Қазақстан қор биржасында болған таңғы сессия кезінде ұлттық валютаның долларға қатысты бағамы 345 теңгеге дейін әлсіреді.
5 қазан күнгі таңғы сессия қорытындысы бойынша доллар курсы 344,88 теңгені құрады. Сауда көлемі 12,8 млн долларға дейін жетті. Сессия кезінде доллар курсы 345,37 теңгеге дейін қымбаттап, сессияның жабылу кезінде де осы деңгейін сақтады.
Доллардың мұндай максимум көрсеткіші осы жылы тіркелмеген. Соңғы рет жоғарғы көрсеткіш 2016 жылдың қараша айында болған. Осылайша бұл осы жылғы максимум деңгей болып отыр.
Kurs.kz сайтының мәліметінше, Алматы және Астана қалаларында доллар 346-346,5 теңге аралығында сатылып жатыр.
Айта кетейік, бұдан бұрын Ұлттық банк төрағасы Данияр Ақышев Үкімет отырысында валюта бағамының бірден құбылып кетуіне еш негіз жоқ екенін айтып, теңге нығайып, шетел валютасын сатып алып жатқандар ұтылып қалуы мүмкін екенін мәлімдеген еді.