексеріс жүргізгенін айтты.
– Осы жылдың 8 қазанында 49 кәсіпорында тексеріс аяқталды, 791 еңбек және көші-қон заңнамасын бұзу дерегі анықталды. Оның ішінде жалақы және сыйақы төлемдеріндегі сәйкессіздік те бар – 24 кәсіпорында 476 дерек. Мысалы, Атырау облысында "Нефтестройсервис ЛТД" ЖШС жергілікті инженерге бір сағаттық тарифтік мөлшерлемені 568 теңге, ал осыған ұқсас қызметтегі шетелдік жұмысшы үшін 6500 теңге етіп белгілеген. Мұндай тәжірибеге жол берілмейді, – деді министр.
Оның сөзінше, 2019 жылға шетелдік мамандарға 48,7 мың (жұмыс күшіне 0,54%) орын квота ретінде бөлінген. 2019 жылғы 1 қыркүйектегі жағдай бойынша 2425 компанияға жергілікті органдар 18 мың 533 шетелдік кадрға рұқсат берген және мерзімі ұзартылған.
Нұрымбетов жұмыс берушілер Қазақстан азаматтары мен шетелдік жұмысшыларға бірдей еңбек жағдайын жасап, бірдей жалақы төлеуі керек дейді.
Еңбек, әлеуметтік қорғау және көші-қон комитетінің мәліметіне қарағанда, биыл Атырау облысында 364 жұмыс беруші 9 мыңнан астам шетелдік азаматты жұмысқа тартқан, олардың 63-і (0,7%) бірінші санатқа (басшылар мен олардың орынбасарлары), екіншісі (менеджерлерге) құрылымдық бөліністер) – 1 475 (16,5%), үшінші (мамандар) үшін – 5 332 (59%), төртінші (білікті жұмыскерлер үшін – 1 146 (13%), маусымдық жұмыскерлер – 910 (10.11%) Ішкі корпоративтік аударым бөлігі ретінде аударылған – 78 (1%).
«Сондай-ақ, республика бойынша тексеру барысында шетелдік қызметкерлердің берілген рұқсатқа немесе жасалған еңбек шартына сәйкес келмейтін мамандық бойынша жұмыс атқаруының 183 фактісі анықталды. Жүргізілген жұмыс нәтижелері бойынша 447 рұқсат кері қайтарылды. Анықталған тәртіп бұзушылық фактілері бойынша жұмыс берушілерге 50 ұйғарым беріліп, 33,7 млн теңгеден астам сомаға 83 әкімшілік айыппұл салынды», –деп толықтырды Біржан Нұрымбетов.
Жауапты органдар мен кәсіпорындардың алалаушылығы әлі де түпкілікті шешімін таба қойған жоқ. Соңғы кездері жиілеген жұмысшы азаматтардың бас көтерулері орын алмаған жағдайда ұзақ уақыт қордаланған сең қозғалмас та еді.