Егерде Ирак Күрдістаны аймақта өткен референдумнан кейін тәуелсіздігін жариялайтын болса, онда күрд халқы аш қалады – деп хабарлайды Reuters ақпарат агенттігі Түркия президенті Режеп Тайып Ердоғанға сілтеме жасап.

Режеп Тайып Ердоған қыркүйектің 25-і күні Ирак Күрдістанында өткен референдумға байланысты мәлімдеме жасаған. Ол онда: «Ирак Күрдістаны тәуелсіздігін жариялайтын болса, біз оған қарсы әскери және экономикалық қысым жасайтын боламыз. Біз Күрдістанмен арадағы мұнай құбырын жауып тастайтын болсақ, күрд билігі қыруар қаржыдан қағылады. Егерде біз Ирак шекарасына өз жүк көліктерімізді жіберуді тоқтатып, шекараны жауып тастайтын болсақ, онда күрд халқы аш қалады. Біз соңына дейін Ирак Күрдістаны басшысы Масуд Барзаниге сендік. Оны аймақта референдум өткізбейді деп ойладық. Бірақ референдумды ешкімнің келісімінсіз өткізу арқылы Барзани бізді «сатып» кетті» - деген.

Естеріңізге салайық, қыркүйектің 25-і күні Ирак Күрдістанында тәуелсіз ел болуға байланысты референдум өткен болатын. Референдумға аймақ халқының 76 пайызы қатысқан. Rudaw TV телеарнасының таратқан мәліметтері бойынша, дауыс беруге қатысқан халықтың 90 пайызы Күрдістанның дербес мемлекет болғанын қалайтындықтарын білдіріп, дауыс берген. Бірақ референдумның ресми қорытындысы тек 72 сағаттан кейін жарияланатын болады.

Ирак Күрдістанының тәуелсіздік алғанына Иран, Түркия, АҚШ, Ресей елдерінің барлығы қарысы. Аталмыш мемлекеттер Ирактың территориялық тұтастығын қалайды. Тек Израиль ғана Күрдістанның дербес мемлекет болғанын қолайды. Бірақ бұл аймақта Израильдің ешқандай саяси салмағы жоқ.

“The Qazaq Times”